Жамбыл облысының 1 миллион 223 мыңнан аса халқы бар. Оның 81,6 пайызы (956 968 адам) МӘМС-пен қамтылған, ал 17,6 пайызы (216 373 адам) сақтандырылмаған. Тұрғындардың 4 пайызы (49 808 адам) емханаға тіркелмеген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, жарналар мен аударымдардың жалпы түсімі 2017 жылдан бастап осы жылдың қыркүйегіне дейін 100 миллиард 291 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде биылғы 10 айдағы түсім 23 миллиард 496 миллион теңгені құраған. Осы жылы облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 131,1 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 60 306 миллион теңге қарастырылған. МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін облыстың денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 52 387 миллион теңге болса, қазіргі уақытта 4 еседен аса өскен.
"2024 жылғы 25 қазандағы жағдай бойынша облыста "Отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесін бекіту туралы" бұйрыққа сәйкес айқындалған А, B, С, D, E санаттары бойынша емханаларға тіркелген тұрғындарды есептегенде сақтандырылмаған халықтың саны 216 373 адамды құрады. Оның ішінде мүшкіл деңгейдегі Е санатындағылар – 21 806, дағдарыста жүрген D санатындағылар – 69 523, жағдайы төмен С санатындағылар – 76 044, қанағаттанарлық деңгейдегі B санатындағылар – 44 838, ал жағдайы жақсы А санатындағылар саны – 4 162 адам.
Жалпы 2023 жылдың 16 қарашасымен салыстырғанда оң динамика байқалады. Яғни сақтандырылмаған азаматтар саны 34 314 адамға азайған. Ал 2024 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда 9 000 адамға кеміген.
"Цифрлық отбасы" картасы бойынша сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары өңірлер арасында Қордай ауданы 21,7 пайызбен көш басында тұр. Меркі ауданында бұл көрсеткіш 21,6 пайыз болса, Шу ауданында 21,2 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр.
Қазіргі уақытта облыс халқының ішкі және сыртқы миграциясына байланысты тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша сақтандырылмаған 216 373 адам болса, оның ішінде 32 222-сі соңғы 12 айда еш төлем жүргізбеген. 11 983-і азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алушылар болса, 84 527-сі жұмыс берушілер төлейтін төлемдер мен жарналардың тұрақсыздығына байланысты жүйеден шығып қалған жалдамалы қызметкерлер немесе жұмысқа кіргеніне 1 жыл толмаған қызметкерлер. 56 991-і бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болса, 18 857-сі жарна төлемеген жеке кәсіпкер, ал 9 825 мыңнан астам адам дербес төлеушілер санатында", – деді Ғайни Түленқызы.