"Қаламқас-теңіз" жобасының инвестициялық пакеті 7 млрд долларға жетуі мүмкін

4212

"Ақтоты", "Қайран" кен орындары 5 жыл зерттеледі.

"Қаламқас-теңіз" жобасының инвестициялық пакеті 7 млрд долларға жетуі мүмкін

Солтүстік Каспий қайраңында "Қашаған" кенішінен бөлек "Қаламқас-теңіз", "Хазар", "Ақтоты" және "Қайран" кен орындары бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Білетіндер аты аталған кеніштердің барлығы игерілсе, отандық мұнай-газ саласының тасы өрге домалап, Қазақстан мұнай-сервис компанияларының айы оңынан туатынын айтады. Ал білмейтіндер қазақ мұнайы қай жерде, қалай өндіріліп жатқанына және болашақта қайдан алынатынына бас қатырмайды.

Негізі таяу болашақта Атырау, Маңғыстау облыстарының аумағында бірлескен жобалар жүзеге асырылып, әуелі "Қаламқас", "Хазар", кейін "Ақтоты", "Қайран" кеніштерін игеру жоспарланған. Бұл туралы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн тілшілермен тілдескенде: "Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В." (КМОК) компаниясымен бірлесіп, "Қаламқас-теңіз" және оған жақын орналасқан "Хазар" кеніштерін игеруге келістік. Осылайша шығындарды азайтып, экономикалық тиімділікті арттырмақшымыз. Қазір инженерлік-техникалық зерттеу жұмыстарының алғышарттары жасалып жатыр. NCOC консорциумы кен орындарын игеру жоспарын 2019 жылдың екінші жартысында ұсынады. Ерекше атап көрсетерлігі, Қазақстанда екі кенішті екі компанияның бірлесіп игеруі бірінші рет жүзеге асайын деп отыр. Бұл әлемде кең таралған тәжірибе. Мысал ретінде Британияның Солтүстік теңіздегі, Американың Мексика шығанағы жағалауындағы іс-шараларын келтіруге болады", – деді.

"Қаламқас-теңіз" бен "Хазар" кен орындарында 67 млн тонна мұнай, 9 млрд куб газ қоры бар. Жоба жүзеге асатын болса, тереңде жатқан қазба байлық ел игілігіне жаратылады.

Естеріңізге салайық, 2013 жылы NCOC халықаралық консорциумы "Қаламқас-теңіз" кен орнының ашылғанын жариялады. Ал "Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В." (КМОК) компаниясының жобасы болып табылатын "Хазар" кен орны 2007 жылы пайда болды.

Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, "Қаламқас-теңіз" жобасының инвестициялық пакеті қыруар қаржыны құрауы мүмкін.

"Жобаны жүзеге асыру үшін 7 млрд доллар қажет болады деген болжам бар. Мұнайшыларға 2024 жылға дейін 125 млн мұнай өндіру міндеті қойылып отыр. Бізге бұл көрсеткішке жету үшін "Теңіз", "Қаламқас-теңіз" кен орындарынан өндірілетін мұнай өндірісін еселеу қажет. Бүгінгі таңда Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау аймақтарында мұнай өндірісінің көрсеткіші қысқарып келеді. Инвесторлардың бұл аймақтарға қаржы құйғылары келмейді. Ұмытпасаңыздар, "Қашаған" жобасы мерзімінен 10 жыл кешігіп қосылды. "Қаламқас-теңіз" кен орнында мұндай кемшілік болмайды деп үміттенеміз. Себебі бізде тәжірибе бар", – деді Рашид Жақсылықов.

"Ақтоты", "Қайран" кен орындары да назардан тыс қалмақ емес.

"Инвесторлар Қазақстан үкіметімен, сондай-ақ "PSA" ЖШС-мен ортақ мәмілеге келді. Келісім талабы бойынша, алдағы 5 жылда NCOC консорциумының мамандары "Ақтоты", "Қайран" кен орындарын зерттейді. Зерттеу қорытындысы белгілі болған соң нақты іске көшеміз, – деді бұл турасында NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу