1,1 млрд теңге айыппұл салынды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
23135

Шетелдік нөмір таққан автокөлік жүргізушілері 132 адамды мерт қылды. 

1,1 млрд теңге айыппұл салынды

Ел аумағында шетелдік нөмір таққан 100 мыңнан астам автокөлік жүйткіп жүр. Есепке алынбағандықтан, олардың жүргізушілері салық төлемейді және жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл арқаламайды. Осыны біліп алған көлік жүргізушілері сырттан әкелген автокөліктерінің шетелдік нөмірлерін Қазақстанның мемлекеттік нөміріне ауыстырмауға тырысады.

"Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" демекші, бұл жерде таяқтың екі ұшы бар екенін назардан тыс қалдырмау керек. Көлік жүргізушілерінің уәжіне келетін болсақ, олар шетелдік нөмірі бар автокөліктерді ел аумағынан тыс жерден арзан бағаға сатып алатындарын, Қазақстанда дәл осындай автокөліктердің бағасы қымбат екенін алға тартады. Ал мемлекеттік нөмірді  ауыстыруға асықпайтындарының себебін баж салығының қымбаттығымен түсіндіреді.

"Армения мен Қырғызстанда автокөліктің бағасы қолжетімді. Бізде баж салығы тым қымбат. Баж салығының құны шетелден сатып әкелген көліктің құныннан асып кетеді. Қымбат баж салығын төлемеу үшін шетелдік нөмірі бар автокөлікті шетелде тіркейміз. Ал ішкі істер министрлігі жүргізушілерді шетелдік нөмірі бар автокөліктерін Қазақстанда есепке қоюға міндеттеп отыр. Осындай түсініспеушілік туындамас үшін үкімет қолжетімді бағадағы автокөлік нарығын қалыптастыруы және баж салығын төмендетуге ықпал етуі тиіс", – дейді шетелдік нөмірі бар автокөлік иелері.

Рас, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінде кедендік баж салығы Армения және Қырғызстанмен салыстырғанда қымбат. Себебі алдыңғы елдерде баж салығына соңғы екі елдегідей жеңілдетілген тариф енгізілген жоқ. Ал Қырғызстан мен Армения баж салығы құнының төмендігі есебінен көнерген көліктерін шетелге, оның ішінде Қазақстанға жөнелтіп жатыр. Яғни біздің ел ескі көліктердің ордасына айналуда.

Қазақстан сырттан келетін ескі көліктердің тасқынына тосқауыл қою үшін салық кодексіне сәйкес, автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу кезінде алым енгізді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: "Сырттан әкелінетін автокөліктің өндірістен шыққанына 2 жыл толмаса, онда бастапқы тіркеу алымының көлемі небары 0,25 айлық есептік көрсеткіш немесе 663 теңге ғана болады. Шыққан уақыты 2-3 жыл аралығында болса, алым көлемі 50 АЕК-ке (132 мың 550 теңгеге) дейін артады. Ресей, Қырғызстан, Армения және басқа елдерден 3 жылдан ескі көлік алып келгендерге бұдан он есе көп, 500 АЕК (1 млн 325 мың 500 теңге) алым төлеуге тура келеді. Автокөліктің зауыттан шыққанына 5 жылдан асып кетсе, онда бастапқы тіркеу алымы 2 мың 500 АЕК-ке (6 млн 627,5 мың теңгеге) жетеді", – деп мәлімдеді.

Байқағандарыңыздай, ескі көліктерге салық көп, жаңа көліктерге аз салынады.

ІІМ полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранованың мәлімдеуінше, ұлттық заңнама талабы бойынша басқа мемлекетте тіркеуде тұрған көлік елімізге енгізілгеннен кейін 10 күннің ішінде міндетті түрде көлік иесінің, яғни Қазақстан азаматының атына тіркеліп, мемлекеттік нөмір алуы керек.

"Шетелдік нөмір таққан автокөлік иесі "темір тұлпарына" Қазақстанның мемлекеттік нөмірін алмайтын болса, оған ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590 - бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, автокөлік айыптұрағына қойылады", – дейді Ақтоты Боранова.

Айта кетейік, Қазақстанда тіркелмеген, шетелдік нөмірі бар автокөліктер есепке алынған сәттен бастап, айыптұрағынан шығарылады.

ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораздың сөзінше, былтыр шетелдік нөмір таққан автокөлік жүргізушілерінің қатысуымен 1854 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 132 адам қаза тауып, 528 адам жарақат алған.

"Былтыр шетелдік нөмір таққан автожүргізушілер 90 мыңнан аса жол ережесін бұзды. Оларға 1,1 млрд теңге айыппұл салынды. Көрсетілген қаражаттың 30%-ы ғана өндірілді. Себебі жол ережесін бұзған автокөліктердің басым бөлігі ел аумағында есепке алынбаған", – деді ресми өкіл.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу