Ташкентте өткен кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. 1 сәуірде Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші туры кезінде "Астана арландары" "Өзбек Тайгерс" клубынан ірі есеппен жеңілді, деп хабарлайды vesti.kz.
Бірінші жұпта 64 келі салмақта Ділмұрат Мижитов пен Эльнур Абдураимов кездесті. Бес раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бір ауыздан жеңісті "Өзбек Тайгерс" спортшысының пайдасына шешті. Екінші жұпта 56 кг салмақтағы Ілияс Сүлейменов пен Абдулхай Шарахматов кездесіп, Қазақстан спортшысы жеңілді. Бокс кешінің тағдыры үшінші кездесуде шешілді. Онда Сапарбай Айдаров Исроил Мадримовтан ұтылды. Сонымен "Өзбек Тайгерс" үшінші ұпайын алып, кездесуді мерзімінен бұрын жеңді. Төртінші жұпта "Астана Арланс" атынан шыққан Антон Пинчук Зухриддин Махкамовты жеңіп, Қазақстанның пайдасына бір ұпай сыйлады. Соңғы жұпта Теміртас Жүсіпов Вел Баркер кубогының иегері Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасты. Мұнда да төрешілер жеңісті өзбекстандық боксшының пайдасына шешті.