25 жылдағы білім саласындағы жетістіктер

19218

Қазақтанның білім саласына қатысты ресми мәлімет пен күнделікті өмірдің көрінісі онша қабыспайды екен.

25 жылдағы білім саласындағы жетістіктер Фото: today.kz

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елімізде 8 млн астам адам дүниеге келіпті. Бұл халықтың 50%-ға жуығы екенін ескерсек, жаңа буын өсіп келеді. Ал, қалыптасып келе жатқан жаңа буынның білім жолындағы болашағы қандай болмақ? Осы уақытқа дейін білім беру жүйесіне жауапты тұлғалар қандай іс атқарды? Неден ұттық, қай тұста қателестік?

Тәуелсіздік жылдарында "Білім туралы" үш заң қабылданыпты. 1992, 1999 және 2007 жылдары білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық стандарттық классификациясына сәйкестендіріліпті.

2020 жылы бақшаға бармайтын бала болмайды

Балабақша мәселесі күйіп тұрған тақырыпқа айналғаны қашан. Орын тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі күнге дейін бар. Дегенмен 25 жыл ішінде мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту саласында оң өзгеріс болыпты. Мысалы жаңадан 498 балабақша салынып, 2199 жекеменшік бақша ашылыпты.

"Бүгінде елімізде 9297 мектепке дейінгі ұйым бар. 5-6 жасар бүлдіршіндер 1999 жылдан бастап мектеп алды дайындығына барады. Ал 2006 жылдан бастап шағын орталықтар қызмет етеді. Мемлекеттік тілде оқытатын ұйымдар саны 1748-ден 5709-ға дейін артты. "Балапан" бағдарламасының арқасында 2010 жылдан бастап 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту 2,5 есеге өссе, балалар контингенті 124,8 мыңнан 817,8 мыңға көбейді. Тәуелсіздік жылдары мектепке дейінгі тәрбие мен білім жүйесіне 100 млрд-тан астам жекеменшік инвестиция құйылды. Алдағы 3 жылда 133 мың орынға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Жаңа санитарлық ережелер жасалып, балабақша қызметінің шарттары жеңілдетілді", – дейді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сұханбердина.

Оның айтуынша, 2020 жылға қарай 3 және 6 жастағы балалардың бәрі 100% мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіледі. Яғни, балабақша тапшылығы алдағы 4 жыл ішінде түбімен жойылады екен.

"Алысқа" бару үшін ағылшын тілін білу керек

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мектеп білімінің инфрақұрылымы біршама жақсарған. Осы уақытқа дейін 1356 жаңа мектеп салыныпты. Ал қазір 7160 мектепте 2,7 млн оқушы білім мен тәрбие алып келеді. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны 2768-ден 3777-ге дейін ұлғайыпты.

"Қазір оқушылар мен студенттердің 70%-ға жуығы қазақ тілінде білім алады. Біз барлық азаматтың бәсекеге қабілетті болғанын қалаймыз. Ол – олардың кемінде екі тіл білуі. Сонымен бірге Елбасының қазақстандықтардың болашақ буыны күллі әлемде білім алып, жұмыс істей алатындай келешек ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін ағылшын тілін оқыту арқылы дамыту тапсырмасы орындалып келеді", – дейді Эльмира Суханбердина.

Қазір "Дарын" желісі бойынша жалпы оқушы саны 61 мыңға тең 121 мектеп жұмыс істейді. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласында біздің оқушылар халықаралық конференцияларға, байқауларға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралған. Мәселен 25 жылда тәуелсіз Қазақстан оқушылары зияткерлік сайыстарда 9338 медаль ұтып алыпты. Оның ішінде алтыны да, күмісі де, қоласы да бар.

Инновациялық лицейлер 1992 жылдан бастап ашыла бастапты. 2009 жылдан бастап 20 Назарбаев зияткерлік мектебінде тек дарынды балалар тәрбиеленіп келеді. Бұған қоса 3 тілде оқытатын 127 мектепте 1046 мұғалім өз пәндерін ағылшын тілінде оқытады екен. Яғни елдің жастары ағылшын тілін еркін меңгеру арқылы жаһанданған әлемге жауап бере алатындай дәрежеге жетеді деп жоспарланыпты.

Міне, бұл білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметтері. Әрине, жетістігімізді ешкім тартып ала алмайды, бірақ ұтылған жеріміз туралы айту – парыз. Өйткені, біріншіден, өткен 25 жылда білім және ғылым саласы басы жоқ, аяғы жоқ реформалардан көз ашпады. Екіншіден, өткен 25 жылда басшылығы ең көп ауысқан, яғни 14 адам басқарған да осы білім және ғылым министрлігі екен.

Қазір бізде ғылым жоқ...

Бұл жиырма жасынан бастап зертханадан шықпай, қайнаған ғылымның ортасында жүрген химия институтының директоры академик Еділ Ерғожиннің "Менімен ғылым жайлы сөйлесудің қажеті жоқ. Қазір бізде ғылым жоқ. Бәрі ақшаға сатылып жатыр. Ғылымға дұрыс көзқарас қалыптаспаған, ғылымы дамымай, ақсап жатқан елде ғалым не айта алуы мүмкін?! Менің өтірік мақтағым келмейді" деген ащы сөзі қоғамдағы көп жайтты аңғартса керек.

