"Жемқорлықпен мемлекет, қоғам, үлкен-кіші бәріміз жұмыла күресуіміз керек…"

337

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев республикалық телеарнаға берген сұхбаты барысында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптың жоғары екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Жемқорлықпен мемлекет, қоғам, үлкен-кіші бәріміз жұмыла күресуіміз керек…" Фото: КазТаг

Оның айтуынша, елдегі жемқорлықпен күреске қоғам боп жұмылуымыз қажет.

"Жемқорлықпен күрес мәселесі қай заманда да, қай елде де өзекті мәселе екеніне тоқталды. Онымен мемлекет,қоғам, үлкен-кіші бәріміз жұмыла күресуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтаған емес. Сол үшін барлық процестерді цифрландыру өте өзекті. Мәселе оны сапалы жүргізуде. Бастысы, әкімшілік қызметші болсын, саяси қызметші болсын, бұл дерттен аулақ болуға тиіс, ал егер алда-жалда пендешілікке бой алдырса, заң талабы барлығына бірдей. Лауазымына қарамастан, кез келген азамат қолмен істегенін заң бойынша мойынмен көтеруге мәжбүр болады", – деп атап өтті Айбек Дәдебаев.

Сонымен қатар, Айбек Дәдебаев өзі жетекшілік ететін Президент Әкімшілігінде кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізіліп жатқанын айтты.

"Президенттің тапсырмалары негізінде мемлекеттегі кадр саясатына меритократия механизмдерін енгізуді қолға алдық. Қазір қабілетті адамдарды іріктеу процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізілу үстінде. Бұған қоса мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процессі қайта пысықталуда. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне саяси лауазымға тағайындауға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл, өз кезегінде, Орталықтың үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелінетін", – деп түсіндірді ол.

Президент Әкімшілігі басшысының айтуынша, бұдан былай, саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу процесі кандидаттардың жеке және кәсіби құзыреттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі.

Бұл ретте, рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн. Алдағы уақытта тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адами факторының әсері азаяды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу