Жамбылда тазалыққа немқұрайлы қараған әкімдер 277 мың теңге айыппұл арқалады

251

Ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 91 заңсыз қоқыс орны бар екені анықталған. 

Жамбылда тазалыққа немқұрайлы қараған әкімдер 277 мың теңге айыппұл арқалады Фото: vyvoz.org

Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемінің жыл санап артуы және кәдеге жаратылу көрсеткішінің төмендігі – Жамбыл облысындағы өзекті мәселенің бірі. Ғарыштық мониторинг нәтижесі бойынша облыс аумағында 91 заңсыз қоқыс орны бар екені анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Заңсыз полигондарды азайту мақсатында Жамбыл облыстық экология департаменті тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, бүгінге дейін 29 үйінді тазартылған.

"Ғарыштық бақылаудың нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөнінде нұсқамалар беріледі. Егер олқылық түзелмеген жағдайда жауапкершілікке тартылады. Бүгінгі күні тиісті аумағын бақылауда ұстай алмаған бірқатар әкімдер жазаланып, айыппұл арқалады.

Жамбыл ауданының 5 ауылдық округінің әкімін, Талас ауданы әкімінің орынбасарын, Қордай ауданының 2 ауылдық округінің әкімін, Байзақ, Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 276,900 мың теңге айыппұл салынды. Бұл тек Жамбыл облысының ғана емес, жалпы республиканың жүйелі проблемасы деп санаймыз. Өйткені аудан орталықтары мен ауылдарда заманауи полигондар жоқ", - деді Жамбыл облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ермек Құралбаев.

Департамент мамандары пайда болған қалдықтардың 60 пайызы елді мекен тұрғындарынан, 30 пайызы кәсіпкерлік субъектілерінен және 10 пайызы мемлекеттік мекемелерден құралған. Осы орайда айта кету керек, облыста экологиялық және санитарлық талапқа сәйкес келетін ешқандай тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар жоқ. Қалдықтар бөлінген жер учаскелеріне бей-берекет орналастырылған.

"Аймақтағы қоршаған ортаға өндірістік қалдықтардан түсіп отырған салмаққа талдау жасайтын болсақ, бүгінгі күні өндірістік қалдықтардың жинақталу көлемі 196,848 миллион тоннаны құрап отыр. Осы көлемнің ішінде 11,317 миллион тонна техногендік минералды түзілімдерді құрайды. Өндіріс орындарынан радиоактивті қалдықтар түзілмеген.

Жоғарыда аталған қалдықтардың түрлері қалдықтар класссификаторларына сәйкес, "Жасыл тізімге" енгізілген. Яғни экологиялық жағынан қауіпсіз қалдықтар қатарына жатқызылады.

Осы ретте аймақта өткен 2023 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда өндірістен құралған қалдықтар көлемі 1945,90 мың тоннаға артып отыр. Бұл көлемнің артуы "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты "Минералды тыңайтқыштар зауытынан" шығатын фосфогипс көлемінің артуына қатысты.

Департамент өз қызметінде өндіріс орындарынан шығатын қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өндеу, сондай-ақ оларды қайталама шикізат ретінде пайдалануға көңіл бөлуде" дейді Ермек Құралбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу