Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 26 ғана ардагері қалды

1358

Жамбыл облысында кешегі қанқұйлы соғыстың көзі тірі 26 куәгері бар. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 1 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 26 ғана ардагері қалды

Ал 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында елде кемінде алты ай жұмыс істеген 2 611 тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден беріледі. Сондай-ақ 244 қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгердің ата-аналары және қайта тұрмысқа шықпаған жесірлері осынша көлемдегі қаржылай көмек алады.

Соғыс басталып, Ленинград қаласы қоршауда қалған кезде сонда жұмыс істеген 3 азаматқа 60 мың теңгеден әлеметтік қолдау көрсетілмекші. Дәл осы көлемдегі ақшалай қолдаудан фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарында тұтқында болған 2 майдангер де шет қалмайды.

Тағы бір айта кететіні Ұлы Отан соғысы ардагері мен мүгедектері жеңілдіктермен кепілдіктері теңестірілген 2 405 азаматқа 150  мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілмекші. Бұл топта Кеңес одағы әскерлерін Ауғанстан жерінен шығарған, Чернобль АЭС-індегі апат болған кездерге куә болғандар мен Семей ядролық полигонынан зардап шеккен, Тәжікстан-Ауғанстан соғысының шекарасын қорғаушылар, Ирак соғысына, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер бар.

Ресми деректерде, Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан 41 543 жауынгер ұрыс даласына аттанғаны жазылған. Сол майдангерлердің 33 275-і туған жеріне қайта оралмады. Әулиеаталық 15 367 сарбаз жат жерде жау қолынан ерлікпен қаза тапты. 17 639-ы хабар-ошарсыз кетті. Тек 8 278 жауынгерге ғана Жеңіс күнін қарсы алып, елге оралған.

Елге оралған 8 мыңнан астам жауынгердің қатары сиреп, жыл өткен сайын сұм соғыстың көзі тірі куәгерлері азайып барады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев екінші дүниежүзілік соғыста өңірден 20 Кеңес Одағының Батыры, 7 бірдей "Даңқ" орденінің толық иегері шыққанын еске салады. Ал батыста соғыс жүріп жатқанда Жамбыл облысындағы 320 мың тұрғынның 210 мыңы тылда еңбек еткен.

Жамбыл жерінде 9 мамыр күнгі мерекелік іс-шараларды "Жеңіс" саябағында өткізу жоспарланып отыр.

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы "Жеңіс" саябағына бірер жыл бұрын батырдың ескерткіші мен мәңгілік алауды көшірілген болатын. Сондай-ақ 15 гектарлық саябақ аумағына "Ерлік" мемориалды кешені, батырдың мүсінінің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының "Алтын жұлдызы" бейнеленген ескерткіш тақта қойлып, "Даңқ" мемориалы бой көтерген. Онда 105 мыңға жуық жауынгердің есімі қашап жазылған.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу