"Адамдар банктен алған қарызды тойға жұмсайды"

7289

 Үкімет барлық борышкердің қарызын қайтарып, несиесін өтеуге міндетті емес.

"Адамдар банктен алған қарызды тойға жұмсайды"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға қатысты жарлыққа қол қойды. Сол-ақ екен ел арасын "Несиені төлемей-ақ қоюға болады" деген алып-қашпа сөз кезіп кетті. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін  inbusiness.kz тілшісі экономист Мақсат Халыққа хабарласып, жедел сұхбат алды.

– Бұл Президенттің жарлығына дейін шешімін табуға тиіс іс еді. Мәселені Ұлттық банк шешпеген соң, Президентке араласуға тура келді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаржыгерлер мен экономистер мәселені төтесінен қойып, дабыл қақты. Сол кездің өзінде бұл мәселе өзекті болып тұрды. Бірақ сала мамандарын ешкім тыңдаған жоқ. Бұл іске тікелей Президенттің араласуы мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр.

– Халық: "Үкімет несиені жауып береді екен" деп даурығып жатыр ғой...

– Бұл – қате түсінік.  Үкімет барлық борышкердің қарызын қайтарып, несиесін өтеуге міндетті емес. Себебі қарыз алған адам банк немесе микрокредиттік ұйым алдындағы жауапкершілігінен жалтармауы керек. Біз нарықтық, экономикалық қоғамда өмір сүреміз. Әр адам қарызын қайтаруға, несиесін өтеуге тиіс.

Президенттің жарлығында барлық адамдардың емес, несиелік міндеттемесін орындай алмай отырған әлеуметтің осал тобына жататын азаматтардың кепілсіз тұтыну несиесін өтеу туралы сөз қозғалған. Сондықтан бұл топқа жатпайтын азаматтар қарыздарын несие кестесіне сай қайтарулары тиіс. Ал көпбалалы отбасылардың, мүгедек балалары бар отбасылардың, асыраушысынан айырылған отбасылардың, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың және жетім балалардың жөні бөлек.

Бұған дейін микрокредиттік ұйымдар халықты алдап келді. Олардың халықтан заңсыз алған ақшаларын қайтартқан дұрыс. Микрокредиттік ұйымдар күні бүгінге дейін талай адамды тақырға отырғызды.

 – Осыны біліп отырған Ұлттық банктің микрокредиттік ұйымдарды тезге салуға шамасы жетпей ме?

– Ұлттық банк бірінші кезекте екінші деңгейлі банктердің жұмысын реттейді. Қаржы ретттеушісі микрокредиттік ұйымдарды да назарда ұстайды. Бірақ микрокредиттік ұйымдар әділет басқармасына кәсіпкер ретінде, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеледі. Өкінішке қарай олардың жұмысына Ұлттық банк тікелей араласа алмайды.

– Сонда микрокредиттік ұйымдар кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа қызмет түрімен айналыса бере ме?

– Олар тіркелген кезде атқаратын жұмыстарын "басқа да қызметтер" деп заңдастырып алады. Сөйтеді де ашықтан-ашық несие таратумен айналысады.

– Сіз айтып отырған дүниені Ұлттық банк біліп отыр ғой, неге шара қолданбайды?

– Ұлттық банк қол қусырып отыр деуге болмайды. Былтыр қаржы реттеушісі микрокредиттік ұйымдарға қатысты заң жобасын қабылдады. Заңнамада микрокредиттік ұйымдардың жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін 100 пайыздан асырмау мәселесі нақтыланды. Бұған дейін микрокредиттік ұйымдар борышкерлердің қарызына күніне 2-2,5 пайыз қосып, жылына 700-900 пайыз пайда көріп отырды. Бүгінгі таңда заңнаманың талабын орындап отырған және орындамай отырған микрокредиттік ұйымдар бар. Оларға алданған азаматтар құқықтарын сот арқылы қорғай алады. Несиенің жабылғанына 3 жылдан артық уақыт өтпеген болса, артық алынған пайыздық мөлшерлемені кез келген уақытта даулау мүмкіндігі бар.

 Президенттің жарлығында мерзімі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздарына айыппұл есептеуге тыйым салынатыны нақтыланған. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Дәл осылай ерекшелемей-ақ қоюға болатын еді. Әлеуметтік тұрмысы төмен адамдардың барлық несиесінің үстіне қосылған айыппұл алынып тасталса, осы санаттағы адамдар бір серпіліп қалушы еді. Дегенмен Қазақстан халқының басым бөлігі кепілсіз тұтынушылық қарыз алады. Негізінен адамдар банктен алған қарызды тойға жұмсайды.

– Екінші деңгейлі банктер мен микрокредитік ұйымдар кісі үстінен күн көріп, пайызбен, айыппұлмен, өсімпұлмен табыс табады. Президент жоғарыдағы қаржы институттарына жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздарына айыппұл есептеуге тыйым салды. Қалай ойлайсыз, банктер мен микрокредитік ұйымдар тығырыққа тірелмей ме?

– Президент өзінің жарлығы арқылы несие нарығын ретке келтіруді көздеді деп ойлаймын. Байқаған боларсыз, жарлықта "табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу" қажеттігі айтылған. Бұл ретсіз берілетін несиелерге тосқауыл қою деген сөз.

– Ретсіз берілетін несие дейсіз бе?

– Иә, тұтынушының төлем қабілетін ескермей ұсынылатын несие.

 – Сонда қалай, бізде төлем қабілеті жоқ адамдарға несие беріле ме?  

 – Бұған дейін болған, 2006 жылдары орын алған жағдай. Бірқатар банктер осының салдарынан банкрот болды. Мұның түп-тамыры Альянс банктен басталады.

 – Президенттің шешімі халыққа пайдалы ғой...

– Әрине, бірақ бұл бастама жүзеге қалай асырылады, мені сол қызықтырады. Әйтпесе бізде небір бағдарламалар мен жобалар нәтижесіз аяқталып жүр ғой. Мысалы таяуда ғана қоғамда үлкен резонас тудырған көпбалалы аналар мәселесі, оларға төленетін әлеуметтік жәрдемақы жайы. Осыған қатысты асыра сілтеудің неше атасын естідік қой. Бұл жобада да сондай болмаса, әлеуметтің осал тобына жататын адамдар үкіметке несиесін өтету үшін сарсаңға салынбаса, оларды зыр жүгіртіп, діңкелетпесе, қағазбастылық болмаса екен деймін.

–  Әңгімеңізге рахмет 

Сұхбаттасқан Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу