Жамбылдағы "жайлы мектептердің" жағдайы алаңдатып тұр

921

Өңірде ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында 12 мектеп салу жоспарланған.

Жамбылдағы "жайлы мектептердің" жағдайы алаңдатып тұр Фото: sknews.kz

Жамбыл облысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 12 мектеп салу жоспарланған. Биыл 7 мектеп пайдалануға берілсе, қалған 5 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады. inbusiness.kz тілшісі жарқын жоба аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеп, бірқатар кемшіліктерге қанықты.

Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайрат Шотбақовтың айтуынша, "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынып жатқан нысандардың сыртқы инфроқұрылымы көңіл көншітерліктей емес.

"Жайлы мектеп" аты айтып тұрғандай шынымен де жайлы болуы керек. Бірақ, сыртқы инфроқұрылымы жоқ. Ол қалай жұмыс істейді сонда? Өздеріңіз осы сұрақ жайлы ойландыңыздар ма? Бұл мектеп қымбат жабдықпен жабдықталған. Бірақ, дәрігері жоқ аурухана секілді, оны қолданатын адам жоқ. Сол қалпы тұрады. Сондықтан, ақша текке кетіп жатыр деуге болады. Бұлай істегенше, ол ақшаны суға батқан жаққа беріңіздер. Шала құрылысты тоқтатыңыздар", - дейді Қайрат Шотбақов.

Ал Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дамир Ташқараев "Жайлы мектептерді" кәріз жүйесіне қосу бүгінде алаңдатарлық жағдайға айналғанын жеткізді.

"Білуімізше, орталықтандырылған кәріз жүйесі бар аумақтан салынып жатқан "Жайлы мектептер" ғана кәріз жүйесіне қосылады. Ал аудандардағы білім нысандары "септик" арқылы жұмыс істейді. Егер нысан қарапайым кәріз жүйесіне қосылмаса, ол қандай инфрақұрылым болғаны. Мыңдаған бала оқитын білім мекемелерінің "септикке" қосылуы ақылға қонымсыз.

Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында салынып жатқан 600 орындық мектепке қатысты да бірқатар шикілік бар. Біріншіден, тура осындай 600 орындық білім ошақтарын салуға өзге аудандардан 3,5 гектар жер бөлінсе, Шайқорыққа берілген жердің көлемі 2 гектар ғана. Мұны мәселе етіп қайта-қайта көтерудің арқасында аталған мектеп аумағын 2,4 гектарға жеткіздік. Бұдан бөлек әу баста Шайқорықта мектеп құрылысын жүргізуге белгіленіп қойған жер телімі болған. Кейін құрылыс орнын саябақтың ішіне ауыстырды. Неге ол жаққа ауыстырылғаны бізге түсініксіз. Негізі Шайқорық ауылында 1 200 оқушы білім алып жатқан мектеп бар. Жаңадан салынғалы жатқан білім ошағы мен осы 1 200 орындық мектептің арасы 100 метр ғана. Анығын айтқанда, бір мектептің қасына екінші мектепті жағаластырып салып жатырмыз. Жапсарлас тұрған қос нысан онсыз да экологиялық апаттың алдында тұрған саябақтың көркін бұзады.

Сондай-ақ, жерасты суын зерделеу жұмысын қадағалап отырған жөн. Себебі құрылыс жоспарланған жерде, яғни саябақта 1 метр жерден су шығады. Сол сияқты кәріз құбырына қосылмаған "септик" арқылы жұмыс істейтін мектептің мәселесін шешу үшін лай суды жүзбе бөлшектерден тазалауға арналған су хауызын (отстойник) ауылдың ішіне орнататыны да көңіл көншітерлік тірлік емес", - деді Д.Ташқараев.

Аталған мәселелерден бөлек, мердігерлерге нысандардың құрылыс қарқыны баяу екендігі жөнінде де сын-ескертпелер жиі-жиі айтылуда. Мәселен жуырда "Жайлы мектептердің" екінші дивизионының жетекшісі Бағдат Азбаев облысқа іссапармен келген болатын. Жұмыс сапары барысында "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамының өкілі 7 бірдей болашақ оқу орнының учаскесін аралап шығып, 4 мердігер ұйымның жұмысына төмен баға берді. Атап айтқанда, "Таразстрой-2004" (Қордай, Қаракемер ауылы), "Агроспецстрой" (Жамбыл ауданы, Шөлдала ауылы), "Integra Construction KZ" (Тараз қаласы, "Бәйтерек" ықшамауданы), "Отау-Строй" (Тараз қаласы, "Ұлы дала" ықшамауданы) серіктестіктеріне құрылыс қарқынын үдету керектігі ескертілді. Ол үшін құрылысшылар санын арттырып, түнгі кезекті ұйымдастыру жүктелді. Жұмыс сапары барысында Б.Азбаев компания басшыларының назарын материал, жиһаз бен техниканы сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беру қажеттігіне аударды. Сондай-ақ, мердігерлерге эскроу-шоттармен жұмыс істеу реті тағы бір мәрте түсіндірілді.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те өткен айдың соңында білім ошақтарын аралап, құрылыс барысымен танысып қайтты. Аймақ басшысы "Шөлдала" алқабындағы 600 орындық, "Бәйтерек" (13) ықшамауданындағы 1 200 орындық және "Ұлы дала" (15) ықшамауданындағы 2 000 және 1 200 орындық жаңа білім беру нысандарының құрылыс алаңына барды. Жұмыс қарқынының баяу жүріп жатқанын көрген аймақ басшысы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асуда. Жұмыс баяу жүріп жатыр. Бұл қарқынмен құрылысты уақытында аяқтай алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жеделдету қажет. Ең бастысы, сапаны ұмытпаған жөн. Мектеп балаларға қолайлы, қауіпсіз, қолжетімді болуы тиіс", - деді Ербол Шырақпайұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу