Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның алдында тұрған басты міндет. Егер азық-түлік бағасы қымбаттаса халықтың да берекесі қашады. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Алайда баға әлі де "байлауға" көнбей тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2 пайызды құрапты.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 9 тауар түрінің бағасы өсіпті. Атап өтсек, нан бағасы 18,2 пайызға, тауық жұмыртқасы – 13, айран – 1,7, тұз – 1,5, тауық еті ؘ– 1, күріш – 0,7, тұздалмаған сары май – 0,7, сүзбе – 0,6, сиыр еті 0,6 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар алдағы уақытта қанттың бағасы көтерілуі мүмкін екен. Қаңтар айының басында қанттың көтерме бағасы келісіне 290 теңге болса, қазіргі таңда 385 теңгеден өткерілуде. Ал наурыз айының соңына дейін қанттың көтерме бағасы 420 теңге болады күтілуде.
Басқарма басшысы сондай-ақ соңғы бір апта ішінде 4 тауар түрінің бағасы көтерілгенін жеткізді. Атап айтқанда, күріштің бағасы 441 теңгеден 443 теңгеге, сиыр етінің келісі 2 362 теңгеден 2375 теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ тауық жұмыртқасы 535 теңгеден 540 теңгеге, тұздалмаған сары май 3 520-дан 3 543 теңгеге өсіпті.
Ал Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, департамент өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын атқаруда. Департамент тарапынан Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары жоғары болуына байланысты шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда жолымен сатып алу бағасының он бес пайызынан аспауы бойынша тиісті іс-шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, ақпаратты тауар өндірушілердің, сауда субьектілерінің және жергілікті тұрғындардың назарына жеткізу үшін жадынамалар мен қоғамдық мониторинг жасау алгоритмі ұсынылған екен.
"Жыл басынан бері департамент арқылы 6 тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 3 кәсіпкер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 2 көтерме бағамен сататын дүкенге 156 мың 910 теңге көлемінде айыппұл салынып, ҚР "Сауда саласын реттеу туралы" Заңының талабына сәйкес сауда үстемесін ретке келтіру туралы ұйғарым берілді. Аталған ұйғарымдардың талаптары көрсетілген мерзімде орындалды. Қалған бір өтініш бойынша фактілер анықталмады.
Мәселен, биыл Шу ауданында 2 дүкенге тексеріс жүргізіліп, біріншісіне ескерту беріліп, екіншісіне айыппұл салынды. Қордай ауданында екі дүкенге тексеріс жүргізіліп, ескерту түріндегі әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл шаралар Қордай аудандық қоғамдық кеңесі мүшесінің және Шу ауданының белсенді тұрғынының арыздары негізінде жүргізілді.
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қоғамдық мониторинг жасау үшін тиісті алгоритм құрастырылды. Аталған алгоритмге сәйкес Тараз қаласында және әр ауданда қоғамдық мониторинг жасау үшін штабтар құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ондағы негізгі мақсат – облыс аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін белгіленген мөлшерден асырып сату ықтималдылығы бар дүкендерді заңнамаға сәйкес жөнге келтіру. Штабқа қоғамдық кеңес мүшелерін, мәслихат депутаттарын, блогерлерді, қоғам белсенділерін, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізу ұсынылды", – деді Б.Дүйсебаев.