Мұнайға мұқтаж Түркия, уранға зәру Үндістан және Аустралиядан озған қазақ интернеті...

2767

inbusiness.kz порталы назарларыңызға соңғы күндері әлем ақпарат құралдарында Қазақстан жайлы жарық көрген материалдарға қысқаша шолуын ұсынады.

Мұнайға мұқтаж Түркия, уранға зәру Үндістан және Аустралиядан озған қазақ интернеті...

"Түркияда босап қалған мұнай қоймаларын толтыратын өзге жол көп". Мамырдың 7-де "Анадолы" агенттігі жариялаған шағын материалдың тақырыбы осындай. Онда Ыстанбұлдың Шехир университетінің доценті Вугар Иманбейлінің сұхбатынан үзінді келтірілген. Ғалымның пікірінше, АҚШ-тың Иран мұнайын сатып алуға тыйым салуы Түркияға кері әсер етпей қоймайды. Бірақ, Анкарада басқа мүмкіндіктер де бар.

"Түркия үшін мұнай сатып алу проблемаға айналуы мүмкін. Және де ол баға жеңілдіктерін де жоғалтуы ықтимал. Алайда, Түркия Ираннан жетпей қалған мұнайдың орнын толтыру үшін энергетикалық шикізатты Қазақстаннан, Әзербайжаннан, Ресейден, Ирактан және Парсы шығанағының өзге мемлекеттерінен бұрынғыға қарағанда көбірек импорттай алады", – дейді Иманбейлі.

Энергетикалық нарықты реттеу агенттігінің мәліметінше, Түркияның мұнай импорты 2018 жылдың ақпанындағы көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы жылдың екінші айында 78,3 пайызға немесе 2,3 миллион баррельге дейін өскен. Осы уақыт аралығында Анкара мұнайдың көп бөлігін – 529 мың тоннасын Ирактан сатып алса, 460 мың тоннасын – Ресейден, 366 мың тоннасын Қазақстаннан импорттапты.

Иманбейлінің ойынша, АҚШ-тың санкцияларынан әлемнің мұнай нарығында Иранның басты бәсекелесі – Ресей ұтады. Өйткені, Мәскеу үшін Ислам Республикасының "қара алтынынан" қол үзіп қалған елдерге көмірсутегі экспортын бұрынғыдан да арттырып, оның бағасын көтеретін немесе қазіргі 70-75 доллар төңірегінде ұстап тұратын мүмкіндік туып отыр.

Айта кетсек, былтыр тамызда Трамп әкімшілігі Теһранға санкция жариялай отырып, оның мұнайын сатып алатын негізгі сегіз елге – Қытайға, Үндістанға, Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Италияға, Араб Әмірліктеріне, Жапонияға, Тайваньға жеңілдік берген-ді. Сол шешім осы айдың басында өз күшін жойып, қазір Вашингтон бұл мемлекеттерден Иран мұнайын импорттау деңгейін нөлге дейін түсіруді талап етіп отыр.

Енді "Форбс" журналында жарық көрген мақалаға тоқталсақ, "Қазақстандағы биліктің ауысуы – энергетикалық инвесторлар үшін жақсылықтың жалғасы".

Автор Ариель Коэннің сөзінше, Exxon, Chevron, Royal Dutch тәрізді алып корпорациялар ондаған жылдар бойы Қазақстан мұнай және газ кеніштерінде миллиардтаған доллардың шикізатын өндіріп жатыр. Ал, Chevron – Теңіз бен Қарашығанақтағы ең ірі өндіруші әрі жекеменшік компания. Shell болса, әлемнің ең үлкен мұнай кеніштерінің бірі – Қашағанды дамыту жолында "ҚазМұнайГаз" компаниясымен белсенді түрде жұмыс істеп жатыр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын әрі қарай жалғастыратын болса, кеніштердегі операциялардың болашағына сенім сетінемейді. Назарбаев орасан табиғи ресурстарды өсімнің қозғалтқышы ретінде пайдалана отырып, бұрынғы кеңестік республиканы Орталық Азияның ең дамыған экономикасына айналдырғанын жоққа шығара алмаймыз", – дейді америкалық басылым тілшісі.  

Economic Times газетінің хабарлауынша, Үндістан мен Қазақстан уран импорты жөніндегі келісімді жандандыру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Басылымның мәліметінше, Қазақстан бұл оңтүстіказиялық мемлекетті 80 пайызға уранмен қамтамасыз етіп отыр. Және де екі жақ ядролық ғылымды медицина саласында қолдану туралы пәтуа жасауды жоспарлап отыр.

"Әлемнің ірі уран өндірушісі – Қазақстан биылдан бастап тағы бесжылдық мерзімде Үндістанға 7500-10000 тонна уран сатуды көздеп отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш – 5000 тонна. 2015 жылы премьер-министр Нарендра Модидің Астанаға сапарында қол қойылған құжаттың уақыты биыл тәмамдалады. Газетімізге мәлім болғандай, үнді ядролық реакторларын "азықтандыратын" уран көлемін арттыру жөніндегі келісімді әрі жалғастыру үшін тараптар қазір келіссөздер жүргізіп жатыр. Айтпақшы, қазақ астанасының атауы биыл Нұр-Сұлтан болып өзгерді", – деп хабарлайды үндінің экономикалық ақпарат порталы.

Осы материалда делилік тілші Дипанджан Рой Чаудхури еліміздің дамуына да тоқталған. Ол 2014 жылы әлемде мұнай бағасының екі есеге түсуінен 1 пайызға ғана артқан Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2018 жылды 4,1 пайыздық өсіммен аяқтағанын жазады. Тағы бір сөзінде журналист мұнай мен газды қазақ экономикасының "наны мен майы" деп атаған.

"Лайықты, кең жолақты интернетті қалайсыз ба? Қазақстанға көшіңіз!" Бұл –осыдан бірер күн бұрын Британияның Daily Mail газетінде басылған мақаланың атауы. Онда автор Ooklа порталының 2019 жылдың наурызына арналған "Ғаламдық жылдамдық" рейтингіне сүйене отырып, контент жүктеу жеделдігі бойынша Аустралия интернетінің Қазақстаннан кейінгі 62 орынды иеленгенін қынжыла жазған.  Журналистің айтуынша, біздің елде (Қазақстанда) жүктеу жылдамдығы секундына 35.11 мегабайт (Mbps) болса, "Жасыл континентте" 35.38 Mbps екен. Ал, ең шапшаң интернет Сингапур (199.62 Mbps) мен Гонконгте (168.69 Mbps).

Қытайдың "Синьхуа" агенттігі мамырдың 10-да хабарлағандай, осы елдің орталығындағы Хубэй провинциясының астанасы Ухань қаласында Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген алғашқы фильмнің тұсауы кесілді.

"Музыкант" деген картинада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қытайлық сазгер Сянь Цинхайға қазақ замандасының қалай жәрдемдескені және оны құтқарып алғаны баяндалады. Марқұм Сянь 20-шы ғасырда "Кантатаның Сары өзені" атты еңбегі үшін Қытайда ең әйгілі композитор болды.

Көрші елде мамырдың 17-де көрсетілетін фильмді түсіруге бес жылдай уақыт кетіп, оған Қытайдан, Қазақстаннан, Ресейден 20 мыңға жуық адам тартылған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу