Вашингтон, Бразилиа, Астана: қайсы жылдам?

3240

Әлемнің маңдайалды басылымдары біз туралы не жазды? Abctv.kz соңғы күндері Қазақстан жайлы шетелде жарық көрген материалдарға шолу жасайды.

Вашингтон, Бразилиа, Астана: қайсы жылдам?

"Оған таң қалудың қажеті жоқ"
"Қазақстанның жаңа астанасы тез өсіп келеді". Маусымның 8-де Американың Forbes журналы жариялаған көлемді мақаланың тақырыбы осындай. Автор Ариель Коэннің сөзінше, Астананың құрылғанына небары 20 жыл өтсе де, ол Норман Фостер, Кишо Курокава тәрізді әлемдік санаттағы сәулетшілердің футуристік архитектуралық жобаларымен әбден мақтана алады.

"Астанаға барған сайын, ол мені жаңа бір архитектуралық тасымен қарсы алады. Оған таң қалудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл қаланы жоспарлауға дүниежүзілік деңгейдегі мамандар тартылды. 20 жылда қала халқының саны үш есеге артты. Қысы қатал, жазы ыстық. Соған қарамастан, Астана жеңіл басқарылып отыр. Дегенмен, Еуразияның кіндігінде орналасқан қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жергілікті мэрия үшін алдағы жиырма жылда және одан кейінгі кезеңде үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Талай адамдар Норвегияны көмірсутегін сатудан түскен триллион долларлық мемлекеттік қорын АҚШ-тың құнды қағаздары мен ғаламдық жылжымайтын мүлік нарығына жұмсады деп мақтайды. Ал, Қазақстан мұнайдан тапқан табысының бір бөлігін жаңа қала тұрғызуға, ұлттық инфрақұрылымды күшейтуге, жолдар мен теміржолдар, әуежайлар салуға, адам әлеуетін арттыруға жұмсап жатыр. Вашингтон, Бразилиа тәрізді өзге де "дизайнерлік" астаналарды үйлесімді әрі тіршілікке қолайлы ету үшін ондаған, тіпті жүздеген жылдар кетті. Астана осы мақсатқа жылдам жетіп жатқандай. Заманауи қала мол ақша болмаса, мұнша шапшаң дамымас еді", – деп жазады америкалық журналист.

Қазақстан мемлекет болып, латын әліпбиін үйренуге ден қойды
Ал, Christian Science Monitor газетінің хабарлауынша, Қазақстанның барлық халқы жаңа алфавитті үйренуге күш салып жатыр. Сонымен қатар, автордың мәліметінше, Қазақстан тұрғындарының көбі орысша сөйлейтіндіктен, бұл реформаны жүзеге асыру оңай болмайын деп тұр. Журналист келтірген тағы бір ақпаратқа жүгінсек, қазақ үкіметі латыншаға көшуге 670 миллион доллар жұмсауды жоспарап отырса, шағын бизнес өз атауларын өзге әріппен жазуға көшіп,  мектептерде мұғалімдерді латын қарпіне үйрету жұмыстары басталып кетті.

Қазақстан-Ресей: Орталық Азияның отын нарығы үшін бәсеке
Қазақстан өзінің мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды аяқтаған соң Орталық Азияның отын нарығы үшін Ресеймен бәсекеге түсуге ниетті. Мұны "Рейтер" агенттігі маусымның 6-ы күні хабарлады. Оның дерегінше, Орталық Азия мен Ауғанстан – негізгі нарықтар ретінде қарастырылып отыр. Ал, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан үшеуі жылына сырттан 3,7 миллион тонна жеңіл мұнай импорттайды екен.

"Қазақстан өзінің мұнай өңдейтін үш ірі зауытында өндіріс қарқынын жеделдетіп отыр. Ол Павлодардағы зауытын модернизациялауды аяқтады, ал Атырау мен Шымкент зауыттарында мұндай жұмыстар таяуда аяқталуға жақын. Биыл мұнай өнімдері өндірісі 8 пайызға немесе 15,3 миллион тоннаға дейін артып, бензин мен дизельдік отын өндірісі Қазақстанның ішкі сұранысынан жылдық мөлшермен алғанда 1,5-2,0 миллион тоннаға асып кетейін деп отыр. Қазақстан күніне 1,74 млн тонна шикі мұнай шығарғанына қарамастан, мұнай өңдеу қуатының жеткіліксіздігіне байланысты Ресейден көптен бері мұнай өнімдерін импорттап келді", – деп жазады халықаралық агенттік тілшісі.

"Қазақстандық модель"
Трамп пен Ким Сингапурда тарихи саммит өткізер қарсаңда халықаралық аренада бірқатар сарапшылардың назары Қазақстанға ауды. Өйткені, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тарттыру жолында үлгі тұтатын ел керек. "Блумберг" агенттігінің хабарлауынша, екі америкалық экс-сенатор – Сэм Нанн мен Ричард Лугар өткен сейсенбіде Трамппен кездесіп, оған Қазақстанды ядролық қарудан бас тарттыруда қолданылған модельді Кимге ұсынуға кеңес берген.

Айта кету керек, 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін оның атомдық арсеналы Қазақстан, Беларусь, Украина аумағында да қалды. Содан кейін бұл "үштік"  сол қаруды жоюға немесе Ресейге көшіруге келісім берді.

Қазақстан жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартпас бұрын әртүрлі елдерден қауіпсіздік туралы кепілдеме алды. Солтүстік Корея болса, Вашингтонға аса сенбейді. Өйткені, өткен айда АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Корей түбегін ядролық қарудан тазарту мәселесінде "Ливия моделін" қолдануды ұсынды. Бірақ, Ким Чен Ын ол моделді қабылдаса, Муаммар Каддафидің тағдырын қайталаудан қауіптенеді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу