Соңғы күндері шетел баспасөзінде Қазақстан жайлы жарық көрген материалдардың көбі қазақ сотының Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламау туралы шешіміне қатысты болды. Бүкіл әлем көз тіккен бұл мәселе жөнінде хабар-ошарлар мен мақалалар жариялаған ақпарат құралдары аз емес. Солардың қатарында дүниежүзіне әйгілі басылымдар көп: "Уолл Стрит Джорнал", "Файниэншл таймс", "Нью-Йорк Таймс", "Рейтер", "Гардиан", "Франс пресс" және т.б.
Жапонияның "Никкей Азия Ревью" газеті Сайрагүлдің тағдыры жайлы сыр шерте отырып, оның мұндай жағдайға душар болуын Шыңжаң билігіне жаңа адамның келуімен байланыстырған.
"Қытайда 1,5 миллионға жуық қазақ бар. Олардың көбі Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Аймағында тұрады. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін 88 мыңнан астам қазақ тарихи отанына оралды. Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға қысым Компартияның жергілікті филиалының хатшылығына 2016 жылдың тамызында Чэнь Куангуо келгеннен кейін басталды. Чэнь Тибетте жүргізген қатаң этникалық саясатымен көпке танымал. Ол Шыңжаң басшылығына келгелі, Қытайдан Қазақстанға көшкен қазақтар саны артты: 2015 жылы небары 628 қазақ Қазақстанға оралса, 2017 жылы олардың саны 3184-ке жетті", – деп жазады жапондық журналист. Ал "Файниэншл таймс" Шыңжаңда мыңдаған адамның қамалуын экономика мен тұрақтылық тұрғысынан түсіндіруге тырысқан. Британдық газеттің мәліметінше, Шыңжаң жер аумағы бойынша Германияны екі орап алады. Онда Қытай мұнайының бестен бір бөлігі, көмірінің жартысы және мол газ қоры жатыр. Бұған қоса, Шыңжаң – президент Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" бастамасы үшін маңызы зор Орталық Азия, Таяу Шығыс нарықтарына апаратын экономикалық дәлізде орналасқан. Соңғы екі жылда бұл аймақта жүздеген мың адам қамалды. Олардың көбі – ұйғырлар.
"Экономикалық магистраль бойында тұрған Шыңжаң, "Бір белдеу, бір жол бастамасы" үшін – шешуші элемент. Шыңжаңда тұрақтылық болмаса, ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес", – дейді осы газетке берген сұхбатында Шанхай Халықаралық зерттеулер институтының профессоры Ванг Де Хуа.
Қазақстан органикалық дақылдар нарығында өз орнын іздемек
"Блумберг" болса, шілденің 18-дегі материалын Қазақстанның органикалық дақылдарға ден қоюына арнапты. Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстан өзінің игерілмеген байтақ даласын соя және өзге де генетикалық модификацияланбаған дақылдарды егуге пайдаланып, сол өнімді Қытай мен Еуропа одағы тәрізді нарықтарға экспорттамақ.
Әлем бойынша органикалық тағамдар нарығының құны бүгінде 90 миллиард доллардан асып отыр. Бұл кәсіп, әсіресе, АҚШ пен Еуропада өркендеп келеді. Өйткені, пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардан ада әрі денсаулыққа зияны жоқ сау тағамдар мен ингредиенттерге сұраныс жоғары.
"Блумбергтің" мәліметінше, Қазақстан соя дақылдары өндірісін алдағы жеті жылда 3,9 миллион метрикалық тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Және де сол үшін фермерлердің шығыны субсидияланып, ғимараттар мен ирригациялық жүйелер салынады.
Америкалық агенттіктің тағы бір дерегінше, Қазақстанның органикалық индустриясы салыстырмалы түрде шағын және оның ауылшаруашылығы жерінің 1 пайызы ғана органикалық культивацияға арналып отыр. Ал, Органикалық шаруашылықты зерттеу институтының есебінше, мұндай дақылдарды егуге Италияда жердің 15 пайызы, Португалияда 7 пайызы берілген.
Астанадағы бағалар – Израиль үшін арман
Ал, Израильдің "Иерусалим пост" газеті тамыздың 5-де "Астана: архитектуралық алаң" деген атпен көлемді мақала жариялады. Ол елорданың 20-жылдғына арналыпты. Автор Астанада көрген-білгендерін оқырмандарға былайша баяндап берген. "Түнде бұл қаланың басым бөлігінен түрлі-түсті жарықты көріп, бейне бір карнавалда жүргендей әсер аласың. Көптеген футуристік фильмдер қалаларды халқы көп, қарбалас мегаполис етіп суреттейді. Ал, Астананың келбеті бөлек. Мұндағы көшелердің біразы – даңғыл деуге келеді. Олардың кейбірі – сегіз жолақты. Тағы бір айта кететін жайт – осынау болашақтың қаласында монорельс құрылысы жүріп жатыр. Ол метрополия орталығын екі қалааралық көлік хабымен жалғастырмақ: халықаралық әуежаймен және жаңа теміржол вокзалымен. Бір кездері Астананы – әлемнің тоғызыншы, Азияның төртінші ірі мемлекетінің немесе Израильден 100 есе үлкен Қазақстан астанасы болады деп кім ойлаған. 25 жылға жуық уақыт бұрын Алматыдан гөрі Сібірдің Омбысына жақын орналасқан бұл қала мұхиттай шалқып жатқан ұлы даланың ортасында менмұндалаған батпақ аралдай көрінетін. Әрине, Астананың климаты мамыражай емес. Бірақ, оның қысы қатал болғанымен, жазы жайлы.
Астананың мәдени өмірі де маңызды жаңаруға мұқтаж еді. Өйткені, мұнда лауазымды үкімет өкілдері мен дипломаттар тұратын болды. Қазір Астананың опера үйі Еуропаның кез келген опера үйінен кем емес. Балет сарайы да сондай.
Бағына орай, жаратушы Қазақстанға мол табиғи ресурс берген. Солардың қатарында мұнай мен уран да бар. Осы байлықтың арқасында бұл мемлекет инфрақұрылымдық жобаларға миллиардтаған қаражат жұмсады, "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізді.
Бәлкім, Қазақстанда мұсылмандар көп тұратын шығар. Бірақ, ол – зайырлы ел. Бұл мемлекет әркіммен жақсы қатынас орната алғаны үшін мақтана алады. Ал, Астана Халықаралық қаржы орталығы клирингтік палата және құнды қағаздар биржасы ретінде қызмет ете отырып, Қазақстанды Еуразия коммерциясының көш басына шығаруы ғажап емес.
Қазақстан туризм секторын өркендетуге де мүдделі. Сондықтан, ресми Астана өзара визасыз жүру бағдарламасын іске қосты. Демек, израильдіктерге Қазақстанға турист ретінде бару үшін виза қажет емес.
Астанаға барғандарды гастрономиялық мереке күтіп тұр. Өйткені, мұндағы баға – Израиль үшін арман".
"Панда-адам"
"Қазақтың "панда-адамы" қытайлардың өмірін сирек қанымен құтқарып жүр". Дәл осындай тақырыппен "Синьхуа" агенттігінің сайтында мақала жариялады. Онда осы елге Қазақстаннан барған 26 жастағы Руслан Түленов жайлы баяндалады. Ол жігіттің лақап аты – "Панда адам". Өйткені, Русланның қаны Rh-негативтік деген топқа жатады. Мұндай қанды кейде "панданың қаны" деп те атайды. Түленов Қытайда қанды өте жиі тапсырып танылған. Ол мұнда тоғыз жыл оқығанда, 5000 миллилитр қан беріпті. Бұндай сирек қан қытайлықтардың 0,3 пайызында немесе 4 миллионында ғана кездеседі екен.
Хайнань университетінен кейін Руслан Түленов Бейжіңнің Ғылым және технология университетінің магистратурасын да аяқтаған. Қазір жұмыс іздеп жүр. Ал, былтыр ол берген қанның арқасында Лангфанг деген қалада жас келіншек өлім аузынан аман қалып, өмірге егіз баланы аман-есен әкеліпті.
"Анам мені бала күнімде мейірімді болуға және өзгелерге көмектесуге үйретті. Сүйіспеншіліктің универсалдық ұғым екеніне сенемін. Егер менің қаным мұқтаж адамдарға ұлтына қарамай жәрдемдесіп жатса, жүрегім жай табады", – дейді Руслан.
Focus Kazakhstan
Дубайда шығатын The Nation басылымы "Қазақстанды өнер сахнасынан табу" деген материал жариялап отыр. Ол – алдағы екі жылда "Фокус Қазақстан" деген атпен Лондонда, Берлинде, Нью-Йоркте, Оңтүстік Кореяда өтетін қазіргі заман туындылары көрмесі жайында. Мақаланың қысқаша мазмұны мынадай: "Жобаға қазіргі заман өнерінің маманы Роза Әбенова жетекшілік етеді. Көрмеде Кеңес дәуірінде натуралистік бейнелеу, әлеуметтік ұмтылыс, үгіт-насихат принциптеріне машықтанған суретшілер мен нарықтық жүйеге, өзінің жаңа болмысын іздеген елге бейімделген қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалауға болады.
Жалпы, Кеңес билігі тұсында өнер адамдары мен ойшылдар Қазақстанға жиі жер аударылды. Өйткені, бұл ел Мәскеудегі орталық биліктен алыс еді. Ал, Сергей Эйзенштейн "Иван Грозный" картинасын "Қазақфильм" студиясында, Алатаудың бөктерінде түсіргені белгілі.
Алматыда суретшілік өнердің ықпалы қалған. Және де мұнда Кеңес дәуірінде бейнелеу өнерінің бай дәстүрі қалыптасты. Ол дәстүр империяның алғашқы жылдарындағы жарқын социалистік реализмнен бастап, 1980-90-шы жылдары дүниеге келген нон-конформизм бағытындағы еңбектерге дейінгі аралықты қамтыды".
Арыстан Рысбек