Ал жуырда ғана Елбасының қабылдауында болған академик Мұрат Жұрынов та күрмеуі қиын ғылым мәселесін айтуға мәжбүр болып еді. Бір ғана сараптамаға арналған қаржыландыру жүйесінің реттелмегенін, сараптама жүргізу тәжірибесі жоқ "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқып келген жас маманға беріліп келгенін, тіпті жалақы мәселесі де дұрыс жолға қойылмағанын ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың өзі де мойындап отыр.

Академик Жұрыновтың айтуынша, бізде миллиардтаған қаржы желге ұшады. Мәселен ғылымға, соның ішінде тек сараптамаға 7 млрд теңге ақша бөлінеді. Оған 5 мыңдай жұмыс тексеріліп, қаралады. Өкініштісі, ол жұмыстың қаншамасы жарамсыз болып, өтпейтін көрінеді.

"Біз қабылданбайтын бос зерттеулерге де ақша жұмсап отырмыз. Бұл миллиардтар желге ұшты деген сөз ғой. Не деген масқара! Осы қаражатты одан гөрі өзіміздің институттарға берсе, қаншама жұмыс істелетін еді ғой. Міне, осы мәселені Елбасыға мәлімдедім. Сараптаманы ҰҒА академиктері жасауы керек деген ойымды айттым. Президент менің ұсынысымды қолдады", – дейді Мұрат Жұрынов.

Ұлттық оқулық қажет

Бізде ғылым түгілі, қарапайым мектептегі білім, оның ішінде оқулық мәселесі де оңып тұрған жоқ көрінеді. "Бірінші сыныпта оқитын ұлымның сауат ашу кітабында "Пицца" туралы жазылған мәтін бар. Жаңадан пәленбай данамен шыққан мазмұны тар, салмағы ауыр кітапты дайындағандардың жауапкершілікпен қарамағаны анық. Мың құбылған оқулық бізді шаршатты. Министр ауысқан сайын, оқулықтар да реформаға ұшырайды. Осыдан бір-екі жыл бұрын Қазақстанды картадан алып тастап, Ресейдің құрамына енгізіп жіберген оқулықты да көзіміз көрді. Қарапайым ата-ана болсам да, қазіргі оқулықтар білікті мамандардың қолынан өтетініне сенбеймін", – дейді елорда тұрғыны Айнаш Мырзабекова.

Оның айтуынша, бастауыш сыныпта оқитын балалардың сабақ оқуына көмектескенде қатты қиналады екен. "Әсіресе, математика пәні. Бірінші сыныптың баласына кесінді, сәуле, пирамида, тіктөртбұрыш секілді ұғымдарды меңгеру әлі ерте. Тым күрделі. Ұстазына айтсам, маған да қиын деп қысқаша қайырады. Оған қоса ағылшын тілін өтіп жүр. Қазақшаны орысшамен араластырып әрең сөйлеп жүрген балаға үш тілде оқыту дегеніміз – ақылға сыйымсыз", – деп күйінеді Айнаш Мырзабекова.

Ал Гүлжаз Қыдықбекова есімді журналист ата-аналардың "watsapp" желісіндегі тобында дәл осы мәселе күн тәртібінен түспейтінін алға тартады. "Балалар емес, өзіміз оқып жүрген сияқтымыз. Тым күрделі есептер мен мәтіндерді бір-бірімізден сұрап отырамыз. Өзара талқылап, дұрыс жауабын бүкіл ата-ана болып шешеміз. Сонымен қатар ғылыми жұмыс, реферат дегендері бар. Жасыратыны жоқ, интернет арқылы дайын тексті көшіріп, шығарып апарып береміз. Дәл бұлай жалғаса беретін болса, ертеңгі болашағымыз деп сенген балалар елімізді қай ұшпаққа шығарады деп ойлайсыз?!", – дейді Гүлжаз Қарыбекқызы.

Тіл жанашыры, танымал профессор Мұхамедия Ахмет-Төре білім жүйесіне ұлттық стандарт керек екенін айтудан жалықпайды. Профессор ұлттық мүддені ескермеген қазіргі білім саласы түрлі қателік пен кемшілікке бой алдырғанын айтады.

"Мәселен "Салауаттану" (Валеология) оқулығының бетін ашып, ас қорыту жүйесінің суретінде ұлтабардың тұсына "он екі елі тік ішек" деп жазыпты. Оны оқыған бала ұлтабар мен көтенішектің қайсысы 12 елі, қайсысы тік екенін түсіне алмай дал болады. Сол сияқты 7-сыныпқа арналған биология оқулығының 11-бетінде: "Ол (вирус) – жасушасы жоқ өте ұсақ бөлшекті затия…", "ауру туғызатын вирустар", "ауру тудыратын бактериялар" (16 бет) – демек вирустар туғызады екен, ал бактериялар тудырады екен, айналып келгенде, ауру туындататын шығар деп түсінуге мәжбүрміз. Бацилдар, коккалар (16 бет) – осы қаншалықты дұрыс? Ал 8-бетте "Дү­ниежүзіндегі ағзалық әлем, яғни тірі ағзалар 5 дүниеге жіктеледі" деп жазылған. Осы сөйлем дұрыс құрылған ба өзі, қазақша ма?", – дейді профессор Мұхамедия Ахмет-Төре.

Тіпті 5-сынып оқушысына арналған Әдебиет хрестоматиясында "Төсек" мәселесі, "ішкізіп-ішкізіп" тонап қашып кету..." секілді қазақы тәрбиеге жат дүниелер берілгендігіне жанын ауыратынын айтады.

Айта берсек, білім саласындағы кемшіліктер мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі туралы да сарапшылармен ой бөлісеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу