150 мың халқы бар Екібастұзда үш-ақ офтальмолог жұмыс істейді

3147

Зағиптар қалада көз аурулары бөлімшесін қайта ашуды талап етуде.

150 мың халқы бар Екібастұзда үш-ақ офтальмолог жұмыс істейді

Бүгінде Екібастұз өңіріндегі 150 мыңнан астам халыққа мемлекеттік үлгідегі мекемелерде бар-жоғы 3 көз дәрігері қызмет көрсетіп отыр. Қалада түрлі бөлімшелер шоғырланған бір аурухана мен 3 емхана жұмыс істейді. 3 емхананың біреуі – "Дисконт" өндірістік кооперативі бұдан 3 жыл бұрын мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестікке көшті. 

Енді жоғарыда атап өткен 3 көз аурулары дәрігерлеріне келсек, Қымбат Шорманбаева қалалық ауруханадағы диагностикалық бөлімде қабылдау жүргізеді. Аты айтып тұрғандай, мұнда келісімшарт жасасқан емханалардан жолдамамен келгендер ғана қызметті тегін пайдалана алады. Өзгелеріне қызмет көрсету ақылы. Ал екінші дәрігер Ә.Әлімғалиев №1 емхана мен №3 емхананың дәрігері болып саналады. Негізгі мамандығы – травматолог.  Қысқамерзімді курста оқып, офтальмологтың сертификат алған. Үшінші дәрігер Нұржамал Искакова – зейнеткер, №1 емханада балалар көз ауруы дәрігері. Сонымен бірге, көктем-күз айларында шұғыл әскерге шақырылатын жастарды медициналық тексеруден өткізуге қатысады.

Бұдан бөлек, ақылы медициналық орталықтарда бірді-екілі көз аурулары дәрігерлері қызмет етеді. Алайда олардың біліктілігі қай дәрежеде екенін анықтау мүмкін болмады.

Бұдан екі жыл бұрын қалалық орталық ауруханадағы көз аурулары бөлімшесі жабылып,  шұғыл жағдайларда көмек беретін офтальмология кабинеті қана қалдырылды. Кабинетте көз ауруларына арнайы ем-шара қабылдауға жағдай жасалған.

Әйтсе де мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде 3 көз дәрігерінің жұмыс істейтіні және  қалалық ауруханадағы көз аурулары бөлімшесінің жабылып қалғаны зағиптардың наразылығын туғызды.   

Олардың айтуынша, көз аурулары бөлімшесі жабылып қалғалы стационарда емделу өз алдына, көзге инемен дәрі салғызудың өзі қияметке айналған. Бұрын жылына екі рет жоспарлы түрде стационарда ем қабылдап келген олар қазір амбулаторлық емге де зәру. Осы себепті зағиптар көз аурулары бөлімшесін қайта ашуды талап етіп отыр.

Қалалық аурухананың бас дәрігері М.Андосовтың айтуынша, көз аурулары бөлімшесін қалпына келтіру мүмкін емес. "Көз ауруларына шағымы бар адам алдымен жергілікті емханалардағы көз дәрігерлеріне қарануға тиіс. Қажет жағдайда облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесіне жолдама беріледі. Сонымен бірге,  зағиптардың облыстық ауруханада тексеруден өтуі үшін арнайы көлік бөлініп, алдын ала уақыты белгіленеді. Ал көз бөлімшесін ашу үшін онда микрохирургиялық емдеу шараларын жүргізуге қажетті заманауи қондырғы болуы шарт. Оның құны – шамамен 120 миллион теңге. Әзірге қалалық ауруханада мұндай қомақты қаржыға медициналық аппаратура алуға мүмкіндік жоқ. Әрі жоғары санатты көз аурулары дәрігері де жоқтың қасы. Тіпті, кез келген медбике көзге ине сала алмайды. Сондықтан көз бөлімшесін қайта ашу үшін алдымен материалдық-техникалық базаны нығайтып, білікті мамандарды сайлап алу қажет", - деген уәжді алға тартады.

Дария Ерғазина, Екібастұз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу