"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы (КҰП) IV съезінің делегаттары Тимур Құлыбаевты кезекті мерзімге КҰП төралқасының төрағасы етіп қайта сайлады.
"Бүгін басқарма атқарған жұмысы туралы есеп берді, бұл баршамызға ортақ жұмыс. Мұнда өңірлік кеңес және аудандардағы өкілдіктердің мүшелері отыр. Ел бойынша тиісті жұмыс жүріп жатыр. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген адам ретінде менің атқарған ісімді оң бағалағандарыңыз – мен үшін мақтаныш. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын, рахмет!" – деді Тимур Құлыбаев.
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) іскерлік кеңесінің президенті Виктор Христенко ЕАЭО аумағындағы КҰП-тың бірегейлігіне тоқталды. "Бүгінгі күні "Атамекен" ұлттық палатасы – еуразиялық кеңістіктегі бизнеске байланысты мәселелер жөнінде атқарушы билікпен қарым-қатынас жасауға қауқарлы, мықты заңнамалық базасы бар жалғыз ұйым және бұл үлкен жетістік", – деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда едәуір ілгеріледі, оны өз заңнамасында бекітті.
Сонымен қатар ол бизнесті дамыту мәселелеріне жаһандық тұрғыдан қарауды ұсынды. "Бүгінде ЕАЭО туралы, Одақтың бастамаларынан қорғану керек деген көзқарасты өзгерту маңызды болып тұр, ұлттық бизнес одан бойын аулақ ұстаса Одақта не болады. Одақ беріп тұрған мүмкіндіктерді барынша көп пайдалануға тырысу керек", – деді Виктор Христенко. Ресей ЕАЭО аумағында Одаққа мүше елдерге экономикалық өктемдік жүргізуге бейім деген пікір орныққанын еске салды. Сонымен қатар ол үлкен мемлекет дегеніміз заман талабына бейімделе білетін, мүдделері мен мүмкіндіктерін өткір сезінетін және оны іске асыратын мемлекет деген сөз емесдеп есептейді.
"Статистикаға сүйенсек, осы мүмкіндіктерді орындауға мүдделілер бұл нарықтың басым бөлігін иеленеді", – деді Виктор Христенко.
Ал Ресейден келген екінші қонақ – РФ президенті жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті тұлға Борис Титов болса Қазақстанда кәсіпкерлерге қатысты жүргізіліп жатқан саясатқа "қызыға да, қызғана да" қарайтынын айтты. Оның ішінде салық салу, тарифтік саясат және бастысы биліктің кәсіпкерлікті қолдауға деген мақсатын ерекше атап өтті.
"Кәсіпкерлерге қатысты қозғалатын істерді қысқарту бойынша таңқаларлық нәтижелерге қол жеткізілді. Ресейде біз бұл көрсеткіштерді тұрақтандыруға тырысып жатырмыз – ал сіздер бақылау-қадағалау қызметі, заңнаманы ізгілендіру бойынша үлкен нәтижелерге қол жеткіздіңіздер", – деді ол.
Съезд барысында КҰП төралқасының 32 мүшесі сайланды.
2013 жылдың қазанынан бастап КҰП-қа 18623 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 1387 өтініш – 2017 жылдың I тоқсанында тіркелді. 2013 жылдан бері түскен өтініштердің 41%-ы бойынша оң шешім шығарылды. Өтініштердің басым бөлігі мына мәселелерге байланысты болды: салық – 13%, жер – 13%, сатып алулар– 10%, кәсіпкерлер арасындағы дау-дамай – 7%.
Квазимемлекеттік сектор мен монополистердің рұқсат құжаттарын "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" ҚР заңында реттеуді КҰП 2017 жылы орындауды мақсат етіп белгіледі. Сондай-ақ "Атамекен" "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында қазіргі субсидиялау мөлшерлемесін төмендетуді ұсынып отыр.
"Айта кеткім келеді, 2016 жылы кәсіпкерлер ұлттық палатасының бастамасымен "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында БЖЗҚ есебінен 200 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданған болатын", – деді КҰП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.
Үкімет тиімді жобалар мен инфрақұрылымға қойылатын талаптарды қайта қарау туралы "Атамекеннің" ұсынысын ескерді.
"Өздеріңіз білесіздер, шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығын айтарлықтай шектейтін белгілі норма болды. КҰП "Бизнестің жол картасы" бағдарламасындағы қазіргі субсидиялаудың мөлшерлемесін заманауи шындығын есепке ала отырып 16%-ға төмендетуге ұсыныс жасап отыр. Сондай-ақ бизнеске сервистік қолдау жасау да қызмет көрсетудің бір түрі болып табылады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық емес қолдау шаралары арқылы 46000 мыңнан астам бизнес субъектілері қамтылған. 2000 мыңнан астам өндіріс ашылып, 4000 жобаға қолдау жасалып, 8000 кәсіпкерлік қызмет субъектісі қаржыландырылды – деді Төлеміс Шотанов.
КҰП төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов ұлттық палатаның 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттің ортамерзімді индикативін нақтылау жобасын таныстырды.
"Кәсіпкерлік палатаның табысы міндетті мүшелік жарнадан, республикалық бюджет пен мақсаттты түсімдерден құралады. Өздеріңіз білесіздер, 2015 жылы жарнаға қатысты тәсіл өзгертілді. Ол біршама азайтылып, әртараптандырылған", – деді ол.
2014 жылдан 2016 жыл аралығында түскен жарналар көлемі оң динамиканы көрсетіп отыр.
"Жарна бойынша міндеттерді орындау 40%-дан 55%-ға дейін өсті, бұл "Атамекенге" деген бизнес-қауымдастық сенімінің өскенін көрсетеді. 2017 жылы бұл көрсеткіш 60%-ға, яғни алты млрд теңгеге дейін өседі деп болжап отырмыз", – деді Елдос Рамазанов.
КҰП төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев 2015 жылмен 2017 жыл аралығында 100 мыңнан астам кәсіпкер сервистік қолдау алғанын айтты.
"Былтырғы жылдан бастап фермерлерді агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша жаңа технологиялармен жұмыс істеуге оқыттық, 2015-2017 жылдары бұл бағдарлама бойынша шамамен 16000 фермер оқытылатын болады. Осы жылы "Бастау Бизнес" бағдарламасын іске қосу басталды. Бір жыл ішінде 20000 өзін өзі жұмыспен қамтушы және жұмыссыздар осы оқу курстарынан өтеді де, 3000 мыңға жуық адам кәсіпкер, бизнесмен болады деп жоспарлап отырмыз", – деді ол.
2016 жылы фермерлерді оқытумен КҰП-тың еншілесі "Агробіліктілік орталығы" ЖШС айналысқан болатын.
"Бүгінгі күні "Атамекен" КҰП-тың көрсетіп отырған барлық қызмет түрі әр түрлі мемлекеттік бағдарламадан, әр түрлі мемлекеттік органнан тартылып отырғанын жақсы түсінеміз. Біз көбінесе ұлттық экономика, ауыл шаруашылық, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен өзара әрекеттесетінімізді көріп отырмыз, – деді КҰП төрағасы орынбасары. – Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының ішінде де әр түрлі бөлімшелер, әр түрлі басқарма мүшелері жұмыс істейді, бүгінгі күні осының барлығын реттеп, бір құрылымға келтіретін уақыт туды. Съезд делегаттарының қолдау көрсетуімен бұл міндеттерді еншілес кәсіпорнымыз "Агробіліктілік орталығына" бергіміз келіп отыр. Енді осы "Агробіліктілік орталығында" барлық сервистік қызмет көрсетуді және оқыту қызметтерін біріктіруді ұсынып отырмыз", – деді Нұржан Әлтаев. Осыған орай "Агробіліктілік орталығының" атауын атқаратын міндеттеріне қарай "Біліктілік орталығы" деп ауыстыру ұсынылып отыр.
Делегаттар бұл ұсынысқа қолдау көрсетті.
"Рахмет, шешім қабылданды", – деп қорытты жиынды Тимур Құлыбаев.
Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев