"Билікке бас шайқайтындар емес, изейтіндер қажет"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5489

Қазақстан Түркияның пышағына емес, құшағына ұмтылуға тиіс. 

"Билікке бас шайқайтындар емес, изейтіндер қажет"

Ешкімге ұқсамайтын оқшау ойларымен қазақ қоғамына сілкініс жасап жүрген саясаттанушы Айдос Сарым abctv.kz  порталына эксклюзивті сұхбат берді.  

– Күні кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев кейбір БАҚ болмағанды болғандай етіп көрсетіп, мәселені қоюландырып жіберетінін айтты. Сіз осыдан қандай ой түйдіңіз?

– Біздің билік туралы осыған дейін де біраз айтылды. Билік сыни пікірді қабылдауға дайын емес, құлықсыз. Сыни пікір айтқандарды жау санайды. Біздің билікке шындықты айту - ет пен сорпаға тойдырып, шаршатып, мақтап-масайратып, көзі жұмылып, ұйықтап бара жатқанда үстіне көрпе жауып, "сенікі дұрыс емес-ау" деп күрсінетін дәрежеде. Елдегі жемқорлықты жеңеміз дегені шын болса, баспасөз әрбір шенеунікті итше талап, қылмысы ашылғандар, күдікке ілінгендер асылып, я атылып өлетін жағдайға жеткізу керек. Сонда бәлкім, біраз кемшіліктің алдын алар едік.  

Әрбір жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, айтқаны-істегені қоғамдық бақылауға алынбай, күн сайын журналистердің алдына шығып, істегенін халыққа ежіктеп түсіндірмей, елімізде ештеңе өнбейді. Баспасөздің жартылай, ширек бостандығы болмайды. Я бостансың, еркінсің, ойыңа келгенді еркін жазасың, я құлсың, байлаулы, сүйек кемірген итсің. Басқа фазасы, түрі, пошымы жоқ. Осы екі опция ғана болуы мүмкін.

– Сіз әлеуметтік желіде "Израильдің тарихы туралы кітап оқып жатыр едім. Мұратшылдықты осы еврейлерден үйрену керек.  Екі мың жыл бойы мемлекетінен, жерінен, тілінен айрылған халық әлемде шашырап жүрсе де,  әрбір сөзін: "Келесі жылы Иерусалимде кездесейік" деп аяқтайды екен" дейсіз. Елдік мәселеде бастары біріксе де, тілдік мәселеде бастары бірікпей жүрген қазақ саяси элитасының басын біріктіретін басты мұратшылдық не?

– Израиль сияқты екі мың жыл бұрын жоғалған мемлекетін, тілін қайта құрған әлемде мемлекет жоқ. Осы мемлекеттің тарихы туралы кітап оқыған сайын мұратшылдығына, қайтпас өр мінезіне, халқы мен билігінің ұлтшылдығына қайран қалатыным рас. Израиль туралы өмірімде жүзден аса кітап оқыған, Израильде болған адам ретінде айтайын: қазақтың еврейден еш жері кем емес. Қазақтай біріккіш, қазақтай сөзге тоқтайтын халық әлемде жоқ. Қазақты, халқымызды кемсітіп, қадірін кетіре бермелік. Израильдің ішіндегі жік пен бөліністен сақтасын дейік. Рас, кемшілік бар, қатер бар, бірақ мұның барлығы  қоғам мен ұлтты шыңдайтын, тәрбиелейтін үдерістер, заңды, табиғи процестер. Адам да, қоғам да қателесетін, кешігетін, кешеуілдейтін, адасатын кездер аз емес. Ең бастысы – анда-санда тоқтап, жан-жағыңа қарап, айнаға үңіліп қарайтын уақыты табылып, өз мәселесін бүкпей, жасырмай, ашық талқылайтын алаңдар мен мінбелер керек. Ашық, шыншыл талқылар пайда болса, ортақ мәміле де, біріккен әрекет те пайда болады. Ол үшін ұрыс-керіс, жаға жыртысқан талқы қажет, тіпті шарт.

– Біз өмір сүріп жатқан кезеңге болашақ тарихшылар қандай баға беруі  мүмкін...

– Егер алдағы 15-20 жылдық сындардан аман өтетін болсақ, мемлекетімізді, жерімізді аман алып қалсақ, болашақтағы тарихшылар: "Бұлар қазақ деген халық. Уақытты, географияны, тарихты алдап, өз күнін өзі көріп отырған ұлт" деп жазатын болады.

Ресей мен Қытайдың құшағынан Батыс елдері немесе Түркияның пышағы жақын болып кеткен сияқты...

–  "Түркияның пышағы" дегеннің өзі бүгінде қызық нәрсе болып кетті ғой. Пышақ деген жалпы нан мен қызанақ кесуге де, арқаға қадауға да келетін құрал ғой. Сондықтан Қазақстан Түркияның пышағына емес, құшағына ұмтылуға тиіс. Әрине, бүгінгі Түркияның дамуына қатысты, ішіндегі күрделі үдерістеріне күрсінетін жайттар көбейіп барады. Бірақ түріктер бізге ағайын халық, қандай жағдайда да түріктер бізге орыстан да, қытайдан да мың есе жақын, бауыр халық. Ағайынның тату, жақын болғанына не жетсін?!

– "Өзбектің дамуы қазақ билігін қалғып кетпеуге итермелейтін факторға айналады" деген пікірге қалай қарайсыз?

– Бізге ұнасын, ұнамасын, бүгінгі тенденциялар сақталса, Өзбекстан алдағы он жылда Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы болады. Егер өзбектен қалмаймыз десек, бізге өзбектерден үш-төрт есе жылдам қозғалу әрекет ету керек. Бізге майда-шүйдемен айналысу емес, өзбек сияқты елдермен бәсекелестік керек. Кешегі кеңес заманындағы пасық күншілдік, "менің бір көзім ақса, өзекеңнің екі көзі ақсын" деген көреалмаушылық емес, шынайы экономикалық, кәсіпкерлік, интеллектуалдық бәсекелестік. Бұл тұрғыдан Өзбекстан, өз ағаларымыз таптырмайтын фактор. Соған сай бола білейік.

– Орталық Азия елдері ішінде генеология жағынан бізге жақын ұлт – өзбектер Түркі кеңесіне мүше болды...

– Өзбекстандағы биліктің ауысуы аймағымыз үшін көптеген мүмкіндіктерді ашып отыр. Ең алдымен, Өзбекстан үлкен нарық болып табылады. Бұл нарық үшін бүгінгінің өзінде тек Қазақстанның қаржылық топтары ғана емес, әлемнің барлық алпауыт мемлекеттері мен корпорациялары көздерін тігіп отыр. Екіншіден, Өзбекстан көптеген сала бойынша Орталық Азияның көшбасшысы бола алатын мемлекет. Өзбек елі өнеркәсібінің кейбір салалары, ауыл шаруашылығы, барша аймақ үшін таптырмас мүмкіндік және бәсеке.

Ықылым заманнан бері Орталық Азия елдері бір-бірімен еншілес, бір-бірімен тығыз байланыста болған. Тәуелсіздік алған кезден бастап барша мемлекеттер өзіндік саясат жүргізіп, өзіндік жеке-дара экономикалық ғұмыр кешкісі келді. Бұл тірліктердің барлығын жемісті, мардымды деп айту қиын. Осыған дейінгі Ортаазиялық интеграция жобаларының іске аспауы да осы Өзбекстанға қатысты болды. Себебі өзбек елінсіз аймақта ешқандай интеграциялық жобаны іске асыру мүмкін емес. Абырой болғанда көрші елде орын алған саяси транзит Өзбекстанның саясатын 180 градусқа бұрып, жақсы мүмкіндіктер мен мүдделестікке жол бастап жатыр. Ендігі уақытта барлық елдердің саяси элитасы бірігіп, бас қосып, шынайы стратегиялық тереңдікке қол жеткізуге тиіс. Бұл да бір күннің не жылдың шаруасы емес.

– Ресейдің Орталық Азиядағы елдер үшін тек буфер міндетімен шектеліп қалғысы келмейтіні байқалып жатыр...

– Менің ойымша Орта Азия елдері дәл осы күндері Ресеймен қош айтысып жатыр. Әрине, тәуелсіздік алу, егемен ел болу бір әңгіме де, шынайы тәуелсіз саясат жүргізу, кешегі империядан бөлек, еркін ғұмыр кешу екінші әңгіме. Мысалы, тек Қазақстанды Ресей 300 жыл бойы отарлады, элитаны қудалап, азғындатты, халықты тілі, ділі, тарихы мен дәстүрінен ажырату мақсатында қыруар тірлік жасады. Қазіргі кезде отарлық, құлдық ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығып жатыр. 300 жыл бойғы кесел мен тажалды қоғамы мен билігінің арасындағы байланысы әлсіреген мемлекеттің 30 жылда жеңіп шығуы аса қиын нәрсе. Дегенмен бұл үдерістер жүріп жатыр. Сондықтан басты мәселе Ресейдің өз беделі мен ықпалын сақтап қалуға деген саясатына ренжудің қажеті жоқ,  онысы түсінікті, басқаша болса, таң қалатын да едік. Мәселе, шынын айту керек, өзіміздің ішкі бірлігіміз бен тұтастығымызда, ұлттық элитаның сапасында, рухани саланың шынайы дербестігі мен пәрмендігінде. Ішіміз бүтін болса, бізді сырттан жау ала алмайды.

– Орта Азия елдерінің сырттан келіп жатқан идеологиялық-ақпараттық экспансияға бірлесіп тойтарыс беру мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Мәселенің байыбына барар болсақ, бізге Еуропа, Батыс елдері әзірге рухани немесе идеологиялық тұрғыдан ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Біздің жұрт миллиондап Еуропа арналарын қарап отырған жоқ, телміріп бадырайып қарап отырғандары Ресейдің телеарналары мен ақпарат көздері. Сондықтан қорғанатын болсақ, дәл бүгін Ресейдің телеарналарынан, газеттерінен, сайттарынан қорғануымыз қажет. Орталық Азияның қоғамын ірітіп, іріткі салып, өз мемлекеттері мен елдерінің құндылықтарына қарсы айдап салып жатқан Американың немесе Еуропаның ақпарат көздері емес. Екіншіден, мынаны да ескеруіміз керек. Бізде Батыс немесе Ресей ірітіп-шірітетіндей дәстүрлі қоғам қалды ма? Менің ойымша, қалған жоқ.

Оны қайта құру, қайта жандандыру мүмкін емес пе?  

– Рас, қазақтың біраз салт-дәстүрі, мәдениеті, әдет-ғұрпы әлі күнге дейін сақталып келеді, соның арқасында қазақ атанып, қазақ ретінде жер басып, көшені шаңдатып жүрміз. Бірақ шынын айту керек, Қазақстандағы қатарда бар қоғамды қазақ емес, қазақ совет қоғамы, қазақ-кеңес отарлық немесе постотарлық мәдениеті дегеніміз дұрыс болар. Бұл қоғам, шынын айту керек, сапасыз қоғам, болашақ даму мен өсуге теріс әсерін тигізетін қатерлі қоғам. Мәселе осы қоғаммен қош айтысып, жаңа, тәуелсіз, егемен ұлт пен мемлекетке сай жаңа қоғам құру, дүниеге жаңа сападағы қазақ азаматын алып келу болып табылады.

– Мұның барлығы айтуға оңай. Қолды бір-ақ сілтеп, қош айтыссақ, екі толқынның арасын  байланыстырып тұрған алтын арқау үзіліп қалмай ма?

– Елімізде атқарылып жатқан барша модернизациялық жобалардың, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының басты міндеті, басты бағыты осы болуы шарт. Сондықтан орыстың әлемді, оның ішінде Батысты жау еткен сайқал саясатының сандырағын қайталай бермей, өзгенікін емес, өзіміздікін жасау міндет. Батыстан үйренетін тұстарымыз жетіп жатыр, оның басы – демократиялық дәстүр мен институттар. Бірақ бұларды да біз қазақыландырып, қазақы кейіпке салып, қорытып, ішімізден өткізіп, ұлттық нақышпен, салт-дәстүр, тарихи жол, мәдениетімізбен көмкеріп, пысықтауымыз керек. Оған біздің рухани қоржынымыз, ақыл-есіміз, ішкі түйсігіміз бен түсінігіміз жетеді.  

Алдағы уақытта Қазақстанның екі бағытқа – ЕурАзЭҚ және Орталық Азия елдеріне бағытталған интеграциясына өзгеріс енуі мүмкін бе?

– Өз басым Еуразиялық одақ сияқты құрылымдар мен институттардың болашағына сенбеймін. Себебі олардың астарында керемет бір қоғамдық қозғалыс немесе мәдени үдерістерді көріп отырған жоқпын. Шыны былай: Еуразиялық одақ – Ресейдің бұрынғы кеңестік мемлекеттерді ұстап қалып, уысынан шығармау үшін құрылған саяси-экономикалық жоба. Біздер үшін Еуразиялық одақ Ресеймен бірігу үшін емес, керісінше, кешегі империямен қоштасудың, ажырасудың құралы. Ерлі-зайыптылар ажырасатын кезде сот оларға уақыт береді: ортақ мүлкі, баласы, малы болғандықтан өздері біраз ойланып-толғанып алсын, райынан қайтар бәлкім дегендей. Біздікі де солай.

– Бұл уақыт пен тарих сотының екі елге берген уақыты ғой. Ресей элиталарының ойынан сіз не ұғасыз?

– КСРО, империя сатқындық кесірінен тарады, басшылардың әлсіздігінен бытырады, реті келгенде оны жинап алуға болады деп ойлайды. Ал шын мәнінде, империя тарихи үдерістер мен тенденциялардың кесірінен бытырап-тарады. Сүлеймен пайғамбар бастаған сұрапылдар тіріліп келсе де, Ресей кешегі ұлттық республикаларды мәңгі бақи уысында ұстап қала алмас еді. Басқаша, жаңағы ажырасуға жеткен ерлі-зайыптының мысалымен айтсақ былай: кешеге дейін арағын ішіп, мүлкін шашып, өмірі бойы қатын-бала-шағасын көкала қойдай сабаған отағасы өзінің иттігін түсіне қояр емес. Албасты қатынымды біреулер азғырып, теріс жолға салған болар, аз-маз түзу жүріп, еркелетсем, райынан қайтады деп ойлайды. Бірақ зайыбының да намысы болады, бала-шаға ер жетеді дегендей. Уақыт пен тарих сотында қазақ қоғамы өзінің тәуелсіз және егемен өмір сүру қақын он есе белсенділікпен дәлелдеп шығуы парыз.

– Сол сотқа  біздер қайта табысып, ауыз жаласу үшін емес, шын мәнінде қош айтысып, ат құйрығын кесісу үшін, бөлек отау құрып, бала-шағамызға бақытты болашақ сыйлау үшін бару керек шығар...

– Ресеймен, кешегі империямен қоштасудың, ажырасудың екі-ақ жолы бар: бірі соғыс (бұл жолды Грузия, Украина сияқты мемлекеттер таңдап, біраз жерінен айрылып қалды); екіншісі – алдап-сулау, уақыт жеңу (біраз кешегі республикалар Ресейдің саттелиті, буфер мемлекеті атанып, осы жолды таңдап келеді). Қайткен күнде де біз Ресейден алысқа кете алмаймыз. Арамызда сегіз мыңға жуық шақырым шекарамыз, ішімізде 21-22% орысымыз бар дегендей. Мемлекет ұнамаса түйеге тиеп, төркінге артып кететін қыздың жүгі емес. Ресеймен көрші болудың, экономикалық әріптес болудың тың, абыройымызды түсірмейтін, импершілдердің қытығына қатты тие бермейтін дәстүрі мен мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл "ойбай-ойбай" емес, дарақы айқай емес, үлкен шыдамды, мүддешілдікті, мұратшылдықты, сабыр мен парасатты қажет ететін ұзақмерзімді саяси, геосаяси ойын.

– Сіз айтып отырған мүддешілдік, мұратшылдық, сабыр мен парасат тек зиялының мойнындағы парыз сияқты ұғым қалыптасты. Билік, саяси элита және ұлт зиялыларының арасындағы түсінбестік осы  тұстан байқалатын тәрізді...

– Қазақ елі, қазақ жұрты осыдан 27 жыл бұрын егемендігін, тәуелсіздігін жариялады. Бірақ егемендікті жариялау мен егемен ел болудың арасы жер мен көктей болады. Ешбір кешегі бодан ел егемендігіне бір күнде қол жеткізген емес. Бізде де солай. Басқаша болуы мүмкін де емес. Егемен, тәуелсіз өміріміздің алғашқы кезеңін өткіздік, өткердік. Бұл кезеңді топшылап, мемлекетті, мемлекеттік институттарды құру кезеңі десек болар. Ендігі кезде екінші кезең басталып келеді. Бұл кезеңді тәуелсіз, егемен қазақ мемлекеттігін құру, құрылған мемлекетті қазақыландыру, ұлттандыру кезеңі деп атайтын боламыз. Бұл кезеңнің екі міндеті бар: ел, жер, ұлт бірлігін сақтай отырып, қазақ ұлттық мемлекетін құру, қазақ саяси ұлтын қалыптастыру; жаңа заманға, жаңа қоғамға сай жаңа сападағы қазақ азаматын дүниеге алып келу. Алдағы 15-20 жыл өткен 15-20 жылдан қиын, қатерлі, қастерлі болатыны қазірден бастап-ақ көрініп тұр.

– Осылардың жиынтығын былайша жалғастырсақ: Ресми  билік  реформалардың сәтсіздігіне дағдарыс кінәлі дейді. Ал кейбір сарапшылар "әлемдік деңгейде дағдарыс жоқ. Тек демографиялық мәселе экономикалық өсімге ықпал етіп отыр" дегенді алға тартады. Сіз біздің елдегі дағдарыстың сипатын қалай бағалайсыз? Табиғаты жағынан қайсысы жақын бізге?

– Күрделі сұрақ екен. Шынын айтсақ, бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Себебі көзқарастар мен пікірлер айтушының, пікір білдірушінің ұстанымы мен өмірдегі орнына байланып отырады. Реті келсе бұл тақырыпты бөлек бір дискуссияның өзегі етуге болады. Бірақ дағдарыс дейтін болсақ, өз басым қоғамдық-саяси тұрғыдан бірнеше үлкен шиеленісті мәселені көріп отырмын. Олар: бүгінгі экономиканың, экономикалық құрылымның болашақтағы даму, өсіп-өркендеу мақсаттарына қызмет ете алмауы. Бүгінгі құрылым жан-тәсілім экономикасы, ал еліміздегі білім беру, тәрбие беру, мәдениет салаларынан бастап, экономикалық салаларымыздың басым көпшілігі жаңа заманға, заманауи талаптарға сай емес, болашақ экономиканың емес, кешегі күннің экономикасының құрбаны мен құлы десек артық емес. Шикізатқа негізделген экономиканың уақыты өтіп, оған жан бітіретін, қозғағышына жанармай, энергия көзі болатын жалғыз ғана энергия көзі қалды. Ол – қоғамның өзі, адамдардың, азаматтардың бойындағы энергия, күш-қайрат, белсенділік. Бірақ оған жол ашу үшін кемі жемқорлық деген тажалды жеңіп, қоғам ішінде норма, мораль, әділеттілік туралы ортақ, қоғамға бірдей келісім-шарт жасасу керек. Оны түсінетін жауапты элита, жауапты билік көріп отырған жоқпыз. Бүгінгі билік, ағымдағы саяси режим өзінің әлеуметтік базасын тауысып жатыр, есесіне саяси сахнаға жаңа буын, тәуелсіздік буыны келіп жатыр.

– Биліктің осы буынмен он қайнаса да сорпасы қосылар емес, ортақ құндылықтар сөздігі мен жиынтығын қалыптастыра алмауымызға не себеп?  

– Бұл алдағы уақытта үлкен проблемаға айналып, көптеген шиеленістерге жол ашатын жайт. Оның үстіне қоғамның билікпен 1990-шы жылдары өзара жасасқан "адам құқықтарын бейбітшілікке айырбастаймыз" және "адам құқықтарын экономикалық өсімге айырбастаймыз" деген екі бейресми қоғамдық келісім-шартының уақыты өтіп, күші тарқап келеді. Қоғам ішінде әлеуметтік шиеленістер мен конфликтілер саны артып келеді. Халықтың кедейленуі, жиған-тергенінен айрылып, қарызға батуы қарқын алуда. Бұл ашығын айтайық, әлеуметтік және экономикалық жік және проблема. Қоғамның басым көпшілігі бүгінгі жағдайын "асқан әділетсіздік" деп тауып, түсінуде.  Бұны түсінген билік "солшыл бұрылыс" жасап, қазаққа қарай бұрылып жатыр, алайда биліктің бұл ойын түсініп, тереңіне барып жатқан шенеуніктер тобы, зиялылар қауымы жоқ.

Президенттің "әлеуметтік бірлік" атты идеологиясын түсінген биліктегі адамдардың саны бес-оннан аспаса, қоғам белсенділерінің отыз-қырқы бар шығар. Бірақ бұл аздық етіп жатыр. Елдегі барша институттар дағдарып жатыр. Жақын арада демократиялық реформаларды бастап кетпесе, ертеңгі күндері ел басына күн туатын жағдай туа қалса, қоғам ішінде таяқ тастар күш немесе топ таба алмайтын жағдайға жеттік. Биліктің ішінен тарс жабылып алуы, әлеуметтік лифтілер мен баспалдақтардың бұзылып, жұмыс істемеуіне соқтырып жатыр.

– "Қазақстанда модераторлар институтын күшейту  керек"  деген пікірлер жиі айтылады. Үкіметтің экономикалық блогынан креативті шешімдердің байқала бермеуі модераторлар институтының әлсіздігінен емес пе?

Модераторлар, мәмілегерлер институты жұмыс істеуі үшін екі нәрсе керек. Бірі – сенім. Біздің қоғамда ешкім ешкімге сенбейді. Жалпы алғанда мемлекеттің, биліктің басты жұмысы жол салып, көпір құру емес, өнеркәсіптік дәрежеде сенім деген дүниені, тауарды көптеп өндіру. Билік, өкінішке қарай осыны істей алар емес, істегісі де жоқ, түсініп те жатқан жоқ. Екіншісі – құлық. Билік ешкіммен санасқысы жоқ, өзін мессиандық дәрежедегі пайғамбармын деп ұғынады. Пайғамбарға модератор мен мәмілегерлердің қажеті шамалы. Біз құдайдың жоспарында бармыз ба деп қайта-қайта сұрағаннан гөрі, құдай біздің жоспарымызда бар ма деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоятын кездер болады. Бұл да солай.

– Отандық экономистер мен саясаттанушылар пікіріне билік қаншалықты ден қояды?

– Билік өзіне қажет кезде сарапшыларды тартып, пікірін тыңдап, еңбегін пайдаланып жатады. Бірақ жүйелі жұмыс жоқтың қасы. Сарапшылар билік пен қоғамның арасын жақындатушы, бір-біріне табыстырушы, сөзін, ойын жеткізуші, тәпсірлеуші деген ой биліктегілерге тек басына қауіп-қатер төнген кезде ғана келеді. Билік ішінде сарапшылармен қоян-қолтық, жүйелі түрде кездесіп, пікірін тыңдап, ортақ жұмысқа тартып жатқан 4-5 адам бар шығар. Қалғандары сарапшыларды тек үгіт-насихатшы ретінде ғана қабылдағысы келеді. Билікке бас шайқайтындар емес, изейтіндер қажет. Оларға бас емес, ми емес, ауыз емес, құлақ қана керек. Менің әрбір сөзімді пайғамбар үмбетінің аяны деп қабылдасаң доссың, теріс пікір естіп қалсаң, айтқанына сыни пікір айтсаң ата жаусың, халық жауысың. Бұл, әрине, өкінішті жағдай.

– Қазақ тілінің қолданылу деңгейі және Оғыз Доған туралы пікіріңіз қандай? Оған қоғамның назарының аударылуы Доған мырзаның шетелдік азамат екендігі ғана ма?

– Өз басым қазақ тілінің абыройын, әл-ауқатын, қолдану аясын кеңейтетін әрбір шараны қолдауға әзірмін. Қоғам болған соң оның ішінде әртүрлі тәсілдер, әртүрлі қысым мен сес көрсету, мәжбүрлеу жолдары болғаны қажет. Оғыз Доғанның тәсілі мен жолдарына өз басым ешқандай қарсы пікір айта алмаймын. Егер оның арқасында банктер аз да болса қазақ мәселесі туралы ойланып, тиісті шара қабылдап, жұмысқа 20-30 қазақтілді маманды тартып жатса несі жаман?  Ондай азаматтар елімізде құдайға шүкір бар. Аймақтарда Руза Бейсенбайқызы сияқты апаларымыз да бар. Ең өкініштісі, біздің билік сол Руза апайымыз сияқты азаматтарды өзінің оң қолы, қолын ұзартушы, буулы тұрған аузындағы айта алмай жатқан сөздерін қоғамға жеткізуші деп қабылдаса ғой, шіркін. Сондай азаматтарды ресми-бейресми жинап, нақты бағыттарды көрсетіп, нақты мекемелерге бағыттап жатса, аймақтардағы, әсіресе солтүстік аймақтардағы қазақ тілінің мәселесі біраз алға жылжитын еді, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңіп, арман-мұраты кешегі империяны қайтарып, орманға қарап ұлитын астыртын обкомдар мен қалалық комитеттердегі жаубүйрек саботажшылардың есі шығып, тынысы тарылар еді. Оны түсінетін әкімдер қайда бірақ?

БАҚ-тағы пікірлердің тым саясиланып немесе тым шоу-индустрияға бет бұрып кетуі сізді қауіптендірмей ме?

– Елдегі БАҚ қоғамнан асып кете алмайды. Қоғамы қандай болса, билігі де, бұқаралық ақпарат құралы да сондай болады. Есі дұрыс журналистерді іздеп, оларға қолдау көрсетіп, газетіне жазылып жүрген белсенді қоғам көріп отырған жоқпын. Демек бұл жағдай бүгінгі қазақ қоғамына ұнап отыр деген сөз. Егер әнші қыздың омырауы мен ажырасқан қырық бесінші байы қызығырақ болса, қоғам оны журналистерден емес, өзінен көруі керек. Платон ба, Сократ па баяғыда айтыпты: шәкірті дайын болса, ұстазы қашан да табылады деп. Шынайы, шыншыл баспасөз пайда болуы үшін шынайы сұраныс туындауы қажет. Жұрт алдында тұрған табақ етінің бір бөлігін өзінің азаматтық таңдауы үшін қия білетіндей жағдайда болуы парыз.

– Біздің БАҚ ара-салмақты қатар алып жүр ме?

– Сұрауы жоқ, сұранысы жоқ, таңдауы мен талғамы жоқ қоғамда белсенді, шынайы, шыншыл, өткір баспасөз пайда бола алмайды. Жылы төсек-көрпе мен диваннан кішкене болса да көтеріліп, орнынан тұрып, жан-жағына көзін айқара ашып қараған қоғам керек. Қалғанының барлығы далбаса.

Біздің қоғамдағы элита немесе тұлғаның жиынтық образын сіз көз алдыңызға қалай елестетесіз?

– Бүгінде қазақ қоғамында екі типтік образ бар. Бірі қазақ партия-совет заманынан келе жатқан образ. Екіншісі дәстүрлі қазақ қоғамының типтік образы. Әзірге күрес осы екеуінің арасында жүріп жатыр. Бірақ шындап келсек, болашаққа екеуі де өте алмайды. Нағыз күрес үшінші, жаңа типтегі, жаңа заманға сай қазақтың типтік образы үшін жүріп жатыр. Оның образын сомдаймын, жасаймын деген топтардың арасындағы бәсекелестік күн санап артып келеді. Ол кім болады: орысшыл ма, уақапшыл ма, жаңашыл ма, ескішіл ме, дәстүршіл ме, мәңгүрт пе, батысшыл ма, шығысшыл ма, қазақтілді ме, үштілді ме?  

– Қоғамда жаңа типтегі қазақтың образын жасауға талпыныс бар ма?

– Егер осыны өзіміз жасамасақ, осыған белсенді араласпасақ, оны басқа біреулер, басқа күштер жасап береді. Өкініштісі қазақ ішінде болашақты ойлайтын адамдардың саны тым аз, болашақ образын сомдап жатқан жазушы, культуртрегерлер жоқтың қасы. Басымызды артқа қаратып, бір орнында теңселіп тұрған сияқтымыз.   

Мазмұны, тіпті сюжеті жағынан салмағы болмаса да, шенеуніктің көшеде немесе автобустағы жүрісі БАҚ пен әлеуметтік желі үшін хит тақырыпқа айналды. Билік пен бұқараның арасы тым алшақтап  кетуінің салдары емес пе бұл көрініс...

– Мұны ақымақтық деу керек шығар. Шенеуніктер құдай емес, пайғамбардың үмбеті емес, ет пен сүйектен жаратылған пенденің бірі. Автобусқа мінгенін жария қылып, дабыралату – көргенсіздік. Ол туралы мақала жазу, оны оқығаннан кейін тебіреніп, қуанышы ішіне сыймау – журналистер мен оқырмандардың таяздығы. Егер осылай кете беретін болса, ана шенеунік таңертең тісін щеткамен ысыпты, мына шенеунік үлкен дәрет алыпты деп қуанатын жағдайға жетеміз. Құдай сақтасын, әрине...

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу