Айтматов ардақтаған Алпысбай

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8021

Кеңістікті образға айналдырған суреткер жайлы бір үзік сыр. 

Айтматов ардақтаған Алпысбай

Ол өмірге өнердің көзімен қарайды. Сезінгенін сезімнің сүзгісінен өткізіп, көргенін сөзбен емес, суретпен сипаттайды. Ол адамзат атаулының жан дүниесіндегі нәзік қалтарыстарды ақ қағазға алғаусыз ақтарады. Қуаныш пен қайғыны, жеңіс пен жеңілісті, дәстүр мен ғұрыпты жалқының емес, жалпының атынан жариялайды. Осы арқылы халқын, салтын дәріптеп, ұлтын ұлықтайды.

Ол деп жұмбақтап отырған кейіпкеріміз Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі, қылқалам шебері – Алпысбай Қазығұлов.

Күні бүгінге дейін Ресейде, Жапонияда, Нидерландыда, Бельгияда, Кытайда, Түркияда, Ұлыбританияда өткен сурет көрмелері мен симпозиумдарына қатысып, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан азамат елімізде бір емес, бірнеше жеке көрме өткізген. Оның жұмыстары елорданың Қазіргі заманғы өнер музейінің, бұрынғы Президент мәдениет орталығының, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің және отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлердің көркемдік топтамасына енген.

Суретшінің майлы бояумен кенепке салған "Аламан" атты картинасы аламан бәйгенің психологиялық характерін ашуға арналған. Көмбеге жүйрік аттардың қайсысы жетері белгісіз кездегі шабандоздардың әрі-сәрі көңіл күйінен хабар беретін картинада сюжеттің шиеленісуі мен кульминациясы бір линияға ұштастырылған. Картина көрушіге психологиялық ерекше әсер етеді. Туынды көрерменді барлық параметрлер бойынша ынтықтырып қоятынымен де табындырады. Қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін суретшімен бірге қиялыңмен де, ойыңмен де табуға кірісе бастайсың. Картинаның құдіретілігі сол болар, аламан бәйгенің көмбесінде өз жүйрігін көруге асығып тұрған көмбешінің күйін кешіп кетесің. Ұзақ шабыстан көмбеге жүйрігің шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келсе, қайтемін деп тағы бір алаңдап аласың. Ондайда рух беріп, қиқулап, көм­­беден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесуге дайындаласың. Иә, картина сені осындай әрі-сәрі күйге алма кезек түсіретінімен баурап алады.

Ұлттық ерекшеліктер табиғатын жете түсінетін суретші бұл картинада қоңыр түсті көбірек қолданғаны да сәтті шыққан. Қоңыр тірлік пен қоңыр мінезді өмірінің өзегіне айналдырған қазақ халқының ұлттық ойынын жазу процесінде суретшінің түс таңдаудағы бұл қадамы да картинаға келісті иірім беріп тұрғаны – дәлелдеуді керек етпейтін фактор.

"Қазақтың Гүлфайрусы" деген картинасында автордың халқымыздың атақты суретші қызының табиғат аясындағы портретін ашу барысында дұрыс творчестволық шешім қабылдағаны сүйсінтеді. Жалпы бейнелеу өнеріндегі ең басты екі компонент кеңістік пен түс екенін ескерсек, қылқалам шеберінің Гүлфайрустың образын үш кеңістік пен түстердің сан алуандылығы арқылы ашуы портрет жанрындағы жаңалық деп айтуға әбден болады.

Біріншіден, картинада жақын, орта және алыс кеңістікті беру арқылы автор өз кейіпкері диапозының кеңдігін көрсете алған. Айтары жоқ, сәтті шешім. Туынды авторы осы арқылы образды айшықтаудың жаңа жолын тапқанына еріксіз риза боласың.

Екіншіден,  автор түстердің әр алуандығын үйлесімді пайдалана отырып образдың ішкі жан дүниесін әдемі аша білген. Портрет жанрында жазылған бұл картинада сары түстің молынан пайдалануының символикалық мәніне тоқтамай кетуге болмайды. Бұл оптимизмге толы жылы, жеңіл, жарқын түс кейіпкердің характерін аша түседі. Бұл кейіпкердің картинадағы қуатты қозғалысымен және қуанышты сәтімен шынайы қабысады. Түс және динамика арқылы Гүлфайрустың мағыналы да ғұмырлы өмірі осылайша әдемі өрілген. Картинада сары түстің үйлесімділікпен қызғылт сары түске ұласуында да творчестволық тапқырлық жатыр. Автор осы арқылы әдемі өмір сүрген позитивті кейіпкерінің өмірде кездескен қиындықтарды да қайсарлықпен жеңе білген адам екенін анық ұғындырады.

Абстракционизм және сюрреализм стилінде жұмыс істейтін суретші 2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін Еуропалық өнер одағының Масарик атындағы құрметті сыйлығына қол жеткізді. 2013 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды. Ал 2018 жылы "Парасат" орденімен марапатталды.

2007 жылы  қылқалам иесінің "Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме" атты альбомы жарық көрді. Түркияда басылған туындыға жазған алғысөзінде әйгілі жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов: "Алпысбай Қазығұловтың буырқанған бояуларға толы туындыларын осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың картиналары мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.  

Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар "модернистік" формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіспеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан сауалдар. Тек өнер ғана осындай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда, шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады", – деп баға берген.

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу