Жамбылда шілде түспей жатып, ішек аурулары көбейген

603

Өңірде жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың деңгейі өскен. 

Жамбылда шілде түспей жатып, ішек аурулары көбейген Фото: ашық дереккөз

Ішек ауруларының деңгейі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 7 пайызға асып жығылған. Әсіресе, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында аурушаңдық жоғары.

Мамандардың айтуынша, төрт айда 218 жас жеткіншек ішек инфекциясымен ауруханаға түскен. Пайызға шаққандағы көрсеткіші – 74, 7.

"Бір жасқа толмаған балалар арасында да ішек ауруларына шалдығу көбейген. 91 нәресте сырқаттанып, ауруханада ем алды. Көбінесе ішек инфекциясы ыстық кезеңнің басталғанда өршиді. Жазда дизентерия, іш сүзегі, паратифтермен ауырғандар көп тіркеледі. Жамбыл облысында ішек инфекциясы тобының аурушаңдығын тіркеу ерте көктемнен басталып, желтоқсан айының басына дейін жалғасады", - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейлә Муликова.

Эпидемиологтар климаттық және географиялық ерекшеліктеріне байланысты жіті ішек инфекциялары Жамбыл өңірі үшін әрқашан өзекті мәселе екенін алға тартады.

Мамандардың жіті ішек инфекцияларының таралуының себептеріне талдау жүргізіп, жұқтыру жағдайларының 71,3 пайызы тамақ арқылы – яғни, дұрыс дайындалмаған немесе бүлінген тағамдардан болатынын анықтап отыр. 9,7 пайыз жағдайда балаларға арналған қосымша тағамдарды жиі тұтынатын отбасыларда нәрестелер ішек ауруларына жиі шалдығатыны белгілі болды.

Тіркелген сырқаттанушылық жағдайларының 28,76 пайызында жамбылдықтар жеке гигиена ережелерін сақтамаған және жұқтырғандармен байланыста болған.

Эпидемиологтар жедел ішек инфекцияларының салдары адам ағзасына, әсіресе балалар үшін өте қауіпті екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу