148 мың шымкенттік салық төлемей жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10969

Ал алматылықтар салық органдарына 5,5 млрд теңге қарыз.

148 мың шымкенттік салық төлемей жүр

2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке тұлғаларға қатысы салықтың кез келген түрінен өсімпұл алынбайды. Бұл үшін негізгі қарызды өтеу қажет. Осылай болған жағдайда жеке тұлғалардың 6,6 млрд теңге өсімпұлы кешіріледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 шілде күні қаржы саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтарға арналған салықтық рақымшылық рәсімін реттеуге және жаппай жария ету мерзімін ауыстыруға бағытталған заңға қол қойды. Аталыш заң 16 шіл­деден бастап күшіне енді.

Мәселенің мән-жайын қаржы вице-министрі Қанат Баедилов түсіндірді. Оның сөзінше, жеке тұлғаларға жарияланған салықтық рақымшылық еліміздің әрбір азаматына жыл соңына дейін өсімпұлды төлемеу құқығын  беріп отыр.

"2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша 1,4 млн жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд теңгені құрайтын салық­тық берешегі болған. Оның ішінде негізгі борыш – 14,3 млрд, есептелген өсім­пұл­ – 6,6 млрд теңге. Салық береше­гінің 70%-ы көлік құралдарына салынатын салыққа, 12%-ы жер салығына, 6,7%-ы мүлік салығына тиесілі екен. Салықтық рақымшылық шеңберінде азаматтар негізгі салықтық қарыздарын төлесе, өсімпұлдары кешіріледі", – деді Қанат Байеділов.

Белгілі болғандай, жеке тұлғалардың көлік құралына төлеуге тиісті салығы – 14,4 млрд, жер салығы – 2,5 млрд, мүлік салығы – 1,4 млрд теңге.

Қаржы вице-министрінің мәлімдеуінше, салықтық рақымшылық аясында жеке кәсіпкер емес, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындаған салық бойынша берешегі бар жеке тұлғалардың салықтық берешегі де есептен шығарылады.

"Бұл жерде 2002- 2003 жылдары салық органдарының жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге көшуі кезінде пайда болған берешек сөз болып отыр. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осыған қатысты қарыз сомасы 700 млн теңге. Оның ішінде негізгі борыш – 400 млн, өсімпұл – 300 млн теңге. Дәл қазір 16 мыңнан астам жеке тұлғада осындай салықтық берешек бар", – деді Қанат Байеділов.

Қаржы министрінің орынбасары жеке тұлғалар негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұл есептен қалай шығарылатынына тоқталды.

"Жеке тұлға салық бойынша негізгі қарызды төлесе, өсімпұл есептен шығарылады. Бұл үшін  жеке тұлға салық төлеушілерге бармайды. Себебі мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарын тексеріп, негізгі борыш өтелген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды автоматты түрде алып тастайды", – деді Қанат Байеділов.

Жеке тұлғалар қарыз сомасын мемлекеттік кірістер коми­тетінің интернет-ресурсы немесе E-gov.kz электронды үкімет порталынан біле алады.

Вице-министрдің айтуынша, салық қарызы бар адамдардың саны жағынан шымкенттіктер көш бастап тұр.

"Шымкент қаласында шамамен 148 мың адам салық төлемей жүр. Одан кейінгі орында Түркістан облысы – 139 мың адам, Жамбыл облысында- 116 мың адам, Нұр-Сұлтан қаласында  – 114 мың адам", – деді Қанат Байеділов.

Оның дерегінше, Алматы салықтық қарызы көп қала деп танылып отыр. Мұнда Шымкентпен салыстырғанда салығын төлемей жүргендердің саны аз, бірақ төленбеген салық сомасы тым жоғары. Дәл қазір алматылықтар 5,5 млрд теңге салық арқалап жүр.

Алматыда Шымкентпен салыстырғанда салығын төлемей жүргендердің саны аз, бірақ төленбеген салық сомасы тым жоғары. Дәл қазір алматылықтар 5,5 млрд теңге салық арқалап жүр. Екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысы орналасқан. Мұндағылардың 2 миллиард теңгеден салықтық берешегі бар. Үшінші орынға 1,6 млрд теңге салықтық қарызбен Шымкент табан тіреп тұр.

Айтпақшы Қанат Байеділовтың баяндауынша, салықтық рақымшылық басталғанға дейін негізгі қарыз бен өсімпұлды төлеген адамдар болса, оларға өсімпұлдың ақшасы қайтарылады. Бұл үшін құзырлы органдарға өтініш жазу қажет.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу