Жамбыл облысында су тасқыны қаупі бар 42 елді мекенде 197 мыңнан астам тұрғын тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов қауіпті аймақтарды тілсіз жаудан қорғау үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Бұл бағытта жұмыстар "Су тасқыны кезеңіне дайындық" және "Инженерлік іс-шаралар жоспарлары" аясында жүзеге асырылуда. Аталған жоспарларға ірі суқоймалардың толымдылығын қадағалау, гидротехникалық құрылғыларды пайдалану ережелерін сақтау, сондай-ақ каналдар мен арық желілерін тазарту жұмыстары кіреді екен.
"2025 жылғы су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында инженерлік іс-шаралар жоспары аясында тау бөктеріндегі аудандарда орналасқан елді мекендерді көлбеу және беткейлік ағындардан қорғауға арналған 27 шақырым канал мен арық-дренаж жүйелерін кеңейту, тереңдету жұмыстары және Т.Рысқұлов ауданының облыстық мәні бар жолдары бойындағы 12 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарға жалпы 36 іс-шара енгізіліп, қазіргі таңда оның 11-і орындалды. 23 іс-шара бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал қалған 2 іс-шараның орындау мерзімі 2025 жылдың қараша айына белгіленген.
Қазіргі уақытта Сарыкемер ауылындағы Куприенко, Желтоқсан, Б.Момышұлы көшесі мен Бәйдібек баба бұрылысы маңындағы Талас өзені жағалауын нығайту қажет. Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында орналасқан "Ақжар" каналына механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Одан бөлек осы жылдың қыркүйек айында аудандардың су тасқыны кезеңіне дайындығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдаланылуы бойынша тексеру жүргізілген еді. Нәтижесінде кейбір ауданда су тасқыны кезеңіне дайындық іс-шараларының уақытылы орындалмағаны анықталды. Мәселен, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы және Қордай аудандарында канал, арық желілерін тазарту жұмыстары толық орындалмаған. 18 елді мекенге ықтимал қауіп төндіретін 12 гитротехникалық құрылғы әлі күнге дейін жергілікті құлақтандыру жүйесімен (қауіп төнгенде белгі беретін құрылғы) қамтамасыз етілмегендігі анықталды. Жүргізілген тексеріс нәтижелері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қаралып, мүдделі органдарға қажетті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді", – дейді А.Тоқанов.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды уақытылы жою мақсатында облыс бойынша 6 900 тонна инертті материал, 16 140 тонна жанар-жағармай және 31 200 дана дайындалды. Сондай-ақ 396 зардап шеккен халықты қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалып, тамақтандыру бойынша 58 келісімшарт жасалыпты. Су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында облыс аумағында төтенше жағдайларды жою үшін 1 138 адам, 781 бірлік техника, 112 су айдау құралы, 2 ескекті қайық секілді күштер мен құралдар дайындықта тұр.