"ҚТЖ" ҰК" АҚ компаниялары тобының логистикалық блогы Шанхайда (ҚХР) "Transport Logistics China" ірі халықаралық көлік-логистикалық көрмесіне қатысты, деп хабарлайды команияның баспасөз қызметі.
Көрме қатысушылары логистикалық бизнеске зор көңіл бөліп отыр. Қытайдың жүк жөнелтушілері трансқазақстандық бағдарларға оның ішінде теміржолмен тасымалдауға, мультимодальдық тасымалды пайдалануға ынталы. Осыған орай бірқатар логистикалық саладағы келісімдер жасалды.
Қазақстандық тараптың өкілдері қытайлық әріптестерімен және халықаралық бизнес ортаның өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Соның нәтижесінде "ҚТЖ" ҰК" АҚ логистикалық блогы бірқатар сауда және көлік компанияларымен коммерциялық келісімдер жасасты. Осы келісімдер арқылы Қытайдан шығатын контейнерлік жүктер көлемін Еуропа, Орталық Азия, Түркия және Парсы шығанағы елдеріне қарай өсіруге мүмкіндік алды.
Шаңхай халықаралық көлік-логистикалық көрмесі көлік-логистикалық қызмет аясын кеңейтуге, жаңа келісімдер жасауға, халықаралық жүк тасымалының географиялық ауқымын арттыруға, логистикалық саладағы кәсіби өзекті жайларды бірлесіп шешуге ықпал етеді.
"Transport Logistics China" халықаралық көрмесіне әлемнің 48 елінен 600 компания қатысты. Олардың қатарында саланың әлемге әйгілі жетекші COSCO Shipping Lines, Sinotrans, China Railway Container, РТЖ, Transcontainer, Италия порттар қауымдастығы секілді компаниялары бар. Халықаралық көрме шараларына 65 елден 23 мыңнан астам адам қатысты.