Әйелдер өздері қалаған сыйлықты өзгеге сыйлайды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
10989

Қазақстандағы әйелдердің басым бөлігі 8 наурыз күні қалаған сыйлықтарын алатындарына сенбейді.

Әйелдер өздері қалаған сыйлықты өзгеге сыйлайды

Көктем келгеннен бері ер адамдардың барлығы қыз-келіншектер мен аналар 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнінде қандай сыйлық алғысы келеді деген сұраққа бас қатырып жүр. Балабақшадағы батырлар аналары мен қарындастарына қағаздан жасалған гүл сыйлап, концерт қойып, мәселені шешіп алды. Мектеп оқушылары мен студенттер сыныптастары мен курстастарына мерекелік дастархан жайып үлгерді. Ал қыз-келіншектермен бір мекемеде жұмыс істейтін азаматтар әріптестерін бүгін құттықтайды. Десекте әйел заты өзінің сүйіктісінен, жарынан, ағасынан, інісінен, әкесінен ерекше сыйлық күтеді. Ол қандай сыйлық? Бұл сұраққа Алматыдағы ACT Kazakhstan маркетингтік-зерттеу компаниясы жауап берді.

Компанияның зерттеуінше, еліміздегі қыз-келіншектер мен аналардың басым бөлігі, яғни 61%-ы мерекені үйлерінде қарсы алады. 9%-ы дәмханалар мен мейрамханаларда атап өтеді. Ал 6%-ы мереке күні қонаққа баруды жоспарлап қойған.

Әйелдер қауымының 36%-ы сыйлыққа гүл алғанды қалайды. 16%-ы қандай сыйлық алғылары келетінін білмейтін болса, 14%-ы ешкімнен, ешқандай сыйлық күтпейді. Қыз-келіншектер мен аналардың 13%-ы ең бастысы сыйлық емес, мейірім мен махаббат деп есептейді. Ал Алматының әр оныншы әйелі сыйлыққа иіс су немесе әшекей бұйым алғысы келеді.

Әйелдердің 47%-ы 8 наурыз күні өздеріне қандай ерекше сыйлық ұсынылғанын естеріне түсіре алмаған. 15%-ы ерекше сыйлық ретінде әшекей бұйым, ал 10%-ы гүл алғанын айтқан.

Респонденттердің 92%-ы мереке күні сыйлық алумен шектелмей, өздері де сыйлық сыйлайтындарын тілге тиек еткен. Олардың ішінде 61%-ы - гүл, 9%-ы - ақша, 7%-ы - әшекей бұйым сыйлауды жоспарлап отырғанын жеткізген. Сыйлықтардың арасында сұлулық салоны мен мейрамханалардың сертификаттары, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ және киім-кешек болатыны нақтыланған.  

Қазақстандықтардың 19%-ы сыйлық алуға 5-10 мың, 17%-ы 30-45 мың теңге жұмсауды жоспарлап отыр екен. Жалпы алғанда Алматы қаласының әр екінші тұрғыны мереке күні 20 мың теңге шығындайтын көрінеді.

Астанадағы "Делойт" компаниясының зерттеуінше, әрбір тоғызыншы қазақстандық жақын туыстарын 8 наурыз күнімен құттықтап, сыйлық сыйлауды көздеп отыр. Орташа есеппен алғанда ел азаматтары мереке күні 28 мың теңге жұмсайды. Әр 10 қазақстандықтың екеуі сыйлықты онлайн-дүкеннен алады, ал алтауы әріптестерін мерекелік дастархан басында немесе мейрамханада құттықтайды.

Зерттеу қорытындысы адамдардың 90%-ы-гүл, 29%-ы-тәтті, 19%-ы-косметика мен парфюмерия сыйлауды, ал  33%-ы мерекелік дастархан ұйымдастыруды жоспарлап қойғанын көрсетті. Халықаралық әйелдер күнінде сыйлық күтетіндердің 37%-ы - саяхатқа шығуды, 33%-ы-гүл, 28%-ы-әшекей бұйым, 22%-ы- сұлулық салонының сертификатын алуды қалайтыны белгілі болған.

Әр 10 әйелдің тоғызы басқа әйелдерге сыйлық беру туралы шешім қабылдаған. Бір қызығы, әйелдер сыйлыққа не алғысы келсе, сол сыйлықты біреуге сыйлайтындығы және Қазақстандағы әйелдердің басым бөлігі 8 наурыз күні қалаған сыйлықтарын алатындарына сенбейтіні анықталған.

Яндекс сарапшылары қазақстандықтардың мереке қарсаңында интернет-дүкендер арқылы жасаған  төлемдерін талдаған. 1-5 наурыз аралығында яндекс-касса арқылы смартфондар, тұрмыстық техника, іш киім, кәдесый, косметика мен парфюмерия, кітап, азық-түлік себеті, кәмпит, спорт тауарлары сондай-ақ әшекей бұйымдар сатып алынған. Нәтижесінде биыл орташа чек 23 346 теңгені құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 19 577 теңгеге тең болған.

Сыйлық алған адамдар орта есеппен әшекей бұйымдарға - 52 319, смартфондар мен тұрмыстық техникаға - 36 848, косметика мен парфюмерияға - 24 809, спорт тауарларына - 20 927, кәдесыйларға-19 690, азық-түлік себетіне - 19 521, іш киімге - 8664, кітаптарға – 3375 теңге жұмсаған.

Дәл қазір Алматыдағы гүл сататын дүкендердің иелері алақандарын ысқылап отыр. Олардың сөзінше, мереке қарсаңында және мереке күні гүл саудасынан бір жылдық табыс бір-ақ түсуі мүмкін. Көңіл қынжылтарлығы, сатылатын гүлдің 30%-ы өз еліміздікі, 70%-ы шетелдікі екен.

Жылыжайда гүл өсіріп сатумен айналысатын кәсіпкер Вячеслав Бурыкин елімізге жыл сайын сырттан 154 млн доллардың гүлі келетінін айтты.

"Біз Эквадор, Колумбия, Бельгия, Ресей, Қытай, Түркия, Италия, Израиль Өзбекстан мемлекеттерінің импортерлерімен бәсекелесіп жүрміз. Егер елімізде жылыжайда гүл өсірушілердің саны артса, сырттан келетін гүлге тосқауыл қоюшы едік. Өкінішке қарай, әзірше бұлай болмай тұр", – деді Вячеслав Бурыкин.

Оның сөзінше, Қазақстанда Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында гүл саудасы жақсы жүреді.

Вячеслав Бурыкин алыпсатарлар жайлы да сөз қозғады. Ол гүл саудасымен  заңсыз, құжатсыз, рұқсатсыз айналысатындар бағаны тым шарықтатып жіберетінін баяндады.

Айтпақшы алматылық полицейлер өткен айда рұқсат етілмеген жерлерде гүл сатқан адамдарды әкімшілік жазаға тартатындарын жариялады.

Бұл туралы Алматы қалалық ІІД жанынан құрылған жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Байкенов: "Біздің қызметкерлер 8 наурыз күні рұқсат етілмеген жерлерде гүл саудасымен айналысқан адамдарды әкімшілік кодекстің 204 бабы бойынша жауапкершілікке тартады. Ал әкімдіктен рұқсат алып, гүл саудасымен заң аясында айналысқан адамдар мазаланбайды", – деді.

Наурыз айының алғашқы онкүндігінде Mon Amie, "Французский Дом" сынды парфюмериялық дүкендер желісінде 50%-дық жеңілдік жарияланды. Содан бері аталған дүкендерде аяқ алып жүру мүмкін емес. Ұзын-сонар кезек. Адамдар парфюмерия мен косметиканы жеңілдікпен алып қалуға тырысып жатыр.

Назар аударарлық тағы бір мәселе, Алматы мен Астананың айтулы мейрамханаларында ертеңге орын жоқ. Тапсырыс алдын ала беріліп қойған.  Айтпақшы  Алматыда да, Астанада да торт пен шокаладтың бағасы 1000 теңгеге қымбаттаған. 

Затымыз әйел болған соң, бізде сыйлық күтіп жүрміз. Бүгін, ертең алып қалармыз деген үміт сәулесі маздап тұр. Сіз ше, сізде сыйлық күтіп жүрсіз бе?  

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу