Жер дауы депутаттар арасына жік салды

624

Сенат пен Мәжіліс депутаттары бір мәмілеге келе алмай қалды.

Жер дауы депутаттар арасына жік салды

Атқамінерлердің арасына жік салған - жер мәселесі. Күні кеше бір топ сенатор Жер кодексінің 122-ші бабының 2-ші тармағына өзгерістер енгізу үшін дайындаған жобаларын төменгі палатаға ұсынды. Жобада ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бір бөлігін ауылдық елдімекендердің құрамына ауыстыру көзделген.

Оған мәжілістегілер қалай жауап қатты? Жалпы елдегі күн тәртібінен түспей тұрған жер мәселесі қашан түпкілікті шешімін табады?

Мәжіліс депутаттары Жер кодексіне өзгеріс енгізу  сыбайлас жемқорлықтың жоғары қаупін тудырады,- деп турасын айтты. Өз ойын ашық білдіргендердің басында Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан мен Марат Башимовтар тұр. Тақырыпты тарқату үшін алдымен заңгер, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пікіріне назар салсақ.

"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бір санаттан екінші санатқа ауыстырып, қолды қылудың амалы ма? Оны білмейміз. Сондықтан да біздің негізгі мақсатымыз күмәнді заң жобаларына тойтарыс беру. Бөгет жасау", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Әңгімеміздің түп-төркіні анығырақ болу үшін толықтыра кетейін. Сенаторлардың сөзінше Іле-Алатау, Сайрам-өгем, Қарқаралы және тағы басқа ұлттық парктерін құрғанда оның аумағында тұрғын үйлер де кетіп қалған. Содан бері олар жерін заңдастыра алмай, не сата алмай отыр. Осы желеу заңды өзгертуге себеп деп тауыпты.

"Бұрынғы Мәжіліс жоқ. Оңды-солды күмәнді заң жобаларын өткізе беретін. Кәсіби заңгерлер келді. Басқасын айтпағанда жер саласында оңды-солды заң жобаларын өткізбейміз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Міне, мәжілісмендер бірнеше үйдің ыңғайына заңды жығып бере берсек, сорақылық сонда болады,- деп отыр. "Түптеп келгенде ол үйлер парк құрыларға дейін салынса сотқа барып дәлелдесін. Заңға оңды-солды өзгеріс енгізбейміз", - дейді.

"Жемқорлықпен күрес агенттігі шілде айында Алматы Іле Алатау паркінде 5 заңсыз құрылыс барын, онда 29 мың халық тұратынын анықтады. 78 проценті заңсыз. Енді олардың лоббистері зерді қалдырамыз деп парктерден шығарып бермекші болған. Халық - жердің иесі. Ал мына жақта біреулер өзінің пайдасын ойлап отыр", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

Парламенттің заң және құқықтық комитетіне заң жобасын әкелген 3 сенат мүшесінің екеуіне хабарластық. Бірі жолға шығып бара жатқанын алға тартып, пікір білдіруден бас тартты. Келесісі науқастанып қалғанын айтты. Халық қалаулылары жауаптан жалтарды ма жоқ па ол жағын біле алмадық. Өртеніп тұрған өзекті мәселеге осы тұста министрлік араласты. Нақтырақ айтсақ, Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және аң-аулау комитеті бизнес жүргізу туралы заң жобасын ұсынып, ішіне жоғарыда аталған ерекше қорғалатын жерлердің статусын өзгерту мәселесін кіргізген. 

"Осыны лоббистердің істеп отырған әрекеті. Сенаторлар лоббистердің құралына айналды деп жазғанда кішкене асығыстық па деп ойлағам. Өкінішке орай түстен кейін ол әрекет тағы жалғасын тапты. Оны Үкімет қолдап отыр. Енді Үкімет оны басқа комитет арқылы тағы да осы ерекше қорғалатын жердің статусын өзгертуге әрекет етті. +Қазір қызметтік хат жазып жатырмыз. Бұның артында кімдер тұр. Кім бұл мәселені Үкіметтен қолдап отыр соны анықтап, тиісті жауапкершілікке тарту мәселесімен байланыстырамын", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.

Спикердің сөзіне сенсек депутаттар бұл бастамаға да тоқтау қойған. Талас-тартыс бүгін-ертең толастамайтыны түсінікті. Ал біз ақырын күтіп, мәселені әрдайым назарда ұстайтын боламыз.

Жалпы елдегі жер дауы бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Бұған дейін қолында бар жерінен айырылып, жүгіретін һәм жүгінетін билік таппаған пай иелерін білеміз. 

"Біз савхоз Южный болдық. Южныйдің жерін 375 пайға бөлді. 119 адамның пайы ТОО Лодыженкода қалды. Кім қол қойса олардың жері Атбасаровский ниваға кетті. Сосын жаңағы 119 адамның жері соған кетті. Сонымен ол қайда кеткенін білмейміз", - дейді Ақмола облысы Есенгелді ауылының тұрғыны Тұрсымбай Жұмабаев.

Зейнеткер Тұрсымбай Жұмабаев мәселемізді сотқа да жеткіздік. Бірақ жеңіліп қалдық,- дейді. Ауылдағы ағайынның жерін пайдалануға алып, оны келісімсіз банкке кепілге қояды. Кейін банкрот болып, қарызын басқа кәсіпкер сатып алады. Солай халық тақырға отырады. Бұлай жерді тартып алу схемасын кәсіпкерлер ғана емес биліктегілер де біледі екен.

"Ол мәселені бәрі біледі. Әкімдік, ауыл шаруашылығы министрлігі. Бас прокуратура сол сұрақты шешіп жатыр ғой. Қаншама пайщиктер бар СҚО мен Ақмола облысында олардың жерлерін бірінші инстанция қайтарып жатыр", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин.

Мәжіліс депутаты мандатқа "Ауыл" партиясының өкілі ретінде ие болғаны белгілі. Сондықтан бұл мәжілісмен мәселеде халықпен мүдделес болуы керек. Ауылдықтар партия атынан немесе өзіңіз депутат ретінде жер жайына қатысты қандай ұсыныс бердіңіз деген сауал қойдық. Зейнуллин бас прокуратураның шешіміне сай ұсыныс береміз деген уәжін айтты.

Уәкілетті органның соңғы деректері бойынша, 15 мыңнан астам пайшы дивиденд ала алмай және кəсіпорындар құрамынан шыға алмай жүр. Ахуал Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облыстарында тым күрделі. Прокурорлар қабылдаған шаралармен пайшыларға 600 мың гектарға жуық қайтарылыпты. Заңсыз кепілге қою жəне жерді қайта ресімдеу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тергеліп жатқан көрінеді. Бірақ жер дауына нүкте қойылар уақытты ешкім тап басып айта алмады. Айта алмайды да-ау, бүгін-ертең...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу