"Майқайыңалтынның" шоты бұғатталып, өндіріс уақытша тоқтады

6773

Соның салдарынан жұмысшылар ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр болды.

"Майқайыңалтынның" шоты бұғатталып, өндіріс уақытша тоқтады

"Майқайыңалтын" акционерлік қоғамы биыл 360 тонна өнім өндіріп, өңдеуді жоспарлаған еді. Алайда, бұл көрсеткіштің орындалмайтын түрі бар. Өткен аптада Баянауыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпорынның есепшоттарын бұғаттады. Себебі, "Майқайыңалтын" АҚ 2013-2014 жылдары пайдалы қазбаларды өндіргені үшін салық төлемеген. Осының салдарынан өндіріс уақытша тоқтап, "Майқайың-В" кенішіндегі жұмысшыларды белгісіз мерзімге демалысқа жіберуге тура келген. Бүгінгі таңда қоймада 5 тонна дизельді отын мен 2 тонна көмір ғана қалған. Олар тек бірнеше тәулікке жеткілікті көрінеді. Қосымша отын сатып алатын қаржы жоқ.

"Майқайыңалтын" кәсіпорны келісімшарт негізінде пайдалы қазбаның төрт түрін, атап айтқанда алтын, күміс, мыс пен цинкті алады. Қалғаны – табыс әкелмейтін ілеспелі өндіру. Яғни, оларды өңдеу мен өнім алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Салық кодексінің бұрынғы, 2015 жылғы редакциясына сәйкес, біз 2013-2014 жылдардағы ілеспелі өндіріс үшін салық төлеуге міндетті емеспіз", – дейді "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин.

Ал облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері олай ойламайды. Түсіндіру жұмыстары жөніндегі басқарма басшысы Галина Бирюкованың айтуынша, барлық шара заң аясында жүзеге асып отыр.

"Камералық бақылау кезінде "Майқайыңалтын" кәсіпорнының негізгіден бөлек, ілеспелі өндіріспен айналысатыны да белгілі болды. Аталмыш жайт анықталған қыркүйек айында Баянауыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы өндіріс орнының басшылығына ескерту жолдады. Кейін "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамы 2015-2017 жылдары өтелмеген салықты төледі. Бірақ, толыққанды емес. Жеті түрлі пайдалы қазбаның тек бесеуі бойынша міндетті төлем өтелді. Кәсіпорын басшылығы өндірілген барит үшін салықтың төленбеуін оның сатылмауымен, күкірттің салық мөлшерінің болмауымен байланыстырды. Жергілікті басқарма бұл төлемдерді орындалмаған деп санады. Ал 2013-2014 жылдары пайдалы қазбаны өндіргені үшін салық мүлде төленген жоқ. Баянауыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы осы жайттарды назарға алып, Салық кодексінің 118-бабына сәйкес кәсіпорынның банк шоттары бойынша есеп айырысуын тоқтатты", – деп түсіндірді Галина Бирюкова.

2013-2014 жылғы өтелмеген салық көлемі әзірше белгісіз. Оны анықтау үшін, жалпы өндіріс орнындағы мән-жайды білу мақсатында салық органдары тарапынан құжаттық бақылау жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы ескерту қағаз кәсіпорын басшылығының қолына тие сала, банк шоттарындағы бұғаттау алынады. Демек, кәсіпорын бірнеше күн ішінде істі қайта жалғастыруы әбден мүмкін.

Айта кетелік, "Майқайыңалтын" АҚ – Павлодар облысындағы ірі салық төлеушілердің бірі. Аталмыш компания 2015 жылы мемлекет қазынасына 441 млн теңге, 2016 жылы 976 млн теңге, 2017 жылы 2 млрд 5 млн теңге және осы жылдың 11 айы аралығында 2 млрд 325 млн теңге аударған екен.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу