Жамбыл облысының цемент зауытында өндірістік апаттар жиілеген

324

 Зардап шеккен зауыт жұмысшылары жарылыс болған өндірістік пеште экспертиза жасалуын талап етуде.

Жамбыл облысының цемент зауытында өндірістік апаттар жиілеген Фото: Life09

Оқиға былай болған: "Жамбыл Недр" ЖШС-нің цемент зауытында 21 қыркүйекте түнгі ауысымда өндірістік пеште жарылыс орын алады. 5 адамды күйік шалып, ауыр халде ауруханаға жеткізіледі.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, 90 пайыз 4-дәрежелі күйік шалған екі жұмысшы қайтыс болған. Оның біреуі – Өзбекстан азаматы екен.

"Зардап шеккен екі маманға зауыт басшылары 150 мың теңгеден ақша беріп, дәрігердің ескертуіне қарамастан, қолхат жаздырып алып ауруханадан шығарып жіберді. Бұл оқиға менің көз алдымда болды. Төсекке таңылып, ем алып жатқандықтан, "Бұларың не?" деуге мұршам келмеді. Менің екі қолымды, бетімді, желке тұсымды күйік шалды. 19 пайыздық 3-дәрежелі күйік. 20 күн аудандық ауруханада ем алдым", - дейді зауыттың оператор-гранулятор маманы Елдос Жолдыбаев.

Оқиға куәгерінің сөзіне сүйенсек, ол ауруханада жатқанда зауыт директорының орынбасары М.Омаров пен бөлім басшысы өздерінің ыңғайына келетін түсініктеме жазып, ештеңеден хабарсыз Е.Жолдыбаевтың әйеліне қол қойғызып алған. Қол қойғызарда несиелеріңді толық жабамыз, айлығың 100 пайыз жүреді, күйеуіңнің емделуіне қаражат береміз деп уәде береді.

Жұмысшылар өндірістік пештегі жарылыстың неден болғаны анықталып, экспертиза жасалса дейді. Себебі мұндай оқиғалар соңғы жылдарда зауытта жиілеп кеткен.

Тіпті жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген екен. "Берілетін қолғаптар синтетикалық материалдардан жасалған, ал ол өрт бола қалған жағдайда аса қауіпті. Каскалардың өзі ескі", - дейді мамандар.

Бір таңғаларлығы, еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын облыстық еңбек инспекциясы апаттан зардап шеккендердің құқығын қорғаудың орнына жағдайды зауыт басшыларының мүддесіне сай шешуге тырысқан.

"Оқиғадан кейін бірер күн өткен соң, инспекцияның 3 өкілі келіп зауыт лаборантына менің атымнан түсініктеме жаздырып, маған қол қойдырмақшы болды. Мен қол қоюдан бас тарттым. Ал 18 қазан күні зауыт директорының орынбасары М.Омаров мырза кешкі уақытта маған қоңырау шалып, бас директор қызметіндегі украина азаматы Б.Полудо мырза шақырып жатқанын айтты. Сөйтіп 19 күні азанда сағат 08.00-де құжаттарға қол қойдарамыз деген сылтаумен зауытқа әкелді. Маған бес жүз мың теңге ұсынып, "2  айлық жалақыңды төлейміз, ешқандай арыз жазба", - деді. Бірақ мен келіспей қайтып кеттім", - деп мән-жайды тарқатты Е.Жолдыбаев.

Зауыт жұмысшыларының айтуынша, онда еңбек ететіндердің көбісінің медициналық сақтандырулары да жоқ көрінеді. Күйік шалып, уақытша еңбекке жарамсыз жұмысшылардың айлығы толық төленбеген. Ал зардап шеккендер ауруханада ем алып жатқанда, жұмысшылардың МӘМС қорына ұсталатын ақшасы уақтылы аударылмағаны белгілі болған.

"Кеше аудандық полиция бөлімшесіне бардым. Полиция қызметкерлері ауруханада жатқандықтан, келіп орын алған жағдай туралы сұрай алмағандықтарын айтты. Осы оқиғаға қатысты 156-баптың, 4-тармағы бойынша іс қозғалғанын жеткізді. Бізге ешқандай өтемақы төленбеді. Апатқа дейінгі айлық жалақымды ғана алдым. Еңбекке жарамсыздық кезеңінде төленетін төлем де толық берілген жоқ. Бірақ соның бәрінен бұрын жаныма батқаны – пештегі жарылысқа бізді кінәлі қып шығармақ болғандары", - дейді оператор-гранулятор маман.

Осы мәселеге қатысты Жамбыл облыстық мәлихатының депутаты, мәслихаттағы "Еңбек" депутаттық тобының жетекшісі Ерұлан Мағзымбеков жарылыстардың алдын  алу үшін өндірістік апаттың себебін анықталуы керек дейді.

"Шағымданушылардың сөзіне сүйенсек, апаттың салдарын жоюда бірқатар олқылықтарға жол берілген. Апаттың себебін анықтау үшін зерделеу жұмыстарын жүргізуге назар аударылуы керек", - дейді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу