2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 5 954 жобаны жүзеге асыру басталып, олардың ауқымында 120 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жол картасы аясында жергілікті атқарушы орындар 6 506 жобаны іске асыруға іріктеді.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (2 703 жоба);
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (1 039 жоба);
– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (1 799 жоба);
– елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға берілетін болады. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.
Өңірлерде 5 954 жоба бойынша жұмыс басталды, 120,2 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 64,1 мыңы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы.
ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.