Жапон билігі Қытайға Токио өзінің аумағы деп санайтын Сенкаку (Дяоюйдао) аралдары ҚХР жаңа картасында бейнелегені үшін наразылық білдірді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Жапон кабинетінің Бас хатшысы Хирокадзу Мацуно мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"Дипломатиялық арналар арқылы қатаң наразылық білдірілді", - деді ол.
Бас хатшы Токиода бірқатар елдердің наразылығын тудырған Бейжіңнің әрекеттерін алаңдаушылықпен бақылап отырғанын атап өтті.
Жаңа картаны 28 тамызда ҚХР Табиғи ресурстар министрлігі жариялады. Бруней, Вьетнам, Индонезия, Малайзия мен Филиппиннің ерекше экономикалық аймақтарына жататын Оңтүстік Қытай теңізіндегі (ОҚТ) кейбір теңіз аймақтары, сондай-ақ ондағы кейбір басқа аумақтар Қытайдың құрамына кіріп кеткен. Бұл Филиппин, Малайзия мен Үндістанның орынды наразылығын тудырды.
Бірнеше онжылдықтар бойы ҚХР аймақтың бірнеше елдерімен ОҚТ-дегі кейбір аралдарға иелік ету жөнінде дауласып келеді, олардың қайраңында көмірсутектердің едәуір қоры табылды. Ең алдымен, бұл Сиша архипелагы (Парасель аралдары), Наньша және Хуанъянь аралдары (Скарборо рифі).
2013 жылдың соңынан бастап Қытай жасанды аралдар құру және осы аумақтарды кеңейту және игеру бойынша ауқымды гидротехникалық және құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сонымен қатар Жапонияның да шекаралық дау-дамайы жетерлік, мысалы, Токио Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оңтүстік Кореяның басқаруына берілген Токто аралдарын әлі күнге өз территориясы деп санайды. 19 жыл қатарынан Жапония өз баяндамасында аралдарға деген талаптары туралы мәлімдегені атап өтілді.
Одан бөлек Жапония Ресей Курил аралдарының оңтүстік бөлігін заңсыз басып алды деп санайды. Бұл туралы "Көк кітапта" — жапон СІМ-нің жыл сайынғы баяндамасында айтылған.