"Нұрлы жол" бағдарламасы жаңартылды

686

"Нұрлы жол" бағдарламасы жаңартылды

Бүгін үкімет отырысында "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының түзетілген жобасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жалпы, бағдарламаны іске асыру барысы үкіметте бірнеше мәрте жан-жақты талқыланды. Мемлекеттік бағдарламаның түзетілген жобасында елбасы қойған міндеттер көрініс тапты. Сол себептен инфрақұрылымды дамытудың "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының түзетілген жобасына дауыс береміз", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Осы орайда үкімет мүшелері жобаны бірауыздан бекіту туралы шешім қабылдады.

"Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға жаңартылған бағдарламаның орындалуын тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министрдің бірінші орынбасары - авт.), бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстаңыз", - деді үкімет басшысы.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөзіне қарағанда, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 829,5 млрд теңге көзделген. 2018 жылғы 1 шілдедегі жедел деректер бойынша, оның 167,1 млрд теңгесі, яғни шамамен 21 пайызы игерілді.

"Сонымен қатар, мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 13-тармағына сәйкес, министрлік тиісті қаулы жобасын әзірледі. Жобамен транзит көлігінен түскен кірістерді 4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемін 1,2 млн ЖФБ-ға (жиырма фунттық баламаға) дейін арттыру туралы тиісті өзгерістер мен толықтырулар көзделді. Мұнымен қоса, транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамға, ал аймақтық әуе желілерімен жолаушылар санын 170 мыңға дейін арттыру көзделді. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тауарларды транзиттеуге, көлік дәліздерін құру мен жаңғыртуға, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін көтеруге және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралар көзделген. Жоба Астана және Алматы қалаларының, облыстар әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді", - деді Тимур Сүлейменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу