Ішкі істер министрлігінің құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпарттық сайтына сілтемемен.
Акция өткен жылдың қазан айында басталған, оның аясында 3 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжат алған. Құжатсыз жүргендердің дені Алматы қаласында (300), Алматы (372), Қарағанды (353), Ақмола (279), Жамбыл (276) және Түркістан (284) облыстарында анықталыпты.
Елордада 189 адамға құжаттар берілді. Акцияны биылғы жылдың қаңтар айында аяқтау жоспарланғанымен, құжатсыз тұлғалар санын қысқартудың маңыздылығы ескеріліп, жұмыстарды мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған.
ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев аталған акцияның әйелдер үшін маңызы зор екенін айтады. Жас қыздардан күйеулері немесе бірге тұратын адамдары құжаттарын тартып алатын жағдайлар да кездесіп жатады. Сонымен қатар, әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді немесе олар еңбек құлдығына түседі.
"Егер әйелдер осындай жағдайға тап болса, ол аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгіне алады немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жібере алады. Полиция қызметкерлері құжаттарды заңды түрде тегін рәсімдеуге көмектеседі", – дейді елдің бас полицейі.
Министр азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және құжаттау рәсіміне үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар үлкен көмек көрсететінін атап өтті. ІІМ құқық қорғаушыларға және барлық бей-жай қарамайтын азаматтарға азаматтығы жоқ адамдардың проблемаларын шешуге көмектескені үшін алғыс білдіреді.
Маңызды ақпарат: Азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтар мен міндеттерді атқарады. Олар жұмысқа орналаса алады, емханалардан қызмет ала алады, білім ала алады. Бұдан әрі азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.