Мектеп балансындағы компьютерлер оқушыларға уақытша үлестіріледі

1597

Жамбылдық оқушылардың жартысынан көбінде компьютер жоқ. Ал мектеп оқушыларына төртінші тоқсанда сабақ қашықтықтан оқытылмақ.

Мектеп балансындағы компьютерлер оқушыларға уақытша үлестіріледі

6 сәуірден бастап Жамбыл облысындағы 449 мектепте (оның ішінде 442-сі мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік) оқитын 231 323 оқушы (оның 138 028-і ауыл, 93 282-і қала) төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Бұл жайында өңірдегі білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева айтып берді.

Оның сөзінше, Білім және ғылым министрлігі мектептерде қашықтықтан оқуды "Күнделік", "Daryn.online" жүйесімен жүргізуді ұсынып отыр. Ал Жамбыл облысында "Күнделік" жүйесіне 442 мұғалімдер – 100 %, оқушылар – 96 %, ал ата-аналар 95 % тіркелген. Алайда, жаңа жүйеге орай көп мәселе туындап, оқушы мен ата-анадан өзге, мектеп мұғалімдері мен білім беру мамандарының өзі түрлі сауалдарға жауап таппай жатыр. Басты проблема ұстаздар мен оқушыларда гаджеттердің болуы мен ғаламторға қолжетімділік төңірегінде болып тұр.

"Қашықтан оқуға өңірдегі барлық кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері 16 наурыздан бастап көшірілген. Бірақ 7 арнаулы орта оқу орнының 165 студентінің интернетке кіретін мүмкіндігі жоқ. Сол себептен олар қашықтан оқумен қамтылмаған. Мектептерге келсек, көктемгі демалыс кезінде 137 білім ошағы ұстаздарының шектеулі режімде жұмыс істеуі арнайы бұйрықпен бекітілмеген. Ол мектептердің басшылығы оқушыларды қалай демалысқа жіберіп, бұйрықты қалай толтыруды да білмеген", – деген департамент басшысы облыстағы компьютері жоқ оқушылардың санын да тізбектеді.

Д.Үскінбаеваның сөзінше, өңірде 1-4 сыныптарда оқитын 65 643 бала, 5-9 сыныптарда білім алатын 63 825 жеткіншек, 10-11 сыныптардағы 9 717 оқушы компьютермен қамтылмапты. Бұл цифрлардың қосындысы – 139 385 немесе Жамбыл облысындағы оқушылардың 60 %-і.

Бұған қоса, өңірдегі 123 540 баланың немесе оқушылардың 53 %-нің ғаламторға қосылатын жағдайы жоқ. Демек, Жамбылда қашықтан оқу мен мемлекеттік білім беру стандарттарының орындалмау қаупі туып тұр.

"Жамбыл облысындағы 26 610 педагогтың 7555-і немесе 28 %-і ғаламторға қосыла алмай отыр. Ал 14% інде компьютер құралы жоқ. Сонымен қатар, кейбір білім бөлімдері әлі де қажетті құрылғылардың нақты санын есептемеген. Мәселен, Талас аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасы мен департаментке екі түрлі мәлімет берген. Оның айырмашылығы 3463-ті құрайды, салдарынан өтінім де осыншаға кем берілді. Осы іспетті ахуал Тараз қаласы мен Байзақ ауданында да орын алды. Компьютері жоқ жоқ педагогтар саны әртүрлі. Шу ауданында да айырмашылық 701-ді құрады", –деді департамент басшысы.

Мамандардың сөзінен белгілі болғандай, Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінде оқу процесінде пайдаланылатын 27 294 компьютер, ал педагогтер пайдаланатын 9 836 компьютер бар. Олар сақтау жауапкершілігімен АӘК алатын отбасы балаларына, жетім балаларға үлестірілмек. Сондай-ақ, мектеп жасындағы 3 және одан көп баласы барлар да ескеріледі. Ал өңірде мектеп жасында үш баласы бар – 27 329, төрт баласы бар – 14 709, бес және одан көп баласы бар 7 642 отбасы бар екен.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу