Биыл сатылған көліктердің 50%-дан астамы Қазақстанда жасалған

25768

Ұлттық банк отандық автоөнеркәсіпке қолдау көрсету үшін автокредиттеу бағдарламасына 20 млрд теңге бөлді. 

Биыл сатылған көліктердің 50%-дан астамы Қазақстанда жасалған

Бағдарлама шеңберінде биыл "Қазақстанның Даму банкі" АҚ 20 млрд теңге қаражат алды. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспайды, тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 7,5%-ға дейін, максимал кредиттеу мерзімі – 7 жыл, отандық автомобильдің құны 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Алайда сатып алушылар автокредитке де, автокредитке беріліп жатқан арзан көлікке де қызықпайды. Қалтасында артық 3-4 млн теңгесі бар кісілер Армениядан жақсы машина алып алған.

Биыл Қазақстанда сатылымы жақсарған Lada Granta-ның Ресейдегі бағасы 2 429 400 теңге (404 900 рубль). Ал біздің елде тура сол көлік 3 145 000 теңге тұрады. Бұл жерде утилизациялық алымды ескереміз. Алайда "Оператор РОП" ЖШС автоөндірушілерге субсидия ретінде ол ақшаны қайтарды. Осы арада көліктің бағасы Ресейдегімен теңесу керек қой деген сауал туындайды. Шын мәнісінде, олай емес болып шықты. Қазақстанда құрастырылған кейбір көліктер көршілес мемлекеттегіден қымбат.

Статистика бойынша, Қазақстанда әрбір үшінші көлік несиеге сатылады. Ал елімізде құрастырылған машиналардың 10%-ы ғана автонесиемен сатылып жатыр. ТОП-5 сатылым лидерлерін тізбектеу қиын емес. Үздік бестікте Lada Granta көшбастап тұрған болса, екінші орында  Hyundai Tucson, үшінші және төртінші орында Lada Vesta мен Lada 4х4, ал бестікті Hyundai Accent тұйықтайды.

"Астана Моторс" компаниясы" келер жылы Алматы іргесінде Hyundai модельдерін ірі торапты әдіспен құрастыра бастайды. Алғашында зауыттан 30 мың көлік шығады. 2023 жылы жоба қарқыны 45 мыңға жетеді екен. Тіпті, қазақстандық Hyundai-лар Өзбекстанда сатылуы мүмкін. Алдын ала келісім бойынша көліктерімізге кедендік алым 2 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, Қостанайдағы зауыт та экспортқа бағыт алды. Алайда ішкі нарықтағы жағдай мәз емес. Азаматтарымыздың сатып алу әлеуеті жылдан-жылға төмендеп барады, сөзіміздің дәлелі - ескірген автопарк.

Биыл сатылған көліктердің 50%-дан астамы Қазақстанда жасалған. Бұл статистика жақсара бермек.  

Олжас Оқас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу