Павлодар-Астана бағытында қатынайтын көлік жүргізушілері жылдамдықты жиі асырады. Соның салдары қайғылы жағдайға да әкеліп жатыр. Енді жылдамдықты "жаны сүйетін" темір тұлпар тізгіндегендерге тежеу салынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өкінішке қарай, бас қала мен Павлодардың арасын жалғайтын жолдағы көлік оқиғаларының статистикасы көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері бұл бағытта 12 жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 адамның өмірін жалмады. Тағы 9 азамат түрлі жарақат алды.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 апаттың орын алуына жылдамдық режимінің сақталмауы басты себеп болған. Сондықтан көліктер аударылып, жол бойындағы бағандарға соғылған.
Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін 24 тамызда "ZEREK-2" аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды. Ол көлік құралдарының жылдамдығын автоматты түрде өлшеуге, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтауға арналған. Павлодар мен Астана арасындағы жолдың барлық аумағын қамтитын осындай 3 кешен жұмыс істеп тұр. Соған сәйкес, жылдамдық сағатына 140 шақырым болып шектелген. Одан асыруға болмайды.
Алайда жылдамдықты асыратын жүргізушілер тыйылмай тұр. Жергілікті полиция департаментінің хабарлауынша, жүйе іске қосылған 10 күннің өзінде жылдамдықты асырған 1627 факт тіркелді. Оларға 20 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бүгінде 857 көліктің иесі қазынаға 12 млн теңге айыппұлын аударды.
Соның өзі кей тұрғындарға сабақ болмай отыр. Мәселен, "MITSUBISHI PAJERO SPORT"көлігін тізгіндеген 30 жасар жүргізуші 24-29 тамыз аралығында бес рет екі қала арасында жүйткіп өткен. Енді ол 276 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Ал BMW көлігінің 40 жасар жүргізушісі жылдамдықты асырудың салдарынан өмірі үзілді. Бәйет ауылының маңында болған жол-көлік оқиғасы кезінде сол жерде жан тапсырды. Кейін "ZEREK-2" жүйесі аталған көлік 218 км/сағ жылдамдықпен жүргенін көрсетті.
Осындай ауыр жағдайға дейін жеткізбес үшін жүргізушілердің жылдамдықты белгіленген 140 км/сағ көрсеткіштен асырмағаны абзал. "Айыппұлмен құтыла салармын" деп ойлау – әбестік. Бұл жерде адам өмірі маңызды.