Заңсыз автокөліктерді аулау басталды

3764

Қазақстанда Моңғолиядан жалған құжаттармен әкелінген 800-ден астам контрабандалық жеңіл көлік әшкереленді.

Заңсыз автокөліктерді аулау басталды

Контрабандамен күресетін құзырлы орган, яғни Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бұл елден әкелінген "темір тұлпарлармен" жүйткіп жүрген жандарға қатаң ескерту жасады.

Мемкірістер органының дерегінше, жүрілген шетелдік автокөліктерді моңғолдар елінен Ресей арқылы бізге әкелу барысында жалған құжаттар пайдаланылған. Яғни, олар заңсыз жолмен заңдастырылған.

Қазақстанның кедендік заңнамасының талаптарына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін шет мемлекеттерден жеткізілген автомобильдерді еш шектеусіз пайдалану үшін ең алдымен оларды кедендік декларациялау қажет, сондай-ақ тиісті кедендік баждарын, салықтарын төлеу міндет. Басқа жағдайларда осындай көліктерді пайдалануға жол берілмейді.

"Осы талаптарға қарамастан, бүгінде еліміздегі еркін саудада Моңғол халық республикасынан кедендік заңнама нормаларын бұза отырып әкелінген автомобильдер бар. Заң бұзушылар оларды ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қою үшін жалған кедендік құжаттарын пайдаланған", – деп мәлімдеді мемкірістер комитеті.

Контрабандамен күресушілер сондай-ақ бұл көліктерді қалай әшкерелегендерін де ашып айтты. 

"Бұл заңсыз схема Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерінің деректер қорын, сондай-ақ Қазақстанның Ішкі істер министрлігіндегі автокөлік құралдарын есепке қою туралы деректермен өзара салыстыру нәтижесінде анықталды. Негізінен 2001–2010 жылдары шығарылған Оңтүстік Корея өндірісінің автомобильдері (Хундай, Киа маркалы көліктер) әкелінген. Қазіргі уақытта кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік кірістер органдары контрабандалық автомобильдерді ұстау бойынша шаралар қабылдауда", – деп хабарлады бұл комитет. 

Яғни, Моңғолиядан әкелінген көліктерді жаппай тұтқындау басталғанға ұқсайды. Құзырлы орган "осы жазалауға ілігіп қалмау үшін қазақстандықтар не істеуі керек?" деген сауалға жауап айтып, кеңес берді.

"Осыған байланысты, барлық азаматтарды қолданыста болған көліктерді сатып алу кезінде аса сақ болуға, автомобильді кедендік тазартудың дұрыстығын тексеруге ерекше назар аударуға шақырамыз! Бұл үшін аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгінулеріңіз керек", – деді Қаржы министрлігінің мемкірістер комитеті.

Ол сондай-ақ қандай контрабандалық көліктердің тәркіленуі мүмкіндігін жеткізді. Бұл ретте мемкірістер органдары кедендік заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша оперативті іс-шаралар жүргізіп жатқан автомобильдердің тізімін жариялады. Ол тізімді мына сілтеме арқылы қарауға болады:

http://kgd.gov.kz/sites/default/files/AVTO/prilozhenie_k_press-relizu-09.07.18-1.xls

Мұндағы автомобильдердің жалпы саны қазірдің өзінде 805-ке жетті. Олардың арасында Киа, Хендэ, lexus, Тойота Лэнд Крузер, Тoyota-ның өзге маркалары, УАЗ, Субару, Ниссан, Самсунг sm5, Сан Янг, Дэу, БМВ x5, Мерседес-Бенц және басқалары бар.

Мамандар жаңа көлік сатып алғалы тұрған азаматтарға көздері түскен, көңілі қалаған "темір тұлпардың" VIN-кодын осы тізімдегілермен салғастырып қарауды ұсынады. Өйткені полицейлер ол арнайы тізімге кірген автокөліктерді қазақстандық жолдар мен көшелерде іздеп, табумен және тәркілеумен айналысуда. Ол көліктер жүздеген мыңнан миллионға дейін баратын кедендік баждары, салықтары және айыппұлдары төленгенше, уақытша сақтау қоймаларына орналастырылатын көрінеді. 

Отандық кеденшілер автокөліктер контрабандасының бұл схемасын "моңғолдық нұсқа" деп атайды екен. Бірақ оның әрине, моңғолдықтарға еш қатысы жоқ. Себебі, ол жолмен көлік таситындардың барлығы дерлік өзіміздің қазақ қандастар. Ақша табудың жолын білетін бұл іскер, әбжіл жандар кедендік тазарту рәсімдерін айналып өтіп, Қазақстанға арзан көліктер жеткізу ағынын жолға қойған.

Және бұл схема қазақ елі тәуелсіздік алған тұста бастау алды. Өйткені заң бойынша елге қайтқан оралмандарға өздерімен бірге жеке көліктерін ала келуге рұқсат етілді. Бұл ретте егер ол көлік кем дегенде 6 ай меншікте болса, ол үшін мемлекетке салықтар төлеу талап етілмейтін.

Сарапшылардың айтуынша, кейбір оралман адамдар тіркеу карталарын қолдан жасап, Қазақстанға автокөлік әкелген сайын, оны өзінің бірінші әрі жалғыз машинасы ретінде "растап", көрсетеді. Бұл жерде ең бастысы "ол автомобильді еліміздің әр облысында тіркеуден өткізу" керек көрінеді. Ары қарай жалған құжаттармен тіркеуге қойылған көлік сенімхат бойынша басқа тұлғаға сатылады. 

Бұл тәсілдің тартымдылығы біздің нарықтағы осы өнімдердің әлдеқайда қымбаттығымен түсіндіріледі. Себебі, Моңғолия бізден көп жыл бұрын ДСҰ-ға мүше болды және бөлшектер мен "б/ушный" көліктерді Батыс пен Шығыс елдерінен тікелей тасиды. Осылайша, сарапшылардың бағалауынша, Моңғолияда көліктер Қазақстандағыдан орташа есеппен, 30 пайыздайға арзан тұрады. Ал бұл – миллиондаған теңге айырма.

Бертінде, шетелдік қолданыста болған көліктерді елге әкелуге тыйым салынғалы және ЕАЭО-дан басқа мемлекеттерден әкелінген жаңа машиналарға баж салықтары күрт көтерілгелі бері бұл схема жаңаша гүлденіп, түрленіп сала берді.

Тіпті көлікті шашып тастап, Қазақстанға бөлшектер күйінде әкеліп, осында қайта құрастыру секілді тәсілдері де болды. Бірақ бұл тәсілді түсіне қойған бақылаушы органдар бюджеттен үлкен қаражат сұратып, контейнерлерді сканерлеуші арнайы құрылғылар орнатты. Егер ол сканер датчиктері тұтас кузов немесе рама тұрғанын көрсе, көлік не контейнер мәжбүрлі түрде ашылып, ішіндегі тауарға тәркілену қаупі төнеді. Ең жеңіл дегенде, кузовқа тұтас автокөлік ретінде баж салығын төлеуге тура келеді.     

Қазақстанға жалған құжаттармен әкелінген 805 көліктің мемлекетке қанша шығын келтіргенін мемкірістер комитеті хабарламайды. Бірақ "темір тұлпардың" орташа бағасы 5 миллион теңге десе, бұлардың жалпы сомасы 4 миллиардқа кетіп қалады. Сонымен бірге олардың арасында жол талғамайтын қымбат көліктердің барлығын да ескеру маңызды. Оның үстіне бұл әзірге тек әшкереленгендері ғана. Ал егер ары қарай тереңірек үңілсе, бұзушылықтар саны еселеп өсуі ғажап емес.  

Әділдік үшін айта кету керек, автокөліктер қолдан жасалған құжаттармен тек Моңғолиядан ғана әкелмейді. Бұған дейін ақпарат құралдары Литва, Польша, Германия және тіпті АҚШ-тан келген көліктердің жалған құжатпен және ЕАЭО ережелерін пайдалана отырып, Беларусьта және Ресейде кедендік тазартудан өтетінін, ізінше Қазақстанға әкелінетінін жариялаған болатын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу