"Қазақстанда сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өнім"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3214

Үкімет өндіріске жаңа технология енгізген машина жасау саласындағы кәсіпорындарды қолдауға әзір. 

"Қазақстанда сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өнім"

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ел үкіметі машина жасау саласындағы экспортты арттыратын кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын.

"Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2019-2030 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ондағы мақсат – отандық машина жасау саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, ішкі нарықты отандық өніммен қамту, сондай-ақ экспорт деңгейін көтеру. Жоспар аясында қолдаудың қаржылық шаралары да қарастырылған. Бірақ мемлекеттік қолдауға қарымта жауап ретінде бизнес тарапы жауапкершілікті арттыруға тиіс. Яғни экспортты үлғайту, еңбек өнімділігін еселеу секілді қадамдарға баруы керек. Міне, осындай міндеттемелерді қолға алуға, техникалық жаңаруға қаржы салуға дайын және жаһандық нарықтарға шығуға әзір кәсіпорындарға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді", – деді Жеңіс Қасымбек Астанадағы Қазақстан машина жасаушыларының VI форумында.

Министрдің сөзінше, машина жасау саласы – мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағытының бірі. Соңғы жылдары бұл сала жаңа деңгейге көтеріліп, жаңа бағытқа бет бұрды.

"2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асты. Өндірістің өсімі 13,8 пайызды құрады. Машина жасау саласының секторлары арасында автомобиль құрастыру бағыты жоғары өсім көрсетіп отыр. Биыл 8 айда жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан астам  автомобиль шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп", – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзінше, өндірістің өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы оң әсер еткен. Сонымен қатар экспорттық нарықтардың ашылуы да өз септігін тигізген. Бұдан бөлек, жеңілдікпен автонесиелеу және лизингтік қаржыландыру бағдарламалары өндірістің өсіміне ықпал етті.

"2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылған болса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі. Келер жылы жеңілдікпен автонесиелеу (10 млрд теңге) және коммерциялық техниканы лизингтік қаржыландыру (30 млрд теңге) бағдарламаларын жалғастыру жоспарланып отыр", – деді инвестициялар және даму министрі өз баяндамасында.

Сонымен қатар Қазақстанда темір жол және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруда да ілгерілеушілік бар. Жеңіс Қасымбек келтірген мәліметтерге сүйенсек, соңғы 8 айда 1 мыңнан астам жүк вагоны өндірілген. Көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2 пайызға артық.

"Темір жол техникалары өндірісіндегі өсімге мемлекеттік қолдау оң әсер берді. Мәселен, былтыр "Қазақстан даму банкі-Лизинг" компаниясы 80  пұттық платформаларды өндіруге 50 млрд теңге бөлді. Ал 2018-2019 жылдары 3 мың вагон шығару жоспарланып отыр", – деді министр.

Жалпы, "Бәйтерек" холдингіне қарайтын Қазақстанның даму банкі машина жасау саласын қаржыландыруды ұлғайтуға дайын.

"Банктің кредиттік портфеліндегі машина жасау саласының үлесі аса көп емес. Жалпы несиелеу көлемінің небары 1,2 пайызын ғана құрайды. Дегенмен, бұл сала Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Бүгінде Қазақстан даму банкі машина жасау саласындағы 5 инвестициялық жобаға және 1 экспортқа бағдарланған операцияға қызмет көрсетуде. Олардың жалпы құны 96,5 млрд теңгеге тең. "Қазақстан даму банкі-Лизинг" компаниясының лизингтік портфеліндегі машина жасау саласының үлесі 15,1 пайызды құрап отыр. Қашаған кен орынында мұнай өндірудің басталғанын, сондай-ақ Теңіз жобасындағы өндірісті кеңейту жоспарлап отырғанын ескерсек, машина жасау саласындағы мұнай-газ секторының әлеуеті жоғары болмақ. Сондықтан банк осы саладағы жақсы жобаларды қарастыруға әзір", – деді форумға қатысқан Қазақстанның даму банкінің басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ауыл шаруашылығы машинасын жасау бағыты да үлкен әлеуетке ие.

"2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8 пайызға көп. Өндіріс көлемінің өсуі "Агромашхолдинг" компаниясы, "Вектор" комбайн зауыты, Қазақстандық агро-инновациялық корпорация секілді кәсіпорындарда байқалып отыр. Мемлекет саланы қолдаудың шараларын қабылдауда. Атап айтқанда, биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне 3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Министрлік келесі жылы қосымша 3 млрд теңгені бөлуді пысықтауда", – деді Жеңіс Қасымбек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу