Жеке бизнес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енгізілгенін қолдайды. Алайда бұл үдеріс тыңғылықты зерттеуді талап етеді. Денсаулық сақтау – әр адамға ортақ сала. Сондықтан бизнес-қоғамдастық жүйеде ешқандай кемшілік болмауға тиіс деп есептейді.
– Денсаулық сақтау министрлігі міндетті медициналық сақтандыруға көшуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Қалай ойлайсыз, МӘМС жүйесін енгізуді 2020 жылға дейін шегерген дұрыс па?
– МӘМС жүйесін енгізуді 2020 жылға дейін қалдыра тұру жеке бизнеске ғана емес, мемлекетімізге және халқымызға тиімді деп есептеймін. Мұндай шешімді қабылдаудың бірнеше пайдалы жағы бар. МӘМС-те кем дегенде үш тараптың – мемлекет, бизнес және тұрғындардың мүддесі жатыр. Сондықтан олардың әрқайсысының ұстанымын егжей-тегжей пысықтауды ұсынамын. Жүйені 2020 жылға дейін шегере тұру мемлекет үшін қаншалықты тиімді? Менің ойымша, мұндай қадамға баруға бірнеше маңызды фактор әсер етті. Себебі 2020 жылға қарай кейбір мемлекеттік және салалық бағдарламалар аяқталады. Сондай-ақ МӘМС-пен тығыз байланысты жаңа жобалар бастау алады.
Мәселен 2020 жылы біздің елде кірістерді жаппай жариялау жоспарланған. Бұл қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті болып саналады. Оның қорытындысы бойынша кімдердің қанша төлейтінін, ал кімдердің қалыс қалатынын нақты білетін боламыз. Мұны мемлекет басшысы айтты. Сондықтан МӘМС жүйесіне бәріміз қатысып, тиісті төлемді аударуымыз қажет.
2020 жылға қарай "Денсаулық" денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасында қамтылған шаралар аяқталады. Шын мәнінде бұл денсаулық сақтаудың жаңа жүйесі болып табылады. Мұнда саланы орталықсыздандыру, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуеті, коропоративтік басқаруды енгізу, бюджеттік демеуқаржыны азайту, медициналық көмекті ұйымдастыруды экономикалық тұрғыдан негізделген халықаралық стандарттарға көшіру қамтылған. Мұның бәрі біздің елдің денсаулық сақтау саласы үшін жаңа дүние болып табылады. Бұларсыз тиімді медициналық сақтандыру жүйесін құру мүмкін емес. Бағдарламаны жүзеге асырудың соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын 100% цифрландыруды және электронды құжат пен ақпараттық жүйе енгізуді қамтып отыр. Ал мұның барлығы МӘМС-ке қажетті өте маңызды элемент екенін атап өткім келеді.
Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігі әлі күнге дейін жұмыс істеген жоқ. Одан әзірше ешқандай пайда да көрмей отырмыз. Неге? Бұл – бөлек материалға өзек болар тақырып. Бірақ мынаны атап өткім келеді. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік терминіндегі маңызды сөз – "серіктестік". Бизнес кімнің немесе ненің ұзақмерзімді кепілі екенін түсінбейінше, жұмыс алға жылжымайды.
Меніңше, ең алдымен басталған дүниелерді аяқтау керек. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында не бар, не жоқ екеніне көз жеткізіп алу маңызды. Міне, бұлар – МӘМС жүйесін кейінге шегерудің мемлекеттік тұрғыдан алғандағы негізгі әрі ақылға қонымды факторлары.
Ал енді тұрғын және салық төлеуші ретіндегі көзқарасымды білдірейін. Мен МӘМС жүйесіне жарна төлеуге дайынмын. Ақша төлейді екенмін, демек таңдау жасауға да құқығым бар ғой. Алайда маған объективті себептер бойынша МӘМС жүйесінде таңдау жасау құқығы берілмеген. Бұл қиянат болып есептеледі. Мәселен көпшілік Алматы мен Астананың медициналық мекемелерінде емделгісі келеді. Жақсы, ендеше маған да таңдау құқығын беріңіздер. Қалай болғанда да мен ақша төлеймін. Ол денсаулық сақтау секторына бағытталады. Бірақ мен кімге және не үшін төлейтінімді өзім шешуім керек қой. Ал қазіргі міндетті тіркеуде шешімнің бәрі менің еркімнен тыс қабылданады екен. Бұл жерде техникалық мәселелерді назарға алып отырғаным жоқ.
Тағы бір маңызды мәселе – ақпараттық жүйенің дайындығы. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласы бірыңғай ақпараттық жүйесінің (ДБАЖ) ішкі жүйелерімен медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйесін біріктіру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. ДБАЖ бен өзге порталдар арасында байланыстың жоқтығынан тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары бірнеше ақпараттық бағдарламамен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл жерде порталдардың саны шамамен 20-ға жуық. Осылайша медқызметкерлер бір мәліметті бірнеше порталға орналастыруға мәжбүр. Ал бұл қосымша уақытты талап ететін қажетсіз іс.
– Денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеу шеңберінде ақпараттық жүйе енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған қатысты қандай пікір білдіресіз?
– Біз өз қызметкерлеріміздің арасында тіркеуге қатысты сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан 50 адамның 80-і бұрын өздері мүлдем барып та көрмеген жерлерде тіркелген екен. Алматыда жұмыс істейтін адамдар Шымкентте немесе Таразда тіркелген болып шықты. Міне, бұл ақпараттық жүйенің қазіргі жағдайы.
Тұрғындарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу басталғанда мәселе туындамауы керек. Бұл ретте біз ДБАЖ-ды шағын шаһарда қанатқақты жоба ретінде жүзеге асыру жайын қарастыруды бірнеше мәрте ұсынып, нәтижесінде кемшіліктер бірден көзге ұрынатынын айттық.
Сондай-ақ бұл денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру тұрғысынан да маңызды болып саналады. Себебі қаржы тіркеуде тұрған тұрғындар санына байланысты бөлінеді. Оның үстіне қаржы медициналық көмек алатын тіркеудегі әрбір емделушіге жұмсалуы керек.
– Сонда бізде бәрі керісінше жасалып жатыр ма?
– Бізде тиісінше жасалмай жатыр. Медициналық сақтандыру керек. Ол – тиімді. Бірақ мұндай маңызды реформаны жарты жыл ішінде өткізуге болмайды ғой. Халықаралық тәжірибеге (Польша, Қытай, Жапония және басқа да елдер) сүйенсек, медициналық сақтандыруды тиімді енгізу үшін дайындық және ұйымдастыру кезеңдерін жеткілікті түрде атқару керек. Мәселен Польша бұл жүйені енгізу үшін 8 жыл жұмсаған.
МӘМС-ті енгізу тұжырымдамасын талқылау барысында "Атамекен" КҰП пен бизнестің жекелеген субъектілері денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жоба қолданыстағы жүйені түбегейлі өзгерте алмайтынын, тек жұмысшылар мен жұмыс берушілерден салық түріндегі қосымша қаржыландыру көзін дәлелдеуді ғана көздейтінін ескертті. Сақтандыру жүйесінің ұсынылған жобасында қосымша салық мөлшерін дәлелдейтін қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді есептеу қамтылмаған. Жарналарға, төлемдерді жүзеге асыру және жиналған қаржыны басқаруға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген. Сонымен қатар медициналық қызметтерді ұсынудың пакеттік (бағдарламалық) қағидасы жоқ.
– Бүгінде жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы бірдей МӘМС жүйесінде жұмыс істеуге ниет танытқан жоқ. Тіпті медициналық сақтандыру қорларымен келісімшарт бекіткен, тіркеу бойынша жұмыс бастаған ұйымдардың өзі қазір тіркеуге тұруға ниет білдіргендерді қабылдамай жатыр. Мәселен "Медикер" педиатрлық бөлімге тіркеуден бас тартты. Неге?
– Бас тартатын себебі оның мүмкіндігі шектеулі. Жекеменшік клиника қаншалықты деңгейде сапалы қызмет көрсете алады, сонша мөлшерде адам тіркей алады. Әйтпесе бұл емделушілерге медициналық қызмет көрсету емес, берекесі жоқ іс болып кетеді. Оның үстіне жекеменшік клиникалардың өз мүмкіндіктерін, яғни қанша адамды қабылдайтынын және қандай қызмет көрсете алатынын ескере отырып, тіркеу бойынша жұмыс істеп жатқанына көп уақыт болды.
Іске қосылған денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеу жүйесі үшін бұл өте күрделі мәселе. Себебі өзі таңдаған медициналық мекемеге тіркелуге ниетті тұрғындар санын реттеу бойынша медициналық қызметтерді жеткізушілердің қызметін жүзеге асыру тетігі қарастырылмаған.
Мәселен қала тұрғындарының көбі өзіне таңдау құқығы берілген жағдайда білікті мамандар жұмыс істейтін белгілі бір емхананы таңдады делік. Сонда олардың емханаларды таңдау құқығы қалай жүзеге асырылады? Ал дәрігерді таңдауға құқық берілмеген. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Бір дәрігерге 1500 адам тіркеліп үлгерді делік. Ал ниет танытқандар саны – 2500. Сонда қалған 1000 адамның құқығы қалай жүзеге асырылмақ? Мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Тағы бір мысал. Өкпе қабынуымен ауыратын бір аудан тұрғындарының дені емделу үшін облыстың үздік дәрігерлері жұмыс істейтін облыстық стационар бөлімін таңдайды. Сонда емхананы таңдау құқығы қалай жүзеге асырылады? Клиникалар МӘМС қорына төлемдерді уақытылы жүзеге асыратын адамдардың барлығын бір уақытта қабылдауға дайын ба? Бұл мәселе де пысықталмаған.
Осы орайда тұрғындарды бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркеудің қолданыстағы ережесіне сәйкес, тұрғындар жұмыс істейтін, білім алатын тұрғылықты немесе уақытша мекенжайы бойынша дәрігерді таңдау құқығымен бір ғана әкімшілік-аумақтық бірлік шегіндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркеле алатынын еске салғым келеді. Бұл қатарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығымен басқа әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орналасқан жақын маңдағы емханаларға тіркелетін шекаралас аумақтардың тұрғындары жатпайды. Бірақ құқық қолдану тәжірибесін жүзеге асырудың ешқандай тәжірибесі жоқ. Кез келген ақпараттық қызметті, бастапқы медициналық ұйым мен дәрігерді таңдау мүмкіндігі берілмеген.
– Сонда МӘМС шеңберінде "Ақша науқастың соңынан жүреді" деген қағида қолданылмайтын болғаны ғой?
– Иә, дәл солай. Егер емделушінің ақшасы болса, онда ол сәйкестендірілуі керек. Қазір мұның үш компоненті бар: мемлекеттен ақша алу, сақтандыру компаниясынан ерікті медициналық сақтандыру және науқастың өзі төлеу.
Сондықтан МӘМС-ті енгізбес бұрын озық елдердің науқастың денсаулық туралы электронды құжатына қатысты тәжірибесіне сүйену керек. Құжатта барлық медициналық жазбалар, аурудың динамикасы, дәрі-дәрмек және тағы басқалары көрініс табуы керек.
Қордың өзіне "Ақша науқастың соңынан жүреді" қағидасын қадағалайтын ақпараттық жүйе орнату керек. Ақпараттық жүйеде медициналық қызметі жеткізушілер 100% қамтылуға тиіс. Сондай-ақ олар денсаулық сақтау саласының бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктірілуі керек.
Яғни нақты бір науқастың барлық қаржылық ағыны оның сақтандыру карточкасына, ЖСН-не шоғырланып, науқастың өзіне жұмсалуға тиіс. Сонда біз кез келген тұрғын қандай клиниканы таңдайтынын көретін боламыз. Ал бұл жазбалар "Жеке кабинет" арқылы әлгі адамның өзіне және оның дәрігеріне ғана қолжетімді болмақ. Жүйе ашық болады. ММСҚ көрсетілетін қызметтер мен олардың сапасын бақылай алады. Ақша науқастың өзіне жұмсалады.
Сондықтан бұл жердегі бизнестің позициясы бірдей – МӘМС-ті аталған компоненттердің бәрін әбден пысықтап алған соң ғана енгізу. Бұл жүйеде қате жіберуге қақымыз жоқ және техникалық кемшіліктері бар реформаны жүргізуге болмайды.
– Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үкімет отырысында МӘМС-ті енгізу 2020 жылға шегерілгенін мәлімдеді. Ал бұл жүйе жүзеге асырылуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Әйтпесе қолданыстағы заңның ережелеріне сәйкес, жүйе 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын жүзеге асыруы керек...
– Дұрыс айтасыз. Біздегі ақпарат бойынша, денсаулық сақтау министрлігі 19 қазан күні мәжіліске тиісті түзетулерді ұсынды. Қазіргі уақытта ҚР парламенті мәжілісінің жұмыс тобы аталған құжатты қарастыру үстінде. Оған ұлттық палатаның өкілдері де қатысуда.
"Атамекен" КҰП-тың IV съезі барысында ҚР үкіметіне арналып айтылған үндеуде әлі де жетілдіру керек деген себеппен МӘМС реформасын енгізуді 2020 жылға дейін шегере тұру ұсынылғанын атап өткім келеді.
4 қыркүйекте өткен алтыншы шақырылымдағы ҚР парламентінің үшінші сессиясының ашылуында мемлекет басшысы МӘМС-ті енгізу мәселесін әлі де пысықтау керек деген тапсырма берді. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың жүйеге қатысуына қатысты мәселе бар. Себебі кейбір тұрғындар медициналық сақтандыруға өзі үшін ақша төлесе, енді біреулер қызметтерді мемлекет есебінен алады. Бұл жағдай тұрғындар арасында түсініспеушілік тудыруы мүмкін.
Еркебұлан Қыздарбек, Саян Абаев