+997: Қазақстанға телефон кодын ауыстыру не үшін қажет?

1931

Жаңа кодты пайдалану 2023 жылғы қаңтардан басталады.

+997: Қазақстанға телефон кодын ауыстыру не үшін қажет?

Биыл қыркүйекте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 DEF-кодын берілгенін мәлімдеген. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам пікірі екіге бөлінді. Біріншісі бұл өзгерісті қолдаса, екінші тарап министрдің шешімін түсінбей дал. Inbusіness.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты аталған министрлік өкілі мен сарапшылардың пікірін біліп көрді.

"Бұл келісім мойындалмайды"

Осыған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстан мен Ресей 2006 жылғы 17 маусымда жетінші нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісім бекіткенін айтқан. Оны толық ресейлік сарапшылар әзірлепті. Алайда бұл құжат халықаралық деңгейде мойындалмаған.

"Аталған келісімнің 11-бабында тараптардың бірінің өтінішімен шартты бұзу туралы хабарландырудан кейін 6 айда қолданыстағы келісім бұзылуы мүмкін екені көрсетілген. Мұнда жетінші аймақты бірлесіп пайдалану туралы келісім Қазақстан мен Ресей байланыс әкімшілігінің арасындағы шарт екенін түсіну маңызды. Бұл үкіметаралық құжат емес. Сондықтан халықаралық құқықта бұл келісім мойындалмайды", – деді Министрдің орынбасары Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында

"Қолайсыздықтың алдын алу үшін қажет"

Осыған байланысты ЦДИАӨМ Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнар Бөкеева "Бұл келісім нені білдіреді? Жаңа кодты енгізу не үшін қажет?" деп сұрақ қойдық.

"Жетінші нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге сәйкес қос тарап кез келген уақытта, 6 ай бұрын хабарлап, келісімнің күшін жоюға ниет білдіре алады. Сондықтан құқықтық тұрғыда күмән тудыратын мұндай қолайсыздықтың алдын алу үшін Қазақстан +997 кодын резервке қойып, одан әрі Ресеймен келісімді ретке келтіру бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз", – деді директор.

"Мәселелерді өз бетінше шеше алады"

Ол +997 кодын енгізудің Қазақстанға тиімді жағына тоқталды.

"+7 аймағында Қазақстанға 600-699, 700-799 нөмерлік ресурстары, ал Ресейге 300-399, 400-499, 500-599, 900-999 ресурстары белгіленді. Егер +7 орнына +997 кодына өтер болсақ, барлық нөмерлік ресурс Қазақстанға тиесілі болады. Осылайша, +997 кодына көшу арқылы еліміз байланыс саласындағы мәселелерді өз бетінше шеше алады. Мысалы, цифрландырудағы өзгерістерге сәйкес ұлттық ресурсын өзі үлестіріп, абоненттер мен қызметтер бойынша ұлттық жүйені кеңейте алады", – деді басқарма басшысы.

"Қашанғы Ресейге тәуелді боламыз..."

Гүлнар Бөкеева "жаңа кодты енгізу қолайсыздықтар тудырады" деген сынға да жауап берді.

"Бұған дейін БАҚ-та "Біз неге +7 аймағында Ресеймен біргеміз, неге өзіміз жеке халықаралық код алмаймыз, қашанғы Ресейге тәуелді боламыз" деген пікірлер айтылған еді. Бұл мәселеге қатысты алуан түрлі пікір бар. Сондықтан жоғарыда айтылғандай, 2006 жылы жасалған келісімді нақты, әрі айқын ету үшін өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргіземіз. +997 коды резервке қойылды, оған көшу немесе көшпей осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне байланысты болмақ", – деді департамент директоры.

"Басты принцип"

Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты IT-маман Ерлан Оспан да пікір білдірді.

"Ең алдымен, телефон кодының техникалық мәнін түсініп алсақ. Ол мысалы, шартты түрде – ғарышта ұшып жүрген байланыс спутниктерінде орналасқан елімізге меншікті коммутатордың, модульдің нөмірі болуы мүмкін. Адамзат халықаралық байланысқа көше бастағанда, кейін "қуырдақтың көкесі" болмау үшін, о баста мемлекеттерді дербес санмен нөмірлеу принципін бекітіп қойған. Оған Халықаралық электр байланыс одағы деген ұйым жауап береді. Бұл автомобиль нөмірін беру принципінен аумайды. Басты принцип – екі бірдей нөмірдің болмауы. Полицейге қылмыскер мінген көліктің нөмірі қандай мәлімет берсе, телефон нөмірі де сондай. Сізге хабарласып жатқан адамның ең болмаса қай мемлекеттен қоңырау шалып жатқанын білу маңызды", – деді IT-маман.

Оның айтуынша, аталған халықаралық ұйым 1984 жылы халықаралық код үлестіре бастаған кезде, Қазақстан дербес мемлекет болмаған.

"Алайда нөмір үлестіру – математикалық амал ғана. Сондықтан ұйым кейін мың мемлекет пайда болса да дербес нөмір бәріне жететіндей етіп, нөмір беруді шартты түрде құрлықтар мен аймақтарға бөліп тастады. Совет Одағы үшін +7 нөмірі берілді де, ыдыраған соң ол нөмір Ресейдің еншісіне тиді. Ал тәуелсіз Қазақстан болса, баяғыда бекітілген кестенің "Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия" деген кестесіне – "9-аймаққа" топ ете қалды. Осылайша, +7 аймағында тек Ресей мен мойындалмаған Абхазия қалды. Халықаралық келісімдер бойынша, Ресей – Совет Одағының жалғыз мұрагері екенін еске салғым келеді", – деді Ерлан Оспан.

"Техника рухани сусындайтын зат емес"

 Ол +7 кодынан айырылғысы келмей, "жеті саны – қазақ үшін киелі, сондықтан жармастық!" деген сөзге қатысты өз ойын айтты.

"Бұл сөз – техника мамандарының істен гөрі, рухани мәселелермен айналысқанын көрсетеді. Техника –  символикалық мән беріп, рухани сусындайтын зат емес. Ол үшін кітап, домбыра деген сияқты дүниелер бар. Техника күндіз-түні қалтқысыз жұмыс істеуі керек, болды. Байланыс саласына тиімділігін айту үшін – бізге қазір тұрған коммутация жүйесінің маркасынан бастап, жұмыс алгоритміне дейін білу керек", - деді IT-маман.

Ерлан Оспан жаңа кодты ауыстыру бағытында жасалатын болжалды жұмыстар мен шығынды бірінші болып Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялауы тиіс екенін атап өтті.

"Айталық, меніңше бұл программалық әрекет қана, сондықтан елдің аузынан жыратындай қаржы кетеді деп ойламаймын. Әрине, бұған да жемқорлар килікпесе", – деді маман ағынан жарылып.

"Халыққа түсіндіру" жұмыстары

Оның пікірінше, код ауыстыру – қымбат шара емес.

"Маған менің түйсігім мұны әншейін ғана қайта программалай қоятын іс екеніне меңзейді. Менен мысалы, бұл шараға 30 млн теңге сұраса – бермес едім. Меніңше, бағасы белгілі бола қалған жағдайда, оның басым бөлігі техникалық шығын емес, айталық – шетелдік миссияларды хабардар ету, мемлекеттік ведомстволардың нөмірін өзара синхрондау, халыққа түсіндіру сияқты – мағынасыз ақпараттандыру жұмыстарының шығыны болар еді. Ал біздің елде "халыққа түсіндіру" жұмыстарының кей-кейде сол түсіндірілетін заттың өзінен 10 есе қымбат болып шығатынын сіз тамаша білесіз. Бәрібір министрлік нақты сома айтып, нақты қадам жасамай, біз қазір еш тұжырым жасай алмаймыз", – деді Ерлан Оспан.

"Елде бұданда өзекті мәселелер бар"

"Қазақстан интернет қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабировтың айтуынша, қазіргі таңда телефон кодын ауыстырудың керегі жоқ.

"Коронавирус пандемиясы кезінде телефон кодын ауыстыруда қандайда бір қажеттілік бар деп айта алмаймын. Себебі, бұдан да өзекті проблемалар бар. Оларды шешудің орнына біз телефон кодын ауыстырып жатырмыз. Мысалы, АҚШ пен Канада және Кариб бассейні елдері ұзақ уақыт бойы +1 телефон пайдаланып жүр. Оларда барлығы жақсы. Бұрын Кеңес Одағы елдерінің ішінде Қазақстан мен Ресей +7 телефон кодын қолдануда. Оны өзгертсек, ауқымды жұмыс жүргізу қажет", – деді Шавкат Сабиров.

Ол бұл өзгеріс қарапайым абонеттер үшін ыңғайсыз болатынын айтады.

"Енді +7 кодын пайдаланып жүргендер телефондарындағы барлық нөмірдің кодын +997-ге өзгертуі керек. Менің ойымша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мұндай шешім қабылдамас бұрын қоғамның пікірін білу керек еді", – деп түйіндеді сөзін "Қазақстан интернет қауымдастығының" президенті.

Айта кетейік, ЦДИАӨМ жаңа кодқа көшу үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейтінін атап өткен. +997 телефон кодын пайдалану 2023 жылғы қаңтардан басталады, ал 2025 жылға дейін екі код (+7, +997 коды) бірге қолданылады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу