Бұл проблеманың туындауына денсаулық сақтау министрлігіндегі жауапты шенеуніктердің шетелдік сапалы препаратты жеткізушімен келісімге келе алмауы себепкер болған.
Түсіністіктің жоқтығы салдарынан, әлемдік алпауыт – британдық "GlaxoSmithKline" фармацевтикалық компаниясы Қазақстанды өзінің ерікті лицензиясын пайдаланатын елдер тізіміне қосудан бас тартты. Бұл тізімдегі елдер халықаралық ұйымдар арқылы "Долутегравир" препаратының аналогын 25 есе арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие.
Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін БҰҰ ұйымы арқылы арзан препаратқа қол жеткізуге талаптанғандарын баяндады:
"Долутегравир дженерикалық препаратының құнын 25 есеге дейін арзандатып, бір қаптамасын 4,5 доллардан сатып алу туралы уағдаластық БҰҰ даму бағдарламасы халықаралық ұйымы мен "СҚ-Фармация" ЖШС арасындағы ынтымақтастық аясында қол жеткізілген. Егер баға осынша төмендегенде, ВИЧ инфекциясын жұқтырған барлық қазақстандық науқастарды ең заманауи антиретровирустық терапиямен толық қамтуға мүмкіндік туар еді. Алайда патент иесі GlaxoSmithKline компаниясының өкілдерінің айтуынша, мұндай арзан Долутегравир дженеригін тек халқының табысы төмен немесе әлеуеттік, экономикалық жағдайы өте нашар мемлекеттер ғана сатып ала алады. Ал Қазақстан табысы орташадан жоғары елдер қатарына жататындықтан, мұндай лицензия біздің елімізге берілмейтін болып шықты", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, мемлекет препаратты 4,5 доллардан сатып алуға ғана қаражат бөлген. Тиісінше, енді оның әр орамасын 112,5 доллардан сатып алуға Қазақстанның қауқары жетпейтін көрінеді.
"Мемлекет бөлген қаржы жеткізуші ұсынып отырған жоғарғы бағада Қазақстандағы ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастардың барлығын бірдей терапиямен қамтуға жетпейді", – деп ашығын айтты денсаулық сақтау министрлігі.
ДСМ фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, министрлік бұған дейін әлгі арзан бағадан қатты дәметіп, аталған препараттардың бағасын түсіру арқылы пациенттерді аса қажетті антиретровирустық препаратпен толық қамтуды жоспарлаған. Алайда жеткізушілер сонша арзанға жеткізуге келіспеуі кесірінен елде осындай қиын жағдай қалыптасыпты.
Осылайша, жауапты шенеуніктер үкіметтен сырқаттарға толық көмек көрсетуге қажетті қаражатты сұрата алмаған өздерін кінәламай, бар айыпты жеткізушіге жылжытуда. Арзан дженерик тек күнін көре алмай отырған, дәрі түгіл тойып ас ішуге табысы жетпейтін кедей не қайыршы елдерге ғана берілетінін, ал Қазақстан өзін оларға қоспай, халықаралық қоғамдастыққа табысты мемлекет ретінде жариялайтынын медицина шенділері тарс ұмытқан сияқты.
Оның үстіне бұл жауапты шенділердің біліксіздігінен де болуы ықтимал. Өйткені британдық фармация алыбынан жеңілдігі бар лицензияны біздің аймағымызда ахуалы нашарлау Тәжікстан сыртында, Украина мен Өзбекстан да алып келген.
ViiV Healthcare компаниясының Ресей, ТМД, Таяу Шығыс пен Африка аймақтары бойынша коммерциялық директоры Джеймс Брингло Долутегравирді онсыз да Қазақстанға барынша төмендетілген бағамен ұсынып отырғандарын айтады. Мысалы, apvienibahiv.lv ресурсының дерегінше, даурықпай, тыныш қана дамыған мемлекетке айналып келе жатқан бұрынғы кеңестік республика Латвия Долутегравир үшін 664 еуро төлейді екен.
Өз кезегінде препаратты өндірушілер Қазақстанға да жеңілдік жасаудан кетәрі емес. Бірақ оның басқа тетігі әзірленуі керек.
ViiV Healthcare мемлекеттік органдармен жұмыс, саясат және препараттарының қол жетімділігі жөніндегі директоры Анджели Рэдклиффтің айтуынша, "GlaxoSmithKline компаниясы АИТВ жұқтырған пациенттерді сапалы, заманауи емдеумен қамтуды өзінің басты мақсаты деп санайды". Сондықтан компания қазіргі кезде сырқаттарды қамтамасыз ету үшін ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық құралдарын пысықтауда. Алайда, бұл құралдар ең бері дегенде тек келесі жылы ғана іске қосылмақ.
Үрейлі дертке ұшырағандардың құқықтарын қорғайтын ұйым өкілі, "Answer" қоғамдық қоры филиалының директоры Елена Растокина бүгінде Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған басты препараттардың бірі – Долутегравирдің тапшылығы туындағанын айтады.
"Оның қоры үш аптаға ғана жетеді. Содан кейін ВИЧ инфекциясымен өмір сүретін сырқаттарды емдеу схемасын өзгерту қажет болуы мүмкін. Қалыптасқан жағдай шұғыл шешуді талап етеді. Тек Алматының өзінде қазір 700 пациент дәрі-дәрмексіз қалды", – дейді Елена Растокина.
Әйткенмен, министрлік қажетті препаратты жеткізуші ұсынған бағамен сатып алуға үкіметтен қосымша қаржы сұрату орнына, өндіруші компанияны сотқа бермек ниетте.
Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова "денсаулық сақтау министрлігі препаратты арзан бағамен сатып алуға рұқсат ететін лицензияға соттасу арқылы мәжбүрлі түрде қол жеткізуге тырысатынын" хабарлады.
Ал ViiV Healthcare компаниясы бұған пысқырып та отырған жоқ. Оның өкілдері хат жолдап, онда дженериктік Долутегравирді арзанға сатып алу мүмкіндігі үшін Қазақстанды лицензиялауға тыйым салынғанын, ол тыйымның ары қарай да сақтайтынын, сондай-ақ, препараттың бағасы өздері ұсынған күйде қалатынын растады.
2018 жылы Қазақстандағы облыстық және қалалық ЖИТС орталықтарында 29 980 адам тіркеуде тұрған. Қорқыныштысы сол, көптеген адамдар "ВИЧ" жұқтырғанын білмейді де.
"АИТВ жұқтырғандардың өмірінің ұзақтығы егер олар антиретровирустық терапия алатын болса және медқызметкерлердің барлық рекомендацияларын сақтаса, онда сау адамдардан көп ерекшеленбейді. Ал егер талаптарды сақтамаса, олардың өмір сүру ұзақтығы вирус енгеннен бастап, 7-ден 15 жылды ғана құрайды", – дейді ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі республикалық орталығының бас директоры Бауыржан Байсеркин.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда АИТВ жұқтырудың жаңа оқиғалары жыл сайын он пайызға өсуде. Ведомство жезөкшелер, нашақорлар және басқа да ерікті әрі міндетті тестілеуге жататын топтар арасында 2017 жылы шамамен 3 миллион тексеріс жүргізген. Осылайша, халықтың тек 14%-ын тестілеуден өткізіпті. Нәтижесінде, АИТВ жұқтырған 2800 жаңа деректі тіркеген.
Министрлік қауіпті дерттің таралуына мигранттар да үлес қосып жатқанын айтады. Шетелдіктер арасында анықталу пайызы 9%-ды құраған. Ресей мен Өзбекстаннан айырмашылығы сол, өкінішке қарай, Қазақстан ВИЧ-инфекциясы бар келімсектерді кері депортацияламайды, ары қарай елде қала беруіне рұқсат етеді.
2018 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстанда АИТВ жұқтырған 2835 жаңа науқастар анықталды. Бұдан бөлек, қазір елде қатерлі вирусы бар әйелдер балаларының 2%-ы туу кезінде осы инфекцияны жұқтырады.
Сарапшылардың мәліметінше, ЖИТС-ке қатысты жағдай әлемде өзгеруде. Тіпті Африканың бірқатар мемлекеттері барлық көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелер паш еткен. Алайда тек Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда ғана АИТВ инфекциясын жұқтырушылар саны жыл сайын артуын жалғастыруда. Соның ішінде Қазақстанда науқастар саны ұлғайып барады.
Қазақстан АИТВ/ЖИТС-тің бизнеске ықпалы рейтингінде де ең нашар көрсеткіш көрсетті: еліміз 100-ші орынға орныққан.
Мәселен, ТМД елдері арасында "АИТВ/ЖИТС-тің бизнеске ықпалы" индексі бойынша Армения – 38, Грузия – 44, Ресей 60-шы орын алды. Бұл көрсеткіш бизнес нысандарының басшылары арасында тәуелсіз сауалнама жүргізу арқылы бағаланады. Анкетада "сіздің тарапыңыздан АИТВ және ЖИТС науқастарын емдеуге, диагностикалауға немесе жерлеуге шығын шығарыла ма?" деген де сұрақ бар көрінеді.
Жанат Ардақ