Жолдарды жаңғырту жұмыстарына сын мен шағым көп

455

Жамбылдықтар Тараз қаласындағы, аудандардағы салынып жатқан жолдардың сапасыздығын әшкере етіп, әлеуметтік желілерге бірнеше видеоайғақ жариялады. 

Жолдарды жаңғырту жұмыстарына сын мен шағым көп Фото: Егемен Қазақстан

"Т.Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылындағы жол құрылыс жұмыстарының сапасыздығына байланысты көтерген мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Мердігер мекеме "Құлан жолдары" ЖШС асфальт жабынын дұрыс нығыздамаған. Асфальт төсеп болмай жатып, астындағы қиыршық тас аршылып қалып, топырағы көрініп жатты. Осыны көрсетіп, видеоға түсірген соң, аудан басшылары құрылыс жұмыстарын келіп көріп, мердігерлерге талап қойды", - дейді аудан тұрғыны Мадияр Ералыұлы.

Жергілікті атқарушы органдар жолдың сапасыздығын айғақтайтын видеолар желіге жүктелген соң ғана құрылыстың басына барып, жол сапасын зерделеп, тендерді ұтып алған мердігер компаниялардың басшыларына ескерту жасауды "дәстүрге" айналдырған. Әлеуметтік желі арқылы әлеуметке жария болған соң тұрғындардың да шағымына құлақ түріп, жол сапасы бақылауға алатынын мәлімдейді.

"Жол сапасын бақылауда ең алдымен назарға алынатын мәселе – асфальттың қалыңдығы", дейді мамандар. "Жол активтері ұлттық сапа ұлттық орталығы" Жамбыл облыстық филиалының сапа және есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Әлиахметовтің айтуынша, мердігер ұйымдары жұмыстың сапасына көп көңіл бөліп, асфальт бетон жабынын орнату технологиясын қатаң сақтамаса, бөлінген қыруар қаржы желге ұшқанмен бірдей екен.

Мәліметке сүйенсек, "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" өңірлік филиалының қызметкерлері 9 айда 309 нысанға 559 рет іссапарға шығып, 1736 жол-құрылыс материалдарының үлгісіне сараптама жасаған. Оның қорытындысы бойынша 266 сынаманың нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі белгілі болған.

Сапаны бақылаушы орталық қызметкерлерінің анықтаған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жолданған ескертулер мен материал жарамсыздығы бойынша қайта құру жұмыстары 67575 мың теңгені құраған. Оның 12398-і – республикалық 55177-і  жергілікті жолдарға тиесілі.

Айта кететін жайт, 266 дананың басым бөлігі сынақтан тығыздау коэффиценті сай келмегендіктен өтпеген. Бұл мердігер ұйымының қаржыны үнемдеп қалуға тырысқанын көрсетеді. Себебі, асфальт бетон жамылғысы нашар тығыздалған, - дейді инженер.

Жол жаңартылып болмай жатып, бүлініп жататыны бүгінде қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Оған тағы бір себеп болатын жайт – ауыр жүк көліктерінің талаптарды сақтамауы. Жол бүлінбеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс.

Статистикалық деректер елімізде 400 мыңнан астам ауыр жүк көлігі тіркелгенін көрсетеді. Жамбыл облысында 4 мыңға жуық самосвал көліктер қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда пайдаланылады. Бақылаудың жоқтығынан ауыр жүк көліктері жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен жүріп, жолдарға айтарлықтай зиян келтіруде.

"Облыста Мойынқұм, Қордай аудандарында және Тараз маңында 3 Жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істейді. Өңірдегі жолдардың ауыр жүк көлігінің қозғалысын қадағалауға бұл аздық етеді. Құзырлы органдар салмақтық көрсеткіштерден асып кеткені үшін айыппұл салады, мәселе осымен тәмам. Одан қорытынды шығарып жатқандар жоқ", - дейді "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбаев.

Жалпы "Нowo", "Shacman" және "Man" маркалы көліктердің жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайды. Салмағы 15 тоннаға жуық көліктердің өзінің жүк көлемі 40 тоннадан асады.

Жұмахан Айтжанұлының сөзіне сүйенсек, биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруі туралы талап енгізілуде. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың алдын алуы мүмкін. Тас жолдың тез тозуына тосқауыл қоюдың жолы – осы.

Жол қателікті кешірмейді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін салынып, жаңғыртылып жатқан жолдардың сапасы бақылауда болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты халыққа арнаған Жолдауында атап өткендей, жол саласындағы бақылауды күшейту әрі жаңа нормативтік құжаттар қабылдау қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу