"PayBox"-тан пайда жоқ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6643

Ұлттық банк "Digital Management"-ті төлем ұйымдары тізімінен шығарып тастады.

"PayBox"-тан пайда жоқ

Қаржылық реттеуші былтырғы 29 наурызда жоғарыдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есептік тіркеуден абыроймен өткенін мәлімдеп, оған №02-17-018 нөмірлі құжат берген болатын. Бұл жерде компания "PayBox" сауда маркасымен ілгерілетілген өзінің жеке қаржылық төлем жүйесін заңдастырып алған еді. Енді Ұлттық банк сол шешімінің ағат болғанын білдіріп отыр. Данияр Ақышев командасы "Digital Management"-тің "Қазақстан заңнамасының талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін" төлем ұйымдарының тізілімінен алып тасталғанын мәлімдеді.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, аталған компания біріншіден, Ұлттық банкке көрсетілген төлем қызметтері туралы мәліметтерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) ұсынбаған. Екіншіден, төлем ұйымын есептік тіркеу туралы шешім қабылдауға әсер еткен төлем қызметтері туралы дәйексіз мәліметтерді берген.  

Бұдан бөлек аталған төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметті жүзеге асырмаған немесе өз қызметін қатарынан алты айдан астам кезеңге тоқтатқан. Осы себептердің салдарынан "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңның 18-бабының 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшалары негізінде ұйым реестрден шығарылуға жатады.

Осылайша компанияға бұдан былай төлем қызметтерін көрсетуге тыйым салынып отыр.

Айта кету керек, "Digital Management" кезінде болашағынан үлкен үміт күттірген болатын. Ол отандық нарыққа бизнеске арналған төлемдерді қабылдайтын бірегей құралды – "PayBox.money" атты өнімді шығарды.

Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік "Digital Management"-ті табысты жоба санап, оған мол грант бөлді.

"Төлем жүйелерінің бұл агрегаторы Қазақстан бизнесіне бір рет қана қосылу арқылы және тиімді тарифтер бойынша кәсіпкерлік үшін барлық негізгі төлем жүйелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қосылу уақыты 1 аптадан аз уақытты алады. Ал онсыз бизнес өкілдері әрбір төлем жүйесіне жеке-жеке қосылуға анағұрлым ұзақ уақыт жұмсауға мәжбүр. Бизнес үшін төлем инфрақұрылымын жылдам қалыптастыратын бұл өнім Қазақстан нарығы үшін бірегей болып саналады. Оның мониторинг жүргізу, алаяқтықтан қорғау, төлемдерді талдау жүйесі және төлемдерді кері қайтару сервисі бар", – деп мақтады Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік.

2015 жылы "PayBox – төлем жүйелерінің агрегаторы" жобасына деп, оны 1 982 880 теңге грантпен қаржыландырды. Бұл грант технологияны коммерцияландырылуға, яғни агрегатордың тәжірибелік үлгісін жасауға бағытталуға тиіс болатын. Артынша агенттік "жоба табысты жүзеге асты" деп жариялады және пэйбоксты өзінің "табысты жобалары" қатарына қосып қойды.

Кейін ел қаржысы "босқа жұмсалмағанын" дәлелдегендей болып, бұл жобаның елге пайда әкеліп жатқанын алға тартты.

""Digital Management" ЖШС компаниясы идеясының табысты коммерцияландырылуы арқасында ол шығарған өнім табысты іске асырылды және үдемелі түрде дамуда. Компания Ресейде өз өкілдігін ашты және бизнесті кеңейтуге де инвестор таба алды. ТМД-ның өзге де елдерінің, тіпті Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына шығу жоспарлануда. Бүгінде оған 100-ден астам бизнес компания қосылған. Ай сайынғы айналымы 100 млн теңгеден жоғары. Табысы айына 1 млн теңгеден асады. Бұл көрсеткішке жоба 1 жылдан да аз уақыт ішінде қол жеткізді. 2017 жыл қорытындысы бойынша бюджетке 12,6 млн теңгеден астам салық төленген. Бұл оған салынған инновациялық грант қаражаттарынан 6 есе көп. Ондағы процестердің барынша автоматтандырылғанына қарамастан, он жаңа жұмыс орны құрылды. Шығарылған және өткізілген өнімнің жалпы көлемі 388,9 млн теңгеден асты. Грант алушы шетелдік нарыққа 7,4 млн теңгеден астам сомаға өнім өткізді", – деген ақпарат орналастырылған Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік интернет-ресурсында.

Айтқандай "Digital management"-тің пэйбоксы 2019 жылға дейінгі "Қазақстанның индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы" аясында Алматыдағы "Ақпараттық технологиялар паркі" (ПИТ) АЭА қатысушылары қатарына қосу үшін инкубацияланған жаңа технологиялық компаниялар тізбесіне де кірген болатын.

Индустрияландырудың осы мембағдарламасын 2015–2017 жылдары жүзеге асыру туралы таяуда жарияланған есепте пэйбокс осы қатарға 2016 жылдың тамызында қосылғаны айтылады.

"Digital management сауда және сервис кәсіпорындары үшін электронды төлемді агрегациялау қызметтерін көрсетеді. Клиенттері қатарында Қазақстанның интернет дүкендері, екінші деңгейлі банктер бар. Жоба қолданыстағы электронды төлем жүйелерін бірыңғай агрегаторға біріктіреді. Кәсіпорындар мен тұтынушылар әр төлем жүйесіне жеке-жеке қосылу қажеттілігінен босатылады", – делінген құжатта.

Алайда міне, енді қаржылық реттеуші 2018 жылғы II тоқсанда, шілде айының соңында төлем ұйымдарының қызметін реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыру аясында жүргізген жұмысы нәтижесінде мүлдем басқа қорытындыға келіп, "PayBox"-ты елімізде төлем жүргізу ісімен айналысуға "лайықсыз" деп танып отыр.

Сонымен бірге Ұлттық банк тіркеуден өтпеген не одан шығарылған ұйымдардың клиенттерге "төлем қызметін көрсетуі заңсыз болып табылатынын" қатаң ескертіп, оны сақтамаса, Қазақстан заңдарында белгіленген жазаға тартатынын нықтады.

Әрине осынау қарқынды дамушы нарықта бір компания жабылса, орнына бірден бірнешеуі келеді. Қаржылық реттеуші төлем ұйымдарының тізілімі көп азаймағанын, қайта толыққанын мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, Ұлттық банк биылғы екінші тоқсанда төлем ұйымдарының есептік тіркеу туралы 20 өтінішін қарапты.

"Жүргізілген жұмыстың қорытындылары бойынша төлем ұйымы ретінде есептік тіркеуден жаңа 6 заңды тұлға өтті: бұлар – "J.C. Company" ЖШС, "Робокасса" ЖШС, "INDIGO24" ЖШС, "КАЗЕВРОМОБАЙЛ" ЖШС, "RPS Asia" ЖШС, "Bloomzed.kz" ЖШС". Бұдан бөлек, Ұлттық банкте 2017 жылғы ақпанда есептік тіркеуден өткен "PayForm" ЖШС-нің төлем қызметтерінің тізбесі жаңа төлем қызметімен толықтырылды" – деп хабардар етті Данияр Ақышев басқаратын мекеме.

Нәтижесінде Қазақстан аумағында төлем қызметін көрсету құқығына ие болған төлем ұйымдарының саны 2018 жылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша 40-қа жетті.

Жалпы, бұл саладағы бәсекелестік, бақталастық, тіпті тайталас қыза түсетінге ұқсайды. Өйткені салаға бизнесмендерден миллиардтардың жаңа тасқыны ағылғалы тұр. Қаржы министрлігі биылғы күзде кәсіпкерлік қызметтің 17 түрін, соның ішінде ломбардтардың, дәріханалардың, көлік сатылатын орындардың, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің барлығын "деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын орнатып", қолма-қолсыз төлем жүйесіне мәжбүрлі түрде көшіретін бұйрық жобасын әзірледі.

Бұл құжат 2018 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу