"Мен қазір шетелдің ешқайсысына демалуға барғым келмейді!"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3564

Президент Нұрсұлтан Назарбаев демалу үшін қазір шетелге шықпайтынын, барлық демалысын Қазақстанның көркем де керемет табиғаты аясында өткізуді қалайтынын мәлімдеді.

"Мен қазір шетелдің ешқайсысына демалуға барғым келмейді!"

Бұл мәлімдемесін ол "Хабар" телеарнасына берген сұхбаты кезінде жасады. Abctv порталы елбасы сұхбатының ең қызық әрі елді елең еткізер тұстарын оқырман назарына ұсынады.

"2022 жылы 1-сыныпты түгел латын қарпіне көшірсек"
Президент ең алдымен өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында айтылған рухани даму мәселелеріне кеңірек тоқталды. "Біз тәуелсіздік жылдары экономикасы да, өзі де орташа бай елдердің қатарына кірдік. Ал енді озық дамыған елдердің деңгейіне шығу үшін не істеу керек? Осыған қатысты мен ел алдына міндет қойдым. Оның ішіндегі ең негізгі мәселе – рухани даму болып саналады. Әрбір мемлекеттің өркендеген экономикасы, жақсы саясаты болуы қажет. Бірақ қоғамының рухани санасы жоғары болмаса, отансүйгіштігі болмаса, елді алға қарай ілгерілету міндеттерін орындау мүмкін емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рухани жаңғыру аясында ол қазақ тілін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру жұмыстарын бастауды ұсынған болатын. Жуырда мәлімделгеніндей, "Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру" арнайы жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы алдағы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын президент пен қоғам қарауына ұсынатын болыпты.

Осы орайда елбасы орыс тілінен енген кірме әріптерден құтылу қажеттігін осы іске жауапты адамдардың қаперіне салды.

"Кириллицадан кірген, алайда бізге керек емес әріптер бар. Мысалы, қазақта "щ", "я", "ъ", "ь", "ч", "ц", "э" сияқты әріптер болмаған. Олар қазір біздің алфавитте отыр, пайдаланылмайды. Пайдаланылғанның өзінде, біздің қазақ тілінің негізгі нұсқасын бұзып жібереді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан біраз бұрын ғалымдар бұл істе бізге дейін латыншаға ауысқан түркітілдес елдердің тәжірибесі пайдаланылатынын мәлімдеген болатын. Алайда өз сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев олардың тәжірибесінде өзіне ұнамайтын тұстар барлығын білдірді.

"Біз олардың қалай ауысқанын көріп отырмыз. Мысалы, өзбек ағайындар осыған көшуін көшті, бірақ көп жылдан бері жолын таба алмай жүр. Түркияның жағдайы басқаша болды, ол Ататүрік тұсында бес-алты жыл ішінде түсіп кетті. Ол Түркияны Еуропаға жақындату ойымен істелген мәселе болатын. Бұл ретте асығыстықпен, әр әріптің үстіне нүкте-жұрнақтар қойылды. Менің ойымша, біз өз әріптерімізді компьютерге лайықтап, ешқандай нүктесіз-жұрнақсыз жасауымызға болады. Мысалы, ағылшын тілінде "ш" деген бір әріпті "sh" деп, екі әріппен береді. Егер сондай жолдарын табар болсақ, ешқандай нүкте-сызықшаларсыз әліпби жасауға болады, – деді ол.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне тек қазақ тілі ғана көшетінін, орыс тілі кириллицада қалатынын және орыстілді басылымдар ескі графикасында шыға беретінін баса айтты. Ендеше еліміздегі орыс тілді басылымдардың шулауы әбестік.

Шуды көтеріп жүргендердің арасында жазушылар да бар екендігі жасырын емес. Оны президент те біледі екен.

"Біздің зиялы қауым кириллицада басылған бүгінгі жазбалары, кітаптары латыншаға көше алмай, қалып қала ма деп қауіп қылады. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Қазір компьютер арқылы кез келген кітапты жаңа әліпбиге көшіре салып, баса беруге болады. Бұл жағынан менің еш күмәнім жоқ. Қажеттінің ешқайсысы артта қалмайды. Бірақ кітаптардың қайсысын жаңа әліпбиге аударамыз, ол тиісті топтың мәселесі болады, – деді ол.

Президент латынша әліпбиге көшу дәйекті, әрі асығыссыз-аптығусыз жүретініне сендірді.

"Бұл жөнінде қазір үлкен жұмыс атқарылуда. Жақында мен бір-екі нұсқасын қарайтын боламын. Осы іспен айналысып жүрген ғалымдарды, тілмәштарды, басқаларының барлығын жинап, солармен бірге отырып, қарап, бір жобаға тоқтайтын боламыз. Бұл әбден ойланып, асықпай-саспай жасайтын мәселе. Алдымен әліпбиді дайындап, жариялайық. Ептеп-ептеп енгізейік. Сосын газет-журналдардың бір бөліктерін, кей мақалаларды жаңа әліпбимен басайық. Жұрттың көзі үйренсін. Балалардың бәрі ағылшын тілін оқиды, оларда латын қарпіне қатысты ешқандай проблема бола қоймас. Содан 2022 жылдан бастап, 1-сыныпты түгел соған көшірсек, онда ары қарай кете беретін боламыз", – деген президент мұны "үлкен саяси мәселе" деп атады. Бұл "қазақ тілін ғасырлар бойы сақтап қалу үшін жасалып отырғанын" да қосты.

Елбасының ұйқысыз түндері
"Рухани жаңғыру" аясында Қазақстан көшбасшысы "Туған жер" бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Президенттің пайымдауынша, егер ұлы даламыздағы барлық жер-су аттарын және олардың шығу тегін тіркеп қойсақ, "қазақтың тарихы ешқашан өшпейді".

"Бұл әлі жасалған жоқ. Мен былай деп ұсыныс енгізгем. Студенттер жазда ауылдарына барған кезде, тапсырма алып, өз елдімекенінің аты қайдан шыққан, ол жерлердегі аңыздардың түп-төркіні қайда, өлкедегі атақты тарихи тұлғалар кімдер, басқа жерлерде жоқ қандай өсімдіктер бар, соларды жергілікті адамдар аузынан жазып алып келсе, осылайша, әрбір өңірдің тарихы жазылар болса, қазақ елінің тарихы түгенделіп, сақталып қалар еді", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев ұйқысыз түндерде, әлдебір істерге мазасызданғанда, алаң көңілін қалай басатынын әңгімеледі.

"Отан дегенде ең алдымен, есіңе ата-анаң келеді. Содан кейін кіндік қаның тамған, сәби кезің өткен туған жерің еске түседі. Адам қанша жасқа жетсе те, жатарда, не демалып отырғанда, бала кезі көз алдына келеді емес пе. Менде де ылғи солай болады. Кейде ойға батып, қиял қанатына мінгенде, не ұйықтай алмай жатқанда, бала кезде жүрген жерлерді ойша шоламын. Балалық шақтағыдай қиялмен өзім өскен Алатаудың баурайын шарлап, тауға өрлеп, ауылымның көшесін аралағанда, піскен алма, жидектердің жұпар иісін еске түсіргенде, жүрегім жылып, рахат сезімге бөленемін", – деген Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды туған жерге немқұрайлы қарамауға, оны ізгі істермен қолдауға шақырды.  

Ол өз мақаласында ұсынған "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасына қатысты да ұсыныстар айта кетті.  

"Францияға барсаң, олар Наполеонның жатқан жерін, басқа да тарихи жерлерін көрсетеді. Испанияға барсаң, өздерінің ескі астанасын, киелі тау-суларын көрсетеді. Қазақстан да ешкімнен кем емес. Бізде де киелі жерлер көп. Бірақ киелі жерлер дегенде, әркім өз ата-бабасының мола-мазарларын айтуының қажеті жоқ. Біздің қазақ оған да түсіп кетеді", – деген Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзіне көрсетуге лайықты киелі жерлер қатарында Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан Бап кесенелерін, Отырарды, оңтүстіктегі Алтын адам табылған Есік мекенін, орталықтағы Ұлытауды, Шығыс Қазақстандағы Берел кешенін, батыстағы Жайық бойында Алтын орда хандарының жатқан жерін атады. 

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды шетелге мойын соза бермей, ең алдымен өз елінің өңірлерін тануға шақырды.

"Біздегі киелі жерлер ішкі туризмді дамыту үшін де керек. Қазір кеңдік болғандықтан, біз жер шарын шарлап, демалысқа әртүрлі елдерге кетеміз. Бір қазақтан: "Сен Қазақстанның барлық жерлерін аралап шықтың ба?" деп сұрап көрсең, ондайы аз. Мысалы, осы жылдар ішінде Қазақстанның мен бармаған түкпірі жоқ деп айта аламын. Әрине, жеті мың бес жүз ауылдың бәрінде болмаған шығармын. Бірақ 175 ауданның бәрінде болдым деуге келеді. Мен дүниедегі адамдар демалатын әдемі жерлердің бәрін көріп шыққан адаммын. Келер ұрпаққа да, замандастарыма да айта аламын: мен қазір бөтен жердің ешқайсысына демалуға барғым келмейді. Қазір біз отырған Бурабайдай керемет жерді көрмейсің! Табиғаты сақталған, әдемі, жердің жәннаты сияқты. Көлдері де, таулары да бар. Осы сияқты Шығыс Қазақстанға барсаң, адам аяғы баспаған жерлерге кезігесің. Ертістің суының 80 пайызы біздегі өзендерден құралатынын көп ешкім біле бермейді. Сол сарқыраған әр өзеннің бойы керемет. Анау Мұзтауға дейін барсаң, араласаң, одан артық ләззат алатын жерлер өте аз. Алатаудың баурайы өз алдына: қысқы шаңғы тебу сияқты тамашасы жетерлік", – деген Нұрсұлтан Назарбаев бізде тауды сүйетіндерге де, даланы сүйетіндерге де қызық табылатынын нықтады. 

Кеңес одағын шулатқан істі Қазақстан ың-шыңсыз тындырды
Сұхбат барысында елбасы отандық туризмді дамытудың перспективалары және сол арқылы өңірлердегі бизнестің өркендеуі жөнінде әңгімеледі.

"Нұрлы жол" бағдарламасының мәнін қазақстандықтар әлі түсіне қойған жоқ. Біз тарихымызда ұлан-ғайыр жеріміздің о шетінен бұ шетіне дейін еш уақытта мұндай даңғыл жолдар салған емеспіз. Қазір Шымкенттен Алматыға не Ақтөбеге көзді ашып-жұмғанша, жылдам жетуге болады. Мына Астана мен Бурабай арасындағы автобан сияқты жолдар Қытай шекарасынан бастау алып, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе өңірлерін басып отырып, Ресейге шықты. 2700 шақырым. Ал "Нұрлы жол" бағдарламасы Астанамыздан шұғылалы қағидат бойынша жолдарды жан-жаққа таратады. Ел экономикасы іштен дамуы үшін өз өңірлеріміз арасында қарым-қатынас болуы керек және ол қатынас жылдам болуы керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол ішкі туризм мен бизнесті дамытудың негізгі шарты да осы екенін атап өтті:

"Егер елге келген саяхатшылар жақсы жолдармен елді шарлай алмайтын болса, туризм дамымайды. Ал мынадай даңғыл жолмен жүрудің өзі қандай ғанибет! Көлігің болса, 150 шақырым жылдамдықты қойып қоясың да, айдайсың. Сол жолдар бойында тиісті инфрақұрылым, қонақүйлер, дәмхана-асханалар пайда болады, шағын және орта бизнес дамиды", – деді мемлекет басшысы.

Ол Қазақстанның кеңес одағын қай жағынан артта қалдырғанын да айтты:

"Мына ел байқамай да қалды. Біз екі жыл ішінде Қытайдан бастап, Жезқазғанға, одан Каспийге дейін 1500 шақырымдық темір жол салдық. Баяғыда кеңес одағында "БАМ" деп, бүкіл одаққа шуылдап, комсомолдық құрылыс деп, анау-мынау деп, барлығын жинап салатын. Біз үн-түнсіз бір жарым мың шақырымдық темір жол салып тастадық. Сол жолдың бойында, иен далада, Бетпақдаланың ортасында темір жол стансалары пайда болды. Ауылдар, тұрғын үйлер бой түзеді. Қоғамдық тамақтану, көлікке қызмет көрсету орындары ашылды. Бетпақдалада өмір пайда болды", – деді ол.

Сөз соңында елбасы болашаққа қандай мұра қалдырып жатқанымызды атап көрсетті: "Қазір салып жатқан инфрақұрылым мен жолдар біздің немере-шөберелерімізге, кейінгі ұрпаққа қалады. Сонда олар: "100 жыл бұрын салынған осы жолдармен қазір де жүріп келеміз!" деп айтып отыратын болады", – деп қорытындылады сөзін президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу