Жолдың бұзылуына ауыр жүк көліктері кінәлі

1249

Оларға салынып жатқан айыппұл да аз емес.

Жолдың бұзылуына ауыр жүк көліктері кінәлі

Жыл сайын тас жолдарды жөндеуге үлкен қаражат бөлінеді. Алайда ауыр жүк көліктерінің оларды қайтадан бүлдіріп кететіні саладағы шешімін күткен мәселеге айналған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Мұндай жолдардың бірі – Атырау облысы аумағынан өтетін "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" тас жолы қазір қайтадан салынып жатыр.  Одан бөлек, соңғы жылдары "Атырау-Орал" трассасының да жай-күйі алаңдатарлық жағдайға түскен. Жауапты мамандардың айтуынша, оған Индерден құрылыс материалдарын таситын жүк көліктері мен Батыс Қазақстан және көршілес Ресейден жүк таситын ауыр көліктер кінәлі. Осындай олқылықты жою мақсатында қазір тоқсан сайын "Жол активтерінің  ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалы мен  Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мамандары тұрақты тексеріске шығып отыр. Арнайы рейд кезінде "Ақтөбе-Атырау-Астрахань", "Атырау-Орал" тас жолы бойымен өтетін ауыр жүк көліктерінің жол жүру құжатынан бастап, салмағы, жиілігі  ұдайы тексеріледі.

"Пандемия басталғалы бір жылда жол сапасына зиян келтіретін жүк көліктерінің саны 30 пайызға дейін азайды. Әр оське 10 тонна жүк тасымалдауға рұқсат бар. Бірақ, бұл көрсеткіш наурыз-сәуір аралығында, яғни су таситын мезгілде 8 тоннаға дейін азаяды. Заң бұзған жүк тасымалдаушыларға әкімшілік жаза түрі көп, – дейді "Жол активтерінің  ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашев.

Аса ауыр салмақ параметрлерін асыру, жүк тасымалдау  ережесін бұзу, жол парағынсыз және жүк құжатынсыз жүргендер ҚР ӘҚБК  57-бабының 6-бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Атырау облысы бойынша жыл басынан бері шамадан тыс тауар тасымалдаған төрт жүздей жүк көлігінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Айта кетейік, жаз мезгілінде Маңғыстау облысында да ауыр жүк көліктері жиі және жіті тексерістен өтіп отыр. Ондағы жол сапасын бақылайтын мекеме аймақтық көлік инспекциясымен бірігіп, өңірге кіретін және шығатын басты 4 бағыт – "Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен-Түркіменстан шекарасы", "Ақтау-Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Атырау-Ресей шекарасы", "Ақтау-Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы" және "Құрық порты-Жетібай" трассалары бойынша тұрақты рейд жүргізіп тұрады. Осылайша, биыл бұл жолдарда 1320 автокөлік тексеріліп, заң бұзған 281 жүк тасымалдаушыға 31 млн.423 мың теңге айыппұл салынды. Одан бөлек, 61 карьерлік жүк тасымалдаушыға 21 млн.367 мың теңге айыппұл салыныпты.

"Асфальт жолды бүлдіретін факторлардың бірі – трассаларда карьерлік жүк көліктерінің көптеп жүруі әрі олардың шамадан артық мөлшерде құрылыс материалын тасымалдауында. Қазір Маңғыстау облысында жұмыс істеп тұрған 239 карьер бар. Оның 153-і ұлутас, 84-і қиыршық тас және құм, қалғаны тұз бен бор карьерлері. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік таразы құралымен жабдықталмаған", – дейді жол сапа орталығының Ақтаудағы зертхана меңгерушісі Сәкен Мұхтаров.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу