Қазақ малы үшін қасапхана, жабық аспан және "Жібек виза"

5628

Inbusiness.kz назарларыңызға соңғы күндері шетел басылымдарында жарық көрген Қазақстан жайлы мақалардың кейбіріне қысқаша шолуды ұсынады.

Қазақ малы үшін қасапхана, жабық аспан және "Жібек виза"

Қара мал үшін қасапхана
Қытайдың солтүстік-шығысындағы Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Аймағында үлкен қасапхана салына бастады. Осылайша, Алашанкоуда Қазақстаннан ірі қара малды тірідей әкеліп соятын алғашқы орын ашылайын деп отыр. Мұны "Синьхуа" агенттігі хабарлады.

Оның мәліметінше, бұл жобаға 98 миллион доллар жұмсалады. Және де жаңа қасапхана маңында бес карантиндік ферма бой көтеріп, оларға жылына 100 000 бас сиыр қамалады екен. Құрылыстың алғашқы кезеңі биыл қазан айында аяқталады.

Сонымен қатар, карантиндік фермаларға тағы 140 000 бас ірі қара қамалып, олар келесі жылы күзде құрылыстың екінші кезеңі тәмамдалғаннан соң бауыздалады. "Синьхуаның" өзге бір ақпаратына жүгінсек, Қазақстандағы 10 мыңдай ферма мен 5 мыңдай тағам өңдейтін зауыт бұл жобаны етпен қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр.  

Жергілікті әкімшілік өкілі Ву Фэнчжу мәлімдегендей, бұл жоба – екі ел арасындағы сауда-саттық пен өзара ықпалдастықты кеңейтуге және тереңдетуге бағытталған маңызды шара. Ал, Алашонкоу – ет, сүт, көлік импорттауға арналған порт. 2018 жылы ол арқылы жалпы құны 77,9 миллион юань тұратын 18 миллион тонна тауар өтіпті", – деп жазады көрші елдің мемлекеттік агенттігі.

Пәкістан әуе кеңістігінің жабылуы кей елдер ұшақтарының жолын ұзартып, авиабилетті қымбаттатты

"Пәкістан әуе кеңістігінің жабылуына байланысты, биыл жазда мыңдаған жолаушы үшін ұшақ билеті қымбаттап, авиациялық рейстердің уақыты әлі де ұзақ болуы мүмкін. Пәкістан өз аспанын Балакоттағы әуе соққысынан кейін жапты. Содан бері айдан астам уақыт өтіпті. Бұл жағдайдан, әсіресе, Батыс пен Орталық Азияның әуе компаниялары зардап шегіп отыр. Өйткені, Исламабадтың шектеуі күшінде тұрғанда, лайнерлер үшін жол бұрынғыдан ұзақ". Бұл – Үндістанның  The Hindu газетінде жарияланғаннан мақаладан үзінді.  

Қазір Кабул мен Дели арасындағы рейстерге жолаушылар тарапынан сұраныс Пәкістанның шектеуіне дейінгі деңгейдің оннан біріне әрең жетіп отыр. Ariana Afghan Airlines компаниясының өкілі Баруна Бирланың сөзінше, бұл рейстерге билет құны екі еседен артық қымбаттаған.

Сұраныс деңгейі SpiceJet  және Air India компаниялары Кабулге сапарларды доғарып жатса да төмендеп барады. Өйткені, Ауғанстаннан Үндістанға емделуге баратындардың көбі тым шығындалғысы келмейді және ұзақ ұшуды қаламайды.

The Hindu басылымы Air Astana компаниясының Парсы шығанағы  және Үндістан субконтиненті жөніндегі аймақтық бас менеджеріне сілтеме жасап хабарлағандай, Air Astana бұл бағытта бір доллар пайда тапса, екі доллар шығындайтын күйге жеткен. Өйткені, отын да, экипажды ротациялау да, жолаушыларға қызмет көрсету де, тағам да, өзге шығындар да қымбаттап кеткен.

"Air Astana ұшақтары қазір Делиден Алматы мен Астанаға бұрынғыдай 3-4 сағатта емес, 8 сағатта жетеді. Сондықтан, бұл компанияның жолаушылары сапарларын доғарып жатыр. Air Astana Делиге аптасына 11 рейс аттандыратын. Бүгінде сол сапарлардың саны 7-ге дейін азайған және де олар  әрі қарай да кемуі мүмкін", – деп хабарлайды The Hindu.

Газеттің ақпаратына жүгінсек, Air Astana бұл қымбатшылыққа бір айдан астам уақыт төзіп, Пәкістан әуе кеңістігі ашылмағандықтан, Астана-Дели-Астана және Алматы-Дели-Алматы рейстерінің кейбірін уақытша тоқтатты. Сонымен қатар, ресейлік және өзбекстандық жолаушылар үшін де Үндістанға сапардың уақыты бірнеше сағатқа ұзарған.

"Ортақ виза Қазақстан мен Өзбекстан арасында талай есікті ашпақ"
Бұл – Nikkei Asian Preview газетінде жарық көрген материалдың тақырыбы. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы саяхаттың жеңілдеуі аймақ мемлекеттері қатынастарының жылығанын білдіреді.

"Қазақстан мен Өзбекстан ортақ визаны іске қосуға дайын. Мұның нәтижесінде туристер бір елден екіншісіне еркін бара алады. Бұл жоспар көрші мемлекеттердің қызығушылығын тудырып отыр. 

"Жібек виза"  ақпан айында енгізілуі тиіс еді. Бірақ, ол кейінге қалдырылды. Дегенмен, ресми өкілдердің мәлімдеуінше, бұл мәселеге қатысты барлық жайттар мақұлданып, оны тек техникалық тұрғыдан реттеу ғана қалды.

Қазақстан өз есігін 2014 жылы ашып, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Монако, Сингапур азаматтарына республика аумағына визасыз кіруге рұқсат берді. 2017 жылы бұл бастама штаб-пәтері Парижде орналасқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне де тарады. Соның нәтижесінде Қазақстанға сапар шеккен саяхатшылар саны бір жылда 8 пайызға өсті.

Өзбекстан да 2018 жылы әлемнің 8 мемлекетінің туристері үшін визаны алып тастады. Солардың қатарында Жапония мен Оңтүстік Корея бар. Ал, 2019 жылы Тәшкент визасыз туризм бағдарламасына тағы 46 елді қосты. Олардың қатарынан Еуропа мемлекеттерін, Канаданы, Австралияны, Жаңа Зеландияны, кейбір Латын Америкасы елдерін көруге болады.

2016 жылы Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзиёев келгелі, бұл республиканың Орталық Азиямен – Қазақстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Түркіменстанмен саудасы бір жылда 54 пайызға артып, 4,2 миллиард долларға жеткен.

Сарапшылардың пікірінше, визалық ынтымақтастық – мықты аймақ құруға бағытталған алғашқы қадам. Егер "Жібек виза" бағдарламасы Әзербайжан, Түркия сияқты елдерге де тарайтын болса, осы өңірде тіпті экономикалық блок құруға потенциал пайда болады" , – деп жазады жапониялық басылым репортері.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу