Жамбылда 7 жылда 11 медициналық ұйым жекешелендірілген

541

Үш жыл бұрынғы жекешелендірудің 4 жылдық кешенді жоспарына сай, 3 емхана тендер арқылы сатылған.  

Жамбылда 7 жылда 11 медициналық ұйым жекешелендірілген Фото: Inbusiness.kz

Ал бір медициналық ұйым тікелей адрестік сату арқылы, қалған жетеуі кейіннен сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген.

Емдеу мекемелерін жекешелендіруге беруден табыс артып, шағым азайды ма?

Бағалау компанияларының жасаған есептеулеріне сәйкес, кәсіпорындардың нарықтық бағасы 4 697 316 мың теңге деп бағаланса, сатылу бағасы 15 289 253 мың теңгені құраған. Яғни 325 пайызға артқан. Тендер арқылы Тараз қаласындағы №1, 3 және 4 емханаларды сатудан 1 858 103 мың теңге, офтальмологиялық орталықты тікелей адрестік сатудан 750 834 мың теңге, барлығы 2 608 937 мың теңге қаражат облыстық бюджетке аударылған.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, сенімгерлік басқаруға берілген емдеу мекемелерінің келісім-шарттағы мерзімі беткенде, талаптар орындалса, жекеменшік иелігіне сатылып, 12 680 316 мың теңге қаражат бюджетке түседі екен.

7 жыл бұрын аталған медициналық ұйымдардың басым бөлігі жылды шығынмен аяқтап келген. Мамандар сенімгерлік басқаруға берілген соң кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық жағдайы жақсарғанын, есепті кезеңдерден шығынсыз шыққанын айтады.

Айталық Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасы жекешелендіруге дейін, яғни 2015 жылды 294,5 мың теңге шығынмен аяқтаған. 2016 жылдан бастап шығын азайып, 2022 жылы 210 668 мың теңге табысқа қол жеткізген.

"Жекешелендіруге дейін Тараз қалалық №9 емханасы жылды 1717,7 мың теңге табыс тапса, былтыр оның көлемі 241 934,8 мың теңгеге жеткен. Орта есеппен жеке меншік иесіне сенімгерлік басқаруға бергенге дейін медициналық ұйымдар 272 024,2 мың теңге шығын көрсе, меншік иесі өзгергеннен кейін 975 127,7 табыспен қорытындылаған", - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.

Қазіргі кезде өңірде кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген 6 емдеу мекемесі бар.

Аталған медициналық ұйымдарда қызмет бейіндері, штаттық сандары сақталған. Сала басшыларының айтуынша, меншік иелері келісімшарт бойынша алған міндеттемелерін орындап отыр. Келісім-шартта көрсетілген талаптар бойынша меншік иелері емхана, дәрігерлік-амбулаториялық пункт құрылыстарын жүргізу, медициналық құрылғылар сатып алу, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Талапқа сәйкес, Тараз қалалық №6 емхананың сенімгер басқарушысы "Жаншуақ" Медициналық орталығы" ЖШС есепті кезеңде емханаға жапсарлас жаңа ғимарат тұрғызған.

Ал шаһардағы №2 емхананың сенімгер басқарушысы "Жан-Нұр" медициналық орталығы" Талас шағын ауданынан іске қосқан дәрігерлік-амбулаториялық пункт салып, емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Құрылысқа 317 092 мың, медициналық құрылғылар сатып алуға 124 173,7 мың теңге, барлығы 441 265,7 мың теңге инвестиция салған.

№9 емхананың сенімгер басқарушысы жеке тұлға Г.Қарсабекованың медициналық қызметті жақсарту мақсатында салған салымының көлемі  301431,7 мың теңгені құрайды. Есепті кезеңде емханаға қосымша дәрігерлік-амбулаториялық пункт ашылып, негізгі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген.

"Айша бибі" санаторийінің сенімгер басқарушысы "Техстройпроект-2017" ЖШС осы мақсатта 375 965,2 мың теңге жұмсаған.

"Серіктестік басшысы бұл инвестицияны 50 келушіге арналған жатақ корпусы, көлемі 50 шаршы метр болатын су мұнарасы, кәріз жүйелерін және сүзгі алаңдарын жаңғыртуға, сумен жабдықтаудың барлық жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізуге жұмсады. Шипажайға 54 бейнекамера орнатып, 21 орындық "GOLDEN DRAGON XML6700J18C" маркалы микроавтобусын сатып алды", – дейді Жанар Мықтыбекқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу