Санаулы апталардан кейін көктемгі егіс жұмыстары басталады. Қазір жауапты науқанға дайындық қызу жүргізілуде. Осы орайда Жамбыл облысындағы дала жұмыстарына дайындық барысын зерделеп көрген едік.
2023 жылы облыста ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға ұлғайған. Ал биыл ауылшаруашылығы дақылдарын 770 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Яғни 399,4 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 76,1 мың гектарға майлы дақылдар, 11,5 мың гектарға картоп, 37,1 мың гектарға көкөніс және 16,3 мың гектарға бақша дақылдары, 219,7 мың гектарға мал азығы дақылдары егіледі.
Жамбыл облысы әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, егінге қажетті 89,3 мың тонна тұқымның 75 мың тоннасы дайын. Тұқымның дайындығы 83,9 пайызды құрайды. Жетіспейтін тұқым көлемі облысымыз бен көрші өңірлердегі тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылатын болады.
Одан бөлек, 226,3, мың гектар алқапқа 56,3 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру жоспарланса, 65,2 мың гектарға су үнемдеу (43,9 мың гектарына тамшылату, 21,2 мың гектарына жаңбырлату) технологияларын енгізу көзделіп отыр.
"Көктемгі дала жұмыстарына (ақпан-мамыр айларына) жалпы 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні облыс бойынша әлеуетті таратушы операторларды тағайындау шаралары атқарылуда. Сонымен қатар, дала жұмыстарына 7 311 ауылшаруашылығы техникаларын жұмылдыру жоспарланған. Оның 4 585-і трактор, 1 234-і соқа, 580-і қопсытқыш, 826-сы дәнсепкіш, 92-сі тұқым дәрілегіштер. Қазіргі уақытта техникаларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында биыл "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы арқылы "Кең дала" бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңге қаржы қарастырылған" дейді Н.Жігітеков.
Айта кетерлігі, 2023 жылы облыста қант қызылшасы дақылы 10,8 мың гектарға егілген болатын. Ал биыл 9,8 гектарға тәтті түбір орналастыру жоспарлануда. Яғни қызылша алқабы 1 000 гектарға азайып кеткен.
Қант қызылшасының егістік алқабының не себепті қысқарып кеткенін басқарма басшысынан сұрадық.
"2023 жылы қант қызылшасы егілген 10,8 мың гектардың 6,2 мың гектары облыстағы қуаңшылыққа байланысты жарамсыздыққа ұшырады. Қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді.
2023 жылғы қалыптасқан суармалы су тапшылығына байланысты қант қызылшасының егіс алқабы өткен жылға қарағанда 1 мың гектарға кеміп отыр. Аудандармен бірлесіп ауылшаруашылығы дақылдарына қажетті су көлемі зерделеніп, қант қызылшасына керекті су көлемінің жоспарына сәйкес егіс алқабына өзгерістер енгізілді. Алайда, ақпан айында түсетін ылғалдың мөлшеріне қарай егіс алқабын ұлғайтуға мүмкіндік бар" - дейді Нұрби Жігітеков.