Азия автосы сутегіне көше бастады

5221

Қытайда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда алдағы онжылдықта миллиондаған машина жаңа отынмен жүре бастайды. 

Азия автосы сутегіне көше бастады

Азияның үш алып экономикасы – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея келесі онжылдықтың соңына таман миллиондаған автомобильді сутегі (гидроген) отынына көшіру туралы амбициялық жоспар құрып отыр. Оны жүзеге асыруға миллиардтаған доллар қаражат жұмсалады.

Дегенмен әзір мұндай машиналар электромобильдердің көлеңкесінде қалып қойғандай. Электр қуатымен жүретін көліктердің танымалдылығы Tesla компаниясының  люкстік "темір тұлпарлары" пайда болғалы тіпті артты. Сонымен қатар, оларды сатуға және жасауға Қытай үкіметі арнайы квота бөліп отыр.

Кейбір сыншылар оттегімен қозғалатын транспорттың технологиялық бәсекеде лайықты орын алатынына аса сенбейді. Бірақ өзге бір пікірлерге қарағанда, сутегі – автомобильдер үшін отынның ең таза түрі және де бұндай машиналарға арналған отын құю инфрақұрылымдары болашақта көбейе түспек.

Амбициялық межелер

Қытай – әлемдегі автомобиль жасаушы ең ірі мемлекет. Ол жылына 28 млн көлік сатып отыр. Ал, 2030 жылға дейін бұл мемлекетте сутегімен жүретін 1 миллиондай машина қызметке тартылмақ. Салыстырып көрсек, қазір Қытайда олардың саны 1500 ғана, көбі – автобустар.

Жылына 5 млн автомашина шығаратын Жапонияда бүгінде гидрогенмен қозғалатын 3400-дей  көлік бар. Токио олардың санын келесі онжылдықтың соңында 800 мыңға жеткізбек.

Оңтүстік Кореяға келсек, оның автонарығының көлемі Жапониядан әлдеқайда шағын немесе үштен біріне ғана тең. Соған қарамастан, бұл мемлекет 2030 жылға дейін сутегіне негізделген 850 мың көлік шығаруды мақсат етіп отыр.

Неліктен гидроген?

Гидроген жақтастарының сөзінше, мұндай отын өте таза және одан су мен ыстық қана бөлінеді. Сонымен қатар сутегіні метаннан да, көмірден де, судан да, тіпті қоқыстан да өндіруге болады екен. Осыған байланысты, табиғи ресурстарға кедей Жапония гирдрогенді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір тетігі ретінде қарастырып отыр.

Мамандардың айтуынша, сутегі құйылған көлік бензинге негізделген автомобиль тәрізді ұзақ қашықтыққа жүріп, тура сондай уақытта отын құюды қажет етеді. Ал, электромобильерді қуаттандыру үшін көп уақыт кетуі мүмкін, сондай-ақ бұндай машиналардың жүру ұзақтығы бірнеше жүз шақырымға ғана жетеді. 

Қытай мен Жапонияда сутегі отынын қолдаушылар гидрогендік автомобильдер электромобильдерді алмастырмайды, толықтырады деп есептейді. Жалпы алғанда, сутегі алыс қашықтыққа жүретін транспорт құралдары үшін тиімді. Сондықтан, оны бүгінде қала автобустарына пайдалануға көбірек мән беріліп отыр.

Басты ойыншылар

Бірнеше автомобиль жасау компаниясы ғана осындай отынмен жүретін қолжетімді машина шығарған. Солардың бірі - "Тойота" корпорациясы 2014 жылы Mirai атты седан жасады. Ал, Hyundai Motor өткен жылдың наурызынан бері Nexo деген кроссоверді ұсынып, сутегімен қозғалатын 2900 дана көлік сатты. Daimler болса, GLC F-CELL моделді автомобильдерді корпоративтік және мемлекеттік сектордағы бірнеше клиентке ғана жеткізген.

Автобустар тарапынан сұраныс көбірек. Ал, Toyota мен Hyundai-дан ұсыныс бар. Олар, әсіресе, Қытайдың автобус жасаушы зауыттарына гидрогенмен жүретін машиналардың компоненттерін сатуға кірісіп отыр.

Қытайдың бірнеше өндірушісі осындай үлгідегі өз автобустарын жасап жатыр. Олардың қатарында елдің ең ірі автозауыты - SAIC Motor мен Geely Auto Group-ты атап өтуге болады.

Мұндай автомобиль неліктен көп шығарылмайды?

Бірқатар зерттеуге қарағанда, сутегіне негізделген автомобильдерді жаппай шығаруға гидрогендік отын құю станцияларының тапшылығы басты кедергі. Ал, өзге бір пікірлерге жүгінсек, сол бекеттерді көптеп салуға сутегімен жүретін машиналардың тым аз шығарылуы себепші. Яғни, олардың саны кем болғандықтан, бұндай станцияларға мардымды пайда түспейді.

Сонымен қатар, тұтынушыларды жарылыс қаупі алаңдатып отыр. Бұл да бір бөгет. Осыған дейін Жапония мен Оңтүстік Корея жұрты сутегі станцияларын салуға қарсылық білдірді. Ал, биыл гидроген құйылған бак жарылғанда, Кореяда екі адам қаза тапқан. Сонымен қатар, Норвегияда да осындай бекет жарылды деген мәлімет бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу