АХҚО мен KASE бәсекелесуі мүмкін

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
7696

Қазір айналымда жүрген мемлекеттік құнды қағаздардың 0,8%-ы ғана Қазақстан қор биржасының үлесінде.

АХҚО мен KASE бәсекелесуі мүмкін

Келесі жылдан бастап қаржы министрлігі қор нарығындағы активтер мен құнды қағаздарды "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңдарына орналастыруды бастайды. Уақыт өте келе Қазақстан қор биржасындағы (KASE) активтер АХҚО-ға көшірілуі мүмкін. Осылай болған жағдайда KASE қазіргі әлеуетінен айырылып қалуы ғажап емес.

Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары Андрей  Цалюк АХҚО мен KASE бір-біріне кедергі келтіреді деген ой оғаш екенін алға тартады.

"Ішкі нарықтың инвестициялық мүмкіндігі мен импорттық инвестицияны екі бағытта дамыту әлемдік тәжірибеде өзін-өзі ақтаған тәсіл екенін ескерсек, АХҚО мен KASE бәсекелес емес", – деді Андрей  Цалюк.   

Оның сөзінше, жалпы айналымда жүрген мемлекеттік құнды қағаздардың 0,8%-ы ғана Қазақстан қор биржасының үлесінде.

"Осыған дейін қор биржасына қатысуға тек банктер ғана ықылас танытып келді. Ұлттық компаниялардың акциясын биржаға орналастыру соңғы 3-4 жылдың көлемінде ғана басталды. Бұл  жерде мемлекеттің үлесі мен мүддесі басым болғандықтан, асығыстыққа жол беруге болмайды. Компаниялардың акциясын биржаға орналастыруда сыртқы  фактордың ықпалын қаперге алу керек", – деді ол.

Андрей Цалюк KASE алаңындағы құнды қағаздарды АХҚО-ға ауыстырған кезде қаржы нарығында қиындық туатынынын, алайда бұл қиындық қазіргі жағдайды бастан аяқ төңкеріп тастамайтынын айтты.

"Құнды қағаздарды АХҚО-ға ішкі нарыққа  кері әсерін тигізбейтіндей етіп  орналастыру үшін KASE-нің осыған дейінгі тәжірибесі назарға алынуы керек. Сәйкесінше құнды қағаздарды екі биржаға да автоматты түрде орналасу мүмкіндігін сақтап қалу қажет. Басқаша айтқанда қай биржада сауда жасау тиімді екенін эмитенттің өзі таңдауы тиіс. Құнды қағаздарды депозитарлы жүйеде де, биржада да саудалау мүмкіндігін қарастырған дұрыс. Яғни екі биржа бір мезгілде тиімді жұмыс істейтін механизм ойлап табу керек. Сонда олар бір-біріне дем беріп, жақсы жұмыс істейді", – деді Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары.

Нарықтық кеңістігі мен тұтынушылары қалыптасып үлгермеген Қазақстанға екі биржа артық болады деген ұстанымға Андрей  Цалюктің жауабы дайын екен.

"Бұл – қате пікір. АХҚО-ның басты мақсаты елімізге шетелдік инвестор тарту. Бұл жерде сауда доллармен және шетелдің басқа валюталарымен жүреді. Жергілікті инвесторларға локальды түрде теңгемен жұмыс  істеу мүмкіндігі берілген. Бір мезгілде екі бағытта жұмыс істейтін биржа ашу тәжірибесі кең таралмаған, сондықтан оның тәуекелі жоғары. KASE-ге АХҚО-мен қатар жұмыс істеу мотивация береді. Биыл шетелдік валюта нарығында орталықтандырылған контрагентті  айналымға жібереміз. Бұл ішкі және сыртқы нарықта өтімді қаржы құралы. Сондай-ақ клирингтің бірыңғай лимитиндегі сервис аясын кеңейту жоспарда бар", – деді Қазақстан қор биржасының өкілі. 

Андрей  Цалюктің пікірі KASE ұстанымы екені белгілі. Сондықтан біз сарапшыларды  сөйлеткенді жөн көрдік.

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рахым Ошақбаев эмитенттердің басым көпшілігі АХҚО-ға сенім артатынын айтты.

"Астана қаржы орталығының жарнамасы жақсы. Ол қызметіне кірісе салып, нақты нәтиже көрсетеді деуден аулақпыз, дегенмен үлкен жауапкершілік арқалап, белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде эмитенттердің бетін өзіне бұрып жатқаны рас", – деді экономист.

Оның сөзінше АХҚО KASE-ге бәсекелес болатыны белгілі. Қазір қор нарығы ұлттық компаниялар активтерін қай биржаға салатынын күтіп отыр.

"Ұлттық компаниялар АХҚО-ға басымдық берсе, KASE-нің бәсі төмендейді. Беделін бекемдеу үшін KASE қор нарығындағы белсенділігін арттыруға тиіс. KASE басшысы Алина Алдамбергенге қиын міндет жүктеліп тұр. Ол Қазақстан қор биржасын Алматыда сақтап қалу үшін аянбай еңбек етуін жалғастыруы керек", – деді Рақым Ошақбаев.

Public Policy Research Center-дің жетекшісі Меруерт Махмутова осыған дейін Қазақстанның экономикасы қор нарығының дамуына перманентті түрде шектеу қойып келгенін айтты.

"Біздің елдегі ірі компаниялардың барлығында халықаралық нарық капиталынан жеке-дара қарыз алу мүмкіндігі болды. 2002 жылдан бастап әртүрлі деңгейдегі квазисекторлы институттар пайда бола бастады. Мемлекеттің оларға бюджет есебінен миллиардтаған қаржы беруі де осы жылдардан басталды. Бұл фактор құнды қағаз нарығына кері әсер етті.

Қаржы дағдарысы кезінде банктер үшін негізгі инвестиция қор нарығы емес,  Ұлттық қор болды. Осының салдарынан мемлекеттік және шетелдік компаниялардың қор нарығына шығу қажеттілігі төмендеді. Сондықтан шетелдік эмитенттер үшін Қазақстанның қор нарығы тартымсыз болып келді", – деді Меруерт Махмутова.

Ол 2008 жылы Алматыда  қаржы орталығын ашу кезіндегі дайындық жұмыстарын еске түсірді. Сол кезде жаңа орталық шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарын елге тартады, олардың үлесі 5-10% болады деген үміт басым болыпты. Бірақ Алматыдағы қор биржасы жоғарыдағы көрсеткішке қол жеткізе алмапты.  

"АХҚО мен KASE-нің қайсы басым екені алдағы 3 жылдың қорытындысында белгілі болады деп ойлаймыз. Бұл жерде жеңістің  формуласы айқын әрі қарапайым. Табыс болса, инвестор болады", – деп қорытты ойын Меруерт Махмутова.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу