"Жібек виза" туризмді өркендете ала ма?
Қаңтардың 15-де дәл осындай тақырыппен the Diplomat журналында көлемді мақала жарық көрді. Материал авторының ойынша, Қазақстан мен Өзбекстан енгізетін ортақ виза аймақта туризмді өркендетуге бағытталған.
"..."Жібек виза" – аймақтағы ауқымды трендтің бір бөлігі. Соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттері визалық режимді айтарлықтай ырықтандырды. Сондағы мақсаттары – әлемнен көбірек турист тарту. 2017 жылдан бері дүниежүзінің 45 елінің азаматтары Қазақстанға визасыз 30 күнге саяхаттай алады. Осының нәтижесінде, бұл республикаға сапар шеккен туристер саны 18 пайызға артып, сол жылы (2017) 5,8 милионға жетті.
Тәжікстан мен Қырғызстан да ортақ виза жобасына қосылуға ниетті. Сонымен қатар, Қазақстан бұл бастамаға Әзербайжан мен Түркияны да шақырғысы келеді. Тағы бір айта кететін жайт, осыдан екі жыл бұрын туризм Орталық Азияның жалпы ішкі өніміне 3,4 миллиард доллар үлес қосқан.
Жақында TripAdvisor ұйымы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, респонденттердің 47 пайызы "Ортақ виза режимі орнаса, Орталық Азияға баруға құлшынысымыз артар еді" деп жауап берген. Дегенмен, бұл аймақ елдері арасында теміржол мен әуе байланыстары жақсы жолға қойылмаған. Мысалы, Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей, Қытай, Түркия арасында әуе сапарлары жиі болып тұрады. Алайда, орталықазиялық көршілер арасында авиарейстер сиректеу. Айталық, Ташкенте пен Душанбе арасында жүйелі әуе сапарлары 2017 жылдың сәуірінде ғана қалпына келтірілсе, Астана мен Тәжікстан астанасы арасында 2018 жылы желтоқсан айынан бастап ұшақтар қатынай бастады", – деп жазады Азия-Тынық мұхит аймағындағы мәселелерге мамандандырылған басылым.
"Сайын далаға құландарды қайтару әрекеті"
Бұл – Британ телерадиокорпорациясы (BBC) жарияланған материалдың тақырыбы. Репортер құландарды "Азияның зербралары" деп атай отырып, олардың орталық Қазақстан жерінен бір ғасыр бұрын жоғалып кеткенін жазады. Сонымен қатар, автордың айтуынша, кезінде Сирия мен Моңғолияның ортасындағы ұлан байтақ даланы мекендеген бұл жануарлардың бүгінде қатары сиреп кеткен және оларға Орталық Азияда қауіп төніп тұр. Сондай-ақ, тілші қанша жерден қамқорлыққа алынса да, құландардың кейбір аудандарда еті мен терісі үшін ауланып жатқанын атап өткен.
Аңшылық пен жер ауыстыру салдарынан байырғы мекендерінде құландардың үш пайызы ғана қалған. Қазақстанда олардың саны төрт мыңға таяу. "Азиялық зебралардың" түгелге жуығы еліміздің оңтүстік-шығысындағы Алтын Емел ұлттық паркінде тіршілік етеді. Қазір ғалымдар құландардың дені сауларын, мертікпегендерін Алтын Емелден мың жарым шақырым жердегі Алтын далаға көшіргісі келеді.
"Ол кең байтақ дала Франциядан да үлкен. Осынау ұланғайыр аумақта адам тұрмаған", – дейді Норвегияның табиғатты зерттеу институтының ғалымы Джон Линнель британдық телерадиокорпорацияға берген сұхбатында.
Дегенмен, BBC тілшісінің сөзінше, құландарды көшіру оңай шаруа емес. Оған бір жағынан көлік тапшылығы, екіншіден, ауа райының қолайсыздығы себепші.
BBC: "Құландарды желге қарсы айдау мүмкін емес. Бірінші түні жел соқса, келесі түні жаңбыр құйды. Үшінші түні ай жарық болғандықтан, жабайы жануарларға жақындаудың да сәті түспеді. Жеті күнге созылған жауын-шашын мен дауылдан кейін жылқышылар мен ғалымдар райынан қайтып, бірде-бір құланды құрықтай алмай оралды. Осылайша, құландарды өзге жерге көшіру жоспары іске аспай қалды. Алайда, ғалымдар бұл өңірге келесі жылы қайта оралмақ".
Мұздықтар мәселесі
"Мұздықтар еріп жатыр. Ал, олардың суына миллиондар мұқтаж". Бұл мақаланың авторлары – The New York Times газетінің журналисті Генри Фонтан мен мультимедия репортері Бен Соломон. Олар климаттық өзгерістің мұздықтарға әсерін көру үшін Қазақстанға сапар шеккен. Америкалықтардың сөзіне сенсек, Алматы маңындағы Тұйықсу мұздығы қарқынмен еріп жатыр.
Дегенмен, Фонтанның айтуынша, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулардағы жағдайды бүкіл әлемнен байқауға болады. Гренландия мен Антарктиканың мұз қалқандарын қоспағанда, жер шарында 150 мыңдай мұздық бар екен. Соңғы 40 жылда солардың қалыңдығы айтарлықтай жұқарыпты. Ал, Тұйықсу мұздығының етегі кейінгі 60 жылда бір шақырымға жуық қысқарған. Әдетте ғаламдық мұздықтардың еруі теңіз деңгейінің көтерілуіне және гидроэлектр қуатын өндіруге үлес қосады. Сонымен қатар, олар алапат су тасқындарына да бірден-бір себеп.
The New York Times газеті Цюрихтегі Швейцария Федералдық технология институтының зерттеушісі Мэттиас Хасстың пікіріне сүйене отырып, Тянь-Шань тауындағы мұздықтардың су бере алмайтын күйге жетуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған қоса, әйгілі басылым аймақта екі миллиондай адамды ауыз сумен қамтамасыз етіп, мыңдаған гектар егістік алқабына нәр беріп отырған Кіші Алматы өзені мен өзге өзендердің бастауы мұздықтарда жатқанын да атап өткен.
"Тұйықсу мен басқа мұздықтардан аққан су Алматының теріскейіндегі алқаптарды суарады. Егер, сол тасқын саябырситын болса, аймақ фермерлері дағдарысқа душар болады. Ал, мұндағы ирригациялық жүйелердің көбі – Кеңес дәуірінен қалған, ескірген, тиімсіз", – дейді америкалық басылым тілшісі.
Қазақстан театрға инвестиция салып жатыр
Қаңтардың басында француздың Le Monde diplomatique (Дипломатиялық әлем) газеті "Қазақстан театрға инвестиция салып жатыр" деген атпен шағын мақала жариялады. Автор материалды былтыр Астанада өткен Әлемдік театр фестивалінен бастаған. Оның сөзінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды модернизациялап жатыр. Өйткені, ескіше оймен, көнерген болмыспен дүниежүзінің жетекші елдерінің қатарынан көріну мүмкін емес. Сонымен қатар, париждік журналист жазғандай, "1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстанның байырғы тұрғындары моңғолдар мен түркітілдес тайпалардан қалыптасты. Ал, "қазақ" деген атау "еркін", "кезбе" деген мағынаны білдіреді.
"Қазақтар Кеңес одағы тұсында өзінің дәстүрлі мәдениетін, әсіресе, аңыздары мен музыкасын сақтап қалды", – дейді Le Monde diplomatique репортері.
Арыстан Рысбек