Ауылдағы 45 жыл бұрын пайдалануға берілген ауыз су жүйесінің әбден тозығы жеткен. Су торабынан ауыз су күн сайын белгілі бір уақытта сағаттап қана беріледі. Тұрғындар кейде су жетпей қалып, барын үнемдеп ішуге тура келетінін айтып, шағымданды.
Қариялардың айтуынша, кезінде біраз уақыт ауылға ауызсу Тараз қаласынан, суы жарамды елді мекендерден тасып берілген екен.
Ақкөл ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 37 километр "Бөріқазған – Тәңірқазған – Ақкөл" су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 1978 жылы пайдалануға беріледі. 40 жылдан аса пайдаланылған орталық ауызсу жүйесі қазір сыр бере бастаған.
Ауыл әкімі Жандос Ратовтың айтуынша, ауыз су Ақкөлге Тәңірқазған бұлағынан келеді екен. Екеуінің арасы – 28 шақырым.
"Қазір су қорының азаюына байланысты бұлақтағы бұрынғы ондық сусорғы сегіздікке ауыстырылды. Су жинайтын құдыққа бұрын тәулігіне бір мың текше метр су алынса, қазір оны екі күнде әзер толтырамыз. Тозығы жеткен жүйенің апатты жағдайы ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр. Кейде екі-үш күн бойы су берілмей қалады. Тұрғындардың шағымынан кейін "Талас таза су" мекемесі сутасығыш көлігімен тәулігіне бір мың текше метр су жеткізіп беретін болды", -деп түсіндірді ауыл әкімі.
Ақкөл ауылында 2287 халық, 411 аула бар,18 мекеме жұмыс істейді. Осынша халыққа күн сайын тасып берілетін бір мың текше метр су жетпей қалады. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша көздері қарастырылуда.
Мамандар ауылды ауызсумен қамтамасыз ету үшін бұрынғы ұңғымалардан сынама алып, сараптама жүргізген. Соның бір ұңғымасына ғана тұзды арылтатын блок-модульді орнатуға мүмкіндік беретіні анықталыпты. "Талас таза су" мекемесі блок-модульді қондырғы орнататын мекемелерге судан алынған сынаманы жіберіпті.
"Бұл жобаның орташа құны 35-40 миллион теңге болуы мүмкін. Нақтыланғаннан соң қажетті деп танылған қаражатты сұраймыз", - дейді Ж.Ратов.
Тұрғындар "ол ол ма, іргеде Аса өзені ағып жатса да, ағын суға жарымай отырмыз" дейді.
"Ауылдың іргесінде ағып жатқан Аса өзені бұрын Билікөл көлін толтырады, одан асып Ақкөл, Домалақ, Ащыкөл көлдерін және Жалқамысты толтырып, Үшаралға қарай ағатын. Ал 60-70 жылдары "Теріс-Ащыбұлақ" су қоймасы салынған соң, өзен бұғатталып, экологиялық тепе-теңдік бұзылды. Ал Ақкөл ащы көл ғой, суы тартылғаннан кейін жел тұрса, тұзды шаң ауылды басып қалатын болды. Жайылымдық жерлер тартыла түсті", - деп өткен күнді еске алады Талас ауданының Құрметті азаматы Сламбек Тілегени.
Жалпы Ақкөл көлінің сыйымдылығы 264 миллион текше метр. Қазір көлде 49 миллион текше метр ғана су бар.
Судың азайып кетуінің себебін ауыл әкімі былай түсіндірді: "Билікөл арнасынан шығаберіс жағына жасанды тоспа қойылған, соған ауыл тұрғындары шағымданып, аудандық сотта да, облыстық сотта да қаралыпты. Аппеляциялық шағым берілетін кезең өткен соң сот шешімі бойынша арнаны бұзуға мүмкіндік тумақ.