Жосықсыз құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлердің жауапкершілігін арттыру ұсынылды

388

Соңғы үш жылда 45 қылмыстық іс қозғалып, 4,7 мыңнан астам үлескер зардап шеккен.  

Жосықсыз құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлердің жауапкершілігін арттыру ұсынылды Фото: instagram.com

Мұндай деректерді сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың дерегінше, жосықсыз құрылыс салушылардан зардап шеккендердің дені Астана (1 282 адам), Қарағанды (961 адам), Ақтөбеде (657), Атырауда (631), Алматыда (360).

Геннадий Шиповских 2019-2022 жылдар аралығында Астанада проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге, республикалық және жергілікті бюджетен 154,6 млрд теңге бөлінгенін баса айтты. Тиісінше мемлекеттің қатысуымен елордада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. 

Бірақ қазір елімізде 7 мыңға жуық алданған үлескер бар, оның 4 мыңнан астамы Астанада тұрады, деп жалғастырды спикер.

"Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 млн теңгеге айыппұл салыныпты. Яғни, орта есеппен алғанда бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыппұл салынған. Бұл бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана деген сөз. Ал келтірілген залал 30 млрд теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион теңге, залал – 30 миллиард теңге. Бұл парадокс емес пе?",- деді Сенат депутаты.

Шиповских осы жайтқа қатысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Үлескерлерге келтірілген шығындар күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндіріліп жатыр. Осыны ескере отырып, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол компанияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Сондай-ақ олардың халыққа ұсынып, жарнамалап жүрген компанияларына толық көзі жетіп, сосын кіріскені маңызды", - деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу